• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 14:04:47
Алматы
+12°

12 Қазан, 2023 Саясат

Митингіні Әбілязовтің айтағы емес, халықтың қауқары белгілейді

Әлеуметтік желіде Қазақстанның ірі қалаларында митингке шақыратын видеолар тарап жатыр. Республика күні, 25 қазанда шығыңдар деген үндеу тасталды.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Қаралы қаңтардан бері тыныш отыр едік. Билікке үнімізді жеткізудің жалғыз жолы осы деп қолпаштап отырғандар да табылып жатыр. Баяғы шаршамайтын Мұхтар Әблязов. Ал Қазақстанда баға шарықтап барады. Өлместің қамын көріп жүрген халық әрең отыр. Өзі жоқ, көзі жоқ «тақырбас көсемге» қарамай, әркім өз мұң-мұқтажымен алаңға шықпасына еш кепілдік жоқ.

Qamshy.kz саясаткерлерге сұрау салды.

Әйнек сынбаса, қолдаймын!

– Көпшілікті көтерудің екі бағыты бар: бірі – революция, олар бәрін қиратады. Ұйымдастырушылардың өзін ұрып, өлтіріп кетуі мүмкін, бір сөзбен айтқанда – тобыр. Екіншісі, кез келген митинг саяси тәсіл ретінде саяси мақсатта пайдаланылады. Бірақ оның жүгін көтеретін партия, не қозғаушы күш болуы керек. Өзі шығарған халықты ұстап тұратын күші болуы керек, әйтпесе «чем хуже, тем лучше» деген ұстаныммен еркіне жібере салуға болмайды. Егер саяси тәсіл ретінде бәрін бір қолда ұстап, дер кезінде тоқтата аламыз, кешке бәрін тарата аламыз десе, ешқандай шөп жапырылмай, әйнек сынбаса, қолдаймын!

Көшеге шығарып алып, аяғы қырғын тәртіпсіздікке әкелсе, онда бастағанға заң алдында жауап беруге тура келеді. Саясаткер ретінде біз де талай митингті пайдаландық, бірақ біз бәрін өз уысымызда ұстап тұрдық. Ондайға шамаң келмей ме, бұл арандатушылық. 25-і күні өтетін митинг Жаңаөзендегі, қаңтардағы бас көтеруге ұласып кетуі әбден мүмкін. Себебі – ел басындағылар билікті бергісі келмейді, заңмен болсын, заңсыз жолмен болсын. Халықтың мұң-мұқтажын олар біледі. 1937-ші жылдардағыдай Сталин білмейді, мына жерде репрессия болып жатыр дейтіндей емес. Билік осы ұстаныммен отыр. Кеңес өкіметінен келе жатқан стратегия, ешнәрсе өзгермеді. Митингтен басқа жалғыз жол – саяси күш құру. Ол саяси топ, не партия болуы керек. Жекелеген біреулер, Арман Шораев, Ринат Зайытов, Мұхтар Тайжан мықты екен деген нәрсе болмауы тиіс. Бұл жолдан өткенбіз. Саяси топ не саяси күш керек! Қалыптасқан топ саяси мақсат құрады, жүйені ауыстырады, солай әділетті сайлауға келуіміз мүмкін. Мәселе оларды тіркеу-тіркемегенде емес, бастысы, бастарының бірігуі, – дейді саясаткер Дос Көшім

Тоқаевтың кредиті таусылып бара ма? 

– Қазіргі қоғамдық-саяси жағдайымыз тұрақты. Митингке көп адам жиналады деп ойламаймын. Себебі ұйымдастырушы топтың өзі белгісіз, мақсаты айқын емес. Бүкіл елге танымал көшбасшы жоқ. Осыны ұйымдастырып жүрген шетелдегі қашқын Әблязов мырзаның халық алдында әкетіп бара жатқан беделі де жоқ. Шетелде отырып алып, халықты заңсыз митингке шақыруының өзі адамшылыққа да, заңға да қайшы. Қаңтар қайталана қоймас. Бірақ халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашарлап жатқаны, наразылықтың өршіп келе жатқаны рас.

Тоқаевтың кредиттік лимиті бар, оның қашанға дейін жететіні белгісіз. Бірақ алты ай, бір жылдың шамасында нақты өзгеріс болмаса, кредиті бітеді. Сонда қаңтар қайталануы әбден мүмкін. Бұл митинг талаптарының арасына утиль алымын жоюды қосқан екен. Бұл таза популизм. Утиль алымы – өте күрделі экономикалық мәселе. Мұнымен кәсіби тұрғыда айналысу керек. Соны жасап жатқан біздің топ – «Нет утильсбор!» тобы. Жылдың соңына дейін үкімет құлақ асып, ауыл шаруашылық техникаларына утильді алып тастамаса, біз өз митингімізді өткіземіз. Бірақ ол заңды түрде болады, – дейді саясаткер Санжар Бокаев.

Революция? Біздің елде бәрі мүмкін

– Бұл митингтің авторы Мұхтар Әблязов пен оның жақтасы Барлық Меңдіғазиев. Әлеуметтік желіде: «Барлығымыз біргеміз! Тоқаев жүйесін қуып шығамыз!» деп үндеу салған. Өз басым бұл үлкен дүмпу тудырады деп айта алмаймын. Бұған бірнеше себеп бар. Астана қаласының Есіл соты «Қазақстан демократиялық таңдау» қозғалысын экстремистік ұйым деп шешім шығарған. Артынша елімізде ол кісінің саяси бағыт-бағдарын қолдайтын «Көше партиясын» да теріс деп танып, он мыңдаған адамды әкімшілік жазаға тартты. Онсыз да біріге алмай жүрген топты ыдыратып, қорқытып-үркіту арқылы бөлшектеп жіберді. Бірақ біздің елде бәрі де мүмкін. Осы уақытқа дейін қордаланған мәселелер өршіп, революция тұтануы мүмкін. Ескі кадрлар, өзгермеген жүйе, әділетсіз саясатпен бұлар жаңа Қазақстан құра алмайды. Тоқаев өзі айтқан “еститін үкімет, әділ жүйе” құруға құлықсыз. Жүйеге қарсы жүйе болуы керек. Авторитарлық, диктаторлық, тоталитарлық жүйені сынаймыз, сынмен бірге ұсыныс жасау қажет. Бұл ретте тәуелсіз бақылаушылар ұйымын айтар едім. Біз дауыстың ұрланбауына, сайлаудың әділ өтуі үшін жұмыс істеп жүрміз, – деді «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымының төрағасы Бесжан Төлеубекұлы.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір