• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 20:10:55
Алматы
+12°

Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына  бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Бұл туралы бүгін мәжіліс отырысында депутат Нартай Аралбайұлы хабарлады. 

"Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік", дейді депутат. 

Сондай-ақ депутат министрліктің 180 спорт түріне қыруар қаржы бөліп отырғанына наразы. 

"Тек 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не үшін бюджеттен ақша бөліп отыр? Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт  түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде Пенчак силат, Спорттық балық аулау, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Унифайт, Черлидинг дегендер жүр. Бұл   атауларды бұрын естігендер бар ма өзі? Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, спорт на пилоне деген. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайсыздар", деп мәлімдеді Нартай Аралбайұлы. 

Өз сауалында депутат министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл түрде қысқартуды ұсынды. 

"Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей   жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек", деп ұсынды ол. 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір