• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 17:21:21
Алматы
+12°

05 Қараша, 2023 Экономика

Жалақы жетпейді. 90-шы жылдарға ораламыз ба?

Қазақстанның барлық мектептерінде қаржылық сауат сабақтары оқытылатын болды. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың халықтың шамадан тыс көп несие алуына қарсы ойлап тапқан ұсынысы осы.

Фото ғаламтор желісінен алынды

Жуырда Жамаубаев баяндағандай, қазір ЖОО студенттері үшін қаржылық сауаттылық курстарын енгізу пысықталып жатыр және оқушылар үшін де арнайы курс әзірленуде.

Бірақ үкімет бір нәрсені білмейді.

Немесе білсе де, білмегендей кейіп танытады. Қазақтың не себепті несие ала беретінін.

Халық кредитті қаржылық сауатының аздығынан емес, табысының төмендігінен алады.

Бұл ойымызды қаржы саласындағы қазақ журналисі Ербол Азанбек қоштайды екен:

– Халықтың басындағы кредит мәселесін бұрыннан зерттеп, қарап жүрген адам ретінде айтарым, қазақстандықтардың қарыз бен кредитке ұрынуына қаржылық сауаттың төмендігі, қаржы ұйымдарының несиені оңай беретіні себеп емес. Әрине, әсері бар, бірақ негізгі әсер етуші күш бұл емес. Адамды кредит алуға жетелейтін ең басты себеп – табыстың төмендігі. Ақша жетпейді. Сосын адам ақшаны қарызға алады. Қаржылық сауатты мың жерден оқытып, несиені бермеңдер деп шектеп тастасаң да, ақшаға зәру бар адам бәрібір қарыз алатын жер іздейді. 90-шы жылдардағыдай пайызға қарыз беретіндер қайта қаптайды онда. Ең алдымен, халықтың табысын, жалақысын көтеру керек. Бізде керісінше, кедейлікті емес, қаржылық сауатты бірінші орынға шығарып отыр, – дейді ол.

Ақшаға мұқтаждықтан халық қаржы пирамидаларына да ұрынуда. Мәселен, қаржы пирамидаларына көбіне оқу ақысын төлей алмай қалған студенттер, зейнетақысы өте төмен зейнеткерлер, жалақысы өміріне жетпей жүргендер көп алданады.

Жақында ғана бір отбасындағы ерлі-зайыптының «Елімай – 2019» қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 3 жылдың ішінде салымшыларын алдап, 1,5 млрд теңгені заңсыз иеленгені анықталды. Оған да талай адам несие алып тұрып ақша салған.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір