• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 17:21:16
Алматы
+12°

20 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Кім айтты, кредитті кедейлер ғана алады деп?

Қазір Қазақстанда 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екенін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мойындады. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыздың көлемі – шамамен 1,4 триллион теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын төлей алмай отыр.

Сурет ашық дереккөзден алынды

Бұл – елімізде несие мен қарыз проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.

Үкімет енді елде онлайн несие беруге тыйым салмақ. Бірақ одан халықтың жағдайы жақсарып кетер ме екен?

Үкіметтегілер бір нәрсені білмейді. Қымбатшылықтың салдарынан көптеген отбасылар қазір жалақысын жеткізе алмай, онлайн несие алуға мәжбүр. Несиені алатын адамның бәрі кедей емес.

«Несиені неге алады», деген түпкі мәселені қарастырудың орнына үкіметке «қаржы ұйымдарының халыққа несие беруіне тыйым салу керек» деп байбалам салу оңай.

– Біріншіден, 8,4 миллион адам не себептен несие алды, деген мәселені қарау керек. Егер ипотека, үй салу үшін алған болса – бұл жақсы қарыз болып есептеледі. Ал несиені бей-берекет, киім-кешекке алса, онда дабыл қағуға болады.

«Онлайн несие беруді» тоқтату – кедейшіліктен құтқаратын жол емес. Кедейшіліктен тек қана адамдардың жеткілікті табысы ғана құтқарады. Ол үшін адамдарда ақысы жақсы төленетін жұмыс болуы керек. Әрбір азаматтың, отбасының табысы өмір сүруіне жеткілікті болуы тиіс. Халықтың табысы тәуір, азық-түлік бағасы төмен болса, несиені бей-берекет алуға ұмтылмайды. Онлайн несиеге тыйым салу кедейліктен құтқарудың кішкене бір бөлігі ғана. Негізгі жұмыс – халықтың табысын арттырып, инфляцияны төмендету. Азық-түлік қымбат болып тұрып, халықтың табысы көтерілсе де, бәрібір халық сол табысын ұстап тұра алмайды, – дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Негізі, онлайн несиенің орнына, займ, микрокредит беретін ұйымдарды жабу керек, дейді Алматы тұрғыны Жанат Иса.

– Онлайн берілетін микрозаймдар халықты әбден тоздыруда. Банктегі кредитін жабамын деп, оңай берілетін онлайн займның құрығына түсіп, қиын жағдайға түскендер өте көп. Мұнда әрине, алғаны үшін тұтынушының өзі кінәлі боп шығады. Онлайн займ берумен айналысатын микроұйымдардың көбі шетелдікі, – деген ойын айтты.

Ал қоғам белсендісі Тұрдыбек Құрметхан: «Адамның кредитін жауып, ұпай жинамай банктің кредиттік жүйесін реттеген абзал» дейді.

– Бaнктен несие аласыз, ай сайын кесте бойынша өтейсіз. 6 айдан кейін не 1,2 жылдан кейін несиеңізді бір жола жабайын десеңіз алған қарызыңыз мұрты қисаймаған күйінде тұр. Неге?
Себебі сіздің ай сайынғы құйған ақшаңыздың 20-25 пайызы ғана негізгі қарызыңыздың жауып, 70-75 пайызы өсімді жабуға кетіп отырған. Негізгі қарыз азаймаған соң өсім де кеміп жарытпайды. Өтеу әдісін тең бөліп төлеу десеңіз де 50 пайызы ғана негізгі төлемді жабуға жұмсалады. Сондықтан алған ақшаңызды бірнеше еселеп қайтарасыз. Бұл тұтынушылық, авто несие, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген ипотека болсын бәріндегі ортақ мәселе.
Тіпті Отбасы деген банкке жылдар бойы қаржы үнемдеп депозит құясыз. 3 немесе 5 жыл болғанда үй алайын дейсіз. Үйдің бағасы қымбаттап кетіп бастағы мөлшерлеген қаржыңыз жетпейді. Сонда да ақша тауып үйдің 50 пайызына жеткізесіз. Бірақ бастағы жоспарлаған қаржыңыздан үй бағасы асып кеткеніне байланысты ОП дегені түсіп кетеді. Енді ОП 16-ға жеткенше сіз банктен алған 50 пайыз несиеңізге де, алған қарызығызға да өсім жүреді. Кредитті өтеу әдісіне тек аннуитет әдісті таңдатып осы аралық мерзімде құйған ақшаңызды 80 пайызға жуығы тек өсімге жұмсалады. Яғни сіз өзіңіз жылдар бойы жинған 50 пайыз ақшаңыз үшін неше ай бойы банкке өсім төлеп жүресіз.
Сондықтан бір бөлім адамның кредитін жауып, ұпай жинамай банктің кредиттік жүйесін реттеген абзал. Жылдық тиімділік мөлшерлемені 30 пайыздан асырмай, несиені өтеу кестесінде ай сайынғы төлемнің 70-80 пайызын негізгі қарызды өтеу үшін жұмсауды нақты заң бойынша бекіту керек, – деген ұсынысын білдірді.

 Ұзын сөздің қысқасы, «кредит бермесе, айлықты көбейтсін. Ешкім еріккеннен несие рәсімдемейді. Халық расында бір несиесін төлей алмай қалған жағдайда екіншісін алу арқылы амалдайды. Несиеге тыйым емес, нақты көмек жасап, халықтың жағдайын жақсарып, тұрақтандыруға күш салу керек еді ғой, негізі.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір