• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:52:09
Алматы
+12°

14 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

Қанды ажырасу...

Әйеліңді ұрдың не, жол ережесін бұздың не – жазасы бірдей.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Қазақстан ажырасу бойынша әлемнің алдыңғы қатарында. Қаңтар-қыркүйек аралығында 12,4 мың ажырасу тіркелген. Бұл статистиканың сыртында қанмен қол қойылған ажырасудың аз емес екені анық.

Соңғы жылдары күйеуі әйелін ұрып өлтірген, не әйелі ерін пышақтаған қылмыстық істер көбейіп барады. Статистика зорлық-зомбылық саны жыл сайын азаюда дейді, бірақ мұндай жаңалықтар өмірде керісінше, көбейіп барады.

Адвокат Жанна Мухамадидің сөзінше, 2017 жылы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыс санатынан алынып, әкімшілік кодекске ауыстырылды. Осылайша, заң шығарушы орган әйелді қасақана ұруды бейне бір жол ережесін бұзумен теңестіріп қойды.

– Содан бері отбасындағы зорлық-зомбылық белең алып кетті. Қазір бізде ескерту түріндегі жауапкершілік бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер көбіне арыз жазбайды. Себебі сот ары кетсе әкімшілік жазаға тартады, ескерту жасайды, не 15 күнге қамайды. Бар болғаны сол, дейді адвокат.

Ажырасып жатқандардың басым көпшілігі жастар. Бірақ қылмыс көбіне бір шаңырақ астында 10 жылдан артық тұрған ерлі зайыптылардың арасында болып жатады. Тату-тәтті тұрған шаңырақтың құлауына не себеп? Осы және өзге де сұрақтарды Qamshy.kz психолог Серікгүл Сәлиге жолдады.

– 10 жылдан астам уақыт бірге тұрса да, олар ешқашан тату болмаған. Ажырасумен аяқталған некені ешқашан тату-тәтті тұрған отбасы деп есептемейміз. Олар басқа бір құндылықтарды мақсат тұтып, тістеніп, шыдап келген адамдар. Бала үшін, не материалдық игіліктер үшін, жалғыздықтан қорыққаннан төзгендер. Орта жастың депрессиясы деуге келмейді мұны. Менің айтарым, екі ересек адамның арасындағы жанжал – соғысқа парапар. Ол соғыстың ең ушыққан сәті – өш алу,  ұрып-соғу, титығына тию сияқты іс-әрекеттер – құштарлыққа айналып кеткен. Ал құштарлық тек өсе береді де, оның соңы өлімге жеткізеді. Зорлық-зомбылық қарапайым нұқып қалу, сөзбен түйіп, қолмен тиісіп қалу сияқты ұсақ-түйектен басталады. Бірі титыққа тиетін сөз айтса, екіншісі соған тең деңгейде ащы жауап беруге шамасы жетпесе, күш қолданады. Осылай он шақты жыл бірге өмір сүріп келсе, іштегі әлгі құштарлық «не өлтіремін, не ерлікпен қаза табамын» деумен тынады, дейді С.Сәли.

– Бала үшін тұрып жатырмыз деген сылтау ма? Сөйткен баланы бауыздап, биіктіктен тастап өлтіріп жатқандар да бар. Некені сақтап қалуда баланың рөлі қандай және өш алу мақсатында неге баланы өлтіреді?

– Сылтау. Бұл тек иллюзия. Некеде баланың рөлін түсінетін деңгейге әлі қоғам жеткен жоқ. Некенің құндылығын толық түсінбей, ерлі зайыптылар баланы ортаға салады. Бала некеге дәнекер емес, керісінше бақыт, махаббат сияқты сезімдерді бере отырып ізін жалғастыруға қалдыратын болашақтағы ұрпағы. Ұрпақ деген – мендегі құндылықтарды менен асып түсіп жалғаушы. Ал қоғамның баланы не әйелді ұруды норма деп қабылдау себебі, өздері отбасында соны көріп өскен. Ондай іс-әрекетті жасағандар аяушылық, өкініш дегенді сезінбейді. Өзі де бұрын жәбірленгендіктен, кейін өз шаңырағында да мұны нормаға енгізуге тырысады. Сондықтан біздің психологиялық күйіміз осыны норма деп қабылдап тұрғанын ұғуымыз керек. 

Ажырасу да таңдау. Көпшіліктің тарапынан бұл ұят деген ұғымға байлануы мүмкін. Әр жағдай өз алдына бөлек қарастырылады. Бастысы, ажырасуға қанмен қол қойылмаса. Қылмыс қашан да қылмыс болып қала береді. Әлеуметтік жағдайы, білімі не шені адамға қорған емес.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір