• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:31:18
Алматы
+7°

17 Қазан, 2023 Сұхбат

Тілеухан Әбілдаев: МӘМС жекенің жинағы емес, елдің ортақ шоты

Өткен аптада Qamshy.kz «Пайдасынан зияны көп МӘМС жүйесін жойсақ қайтеді?» атты мақала жариялаған болатын. Сол материалға орай, МСҚ Алматы қалалық филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевпен алған сұхбатымызды ұсынамыз.

ғаламтор желісінен алынды

– Тілеухан мырза, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері көп уақыт өтті, бірақ ол әлі күнге дейін халықтың көңілінен шықпай келеді. Себеп неде?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің толыққанды іске қосылғанына биыл төртінші жыл. Осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігін дәлелдеді. МӘМС-тің арқасында халыққа миллиардтаған сомаға медициналық қызмет көрсетіліп жатыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Біреу дәрігерге мүлдем қаралмауы мүмкін, ал біреуге 4-5 млн теңгенің операциясы қажет болуы мүмкін. Бірақ сіз дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз, төлеген ақша жоғалып кетпейді. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан басқа отандастарымызды емдеуге жұмсалады.

Мемлекет тегін медициналық көмек пакетіне 1 трлн теңгеге жуық қаржы бөледі. Бұл ЖІӨ-нің 4 пайызына да жетпейді. Мысалы, Өзбекстанда денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 6 пайызы бөлінеді. Бұл медицинаның жыртығын жамауға жеткіліксіз. Сақтандыруды денсаулық саласына қосылған қосымша қаржы деп қарастырған дұрыс. Ол ұлт саулығын жақсартуға бағытталған. Мысалы, науқасқа операция жасау керек, бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен төленеді. Ал егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция біз жоғарыда айтып өткен тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде тегін жасалады.

Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандыру пакетіне енгізілген. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс. Мысалы, биылғы жылдың бірінші жартысында МСҚ Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 79,2 млрд теңге төледі. Соның ішінде, консультативтік-диагностикалық қызметтерге 14,6 млрд теңге жұмсалды. Әсіресе, компьютерлік томография мен магнитті-резонанстық томографияға (КТ/МРТ) деген сұраныс жоғары. Алты айда Алматы қаласында жалпы сомасы 890,5 млн теңгені құрайтын 46 мыңнан астам КТ жасалған. 33 мыңнан астам МРТ жасалды, оған 542 млн. теңге бөлінді.

Сонымен қатар онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6,4 мың позитронды-эмиссиондық томография жасалған, оған 2,2 млрд теңгеден астам қаржы төленді.

Медицинада жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляциялардың алатын орны ерекше.  Биылғы жылдың 6 айында Алматы қаласында осындай оталарға 11,7 млрд теңге жұмсалды.

Күн сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, т.б. профильдер бойынша жүздеген операциялар жасалып жатыр. Осындай бір ғана отаның құны орташа алғанда бірнеше миллионды құрайды. Мысалы, 2023 жылдың 6 айында Алматы қаласында 5 218 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 5,6 млрд теңге төленген. Сонымен қатар, 2 млрд теңгеге 1 760 нейрохирургиялық ота жасалды.  

34 бүйрек алмастырылды. Жалпы, Алматы қаласында бірінші жарты жылда 25,5 млрд теңгеге 53 800 ота жасалды. Мұны да МӘМС жүйесінің игілігі ретінде қарастырған абзал. Шын мәнінде, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, осынша қызметті тегін пайдаланып отыр.

– Халықтың табысына қарай, МӘМС-ке белгілі бір пайыз ақша аударады. Аударымды белгілі бір нақты сома қылып өзгертуге болмай ма? Мәселен, барлық қызметкер 3000-4000 теңге ғана төлеп отырса?

– АҚШ, Германия сияқты елдерде жарна көлемі табыстың 10-20 процентіне дейін жетіп жығылады. Бізде жұмыскерлер айлықтан 2 процент, жұмыс беруші өз қалтасынан әр жұмысшы үшін 3 процент аударады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын 3500 теңге төлейді. Яғни, бір жылда олар 42 000 теңге төлейді. Егер біз әр адамды өзінің жинақтаған қаражатына ғана емдейтін болсақ, оның жинаған ақшасы ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 100 мың теңге, босандыру 82 мың теңге, аортокоронарлық шунттау кем дегенде 3 млн теңге тұрады. Яғни, біреу дәрігерге мүлде қаралмауы мүмкін, ал біреуге 4-5 млн теңгенің операциясын жасау қажет болуы мүмкін.  Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал, ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады.

Тағы бір ескеретін мәселе, сіз дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз, төлеген ақша жоғалып кетті деген сөз емес. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан басқа отандастарымызды емдеуге жұмсалады. Қазақстанда белгіленген сақтандыру жарналарының мөлшері қолжетімді деп айтуға болады.

– Халық емханаға барғанда талонмен күту, база істемей қалу секілді мәселелер көп туындайтындықтан, жеке емханаларға баратынын айтады.

– Мұндай шағымдар бар және олар медициналық қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Мысалы, біздің филиал бір жылда медициналық көмек, оның сапасына қатысты 5 мыңға жуық шағымды қарайды. Медициналық сақтандыру қоры халықпен кері байланысқа ерекше мән береді. Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, телеграмдағы Saqtandyry-бот, fms.kz сайты, 1414 бірыңғай байланыс орталығы бар, сол арқылы арыз-шағым тастауға болады. Түскен шағымның бәрі міндетті түрде қаралады. Қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп жазған емдеу мекемелеріне түрлі айыппұлдар қарастырылған.

Әр емханада пациенттерді қолдау қызметі бар. Құқығы аяқ-асты болған пациент мәселесін емханадан шықпай, сол қызметке жүгіну арқылы шеше алады. Егер мәселе сол жерде шешілмесе, қордың жоғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы өтінім қалдыра аласыз.

– Бір оқырманымыз жеке шаруашылықта жұмыс істейді. Ол медсақтандыруға ешқандай ақы төлемеген. Бірақ ауырғанда «Жедел жәрдем» келіп, «сақтандыруың жоқ» деп кетіп қалған. Бұған не айтасыз?

– 2020 жылдан бері жоспарлы медициналық көмек қана емес, сақтандырылған тұрғындарға көрсетілетін шұғыл медициналық көмек те МӘМС арқылы қаржыландырыла бастады. Ал, сақтандырылмаған азаматтарға шұғыл көмек бұрынғыша, мемлекет тарапынан бөлінетін тегін медициналық көмек пакеті арқылы көрсетіледі. Яғни, сақтандырылмаған пациент өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін шұғыл жағдайларда жедел жәрдемге қоңырау шалып, қажетті көмекке жүгіне алады. Шұғыл жағдайларда диагноз қою үшін тиісті тексерулер де тегін жасалуы тиіс.

– Алдағы уақытта Медициналық сақтандыру жүйесінде өзгерістер бола ма?

– Келесі жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) алынып тасталады. БЖТ әуелде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 5 жылға (2019 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін) уақытша енгізілген болатын. Төлемнің бұл түрін жеке қосалқы шаруашылық өнімдерін сататын және жеке тұлғаларға қызметтер көрсететін, жылдық табысы 1175 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын азаматтар, жұмыссыздар, бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерді алғысы келген жүкті әйелдер пайдаланып келді.

Бірыңғай жиынтық төлем республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары үшін бір айлық есептік көрсеткіш көлемін және басқа елді мекендердің азаматтары үшін 0,5 АЕК құрайды. Яғни, БЖТ мөлшері тиісінше 3 450 теңге және 1725 теңге. Бұған дейін БЖТ төлеп келген азаматтар 2024 жылдан бастап сақтандыру жүйесіне дербес төлеуші ретінде қатысады. Төлем сомасы ең төменгі жалақының 5 процентін құрайды. (2023 жылы – 3500 теңге).

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір