09 Қазан, 2023 Барлық аймақтар
Хиджаб, никаб пен орамалдың арасы алыс
Қазақта хиджаб жоқ, орамал бар. Бірінші кезекте осы терминнің өзін қолданыстан шығаруымыз керек. «Мен хиджаб киемін» деп алып, «Үстіңдегі арабтың киімі» дегенге неге ренжиміз?! Намаздың атауын да ақшам, құптан деп қазақшаладық, бірақ наразылық тудырып жүрген осы сөз бен киімнің мағынасын, талабын ұғынбай еш нәтижеге жете алмаймыз, содан даудың үстінен дау туады.
Фото: ашық дерек көздерінен алынған
Қазақтың киімін кеңестік кезеңде түсірілген фильмдердегі көйлектермен шатастырмау керек. Үстінде жеңі мен етегі ұзын бүрмелі көйлек, кішкене қыз болса, шашында шолпы, тұрмысқа берген қызының басында желек, әжесінде кимешек болған. Жаңа қабылдаған заңда мәселе бастағы бүркелгенде емес, түпкі санадағы діни түсінікпен күресуді көздеген. Бірақ діни сауаты аз адамдар Құдайға сенімінен жік-жікке бөлінген екі тарапты шатастырып алуы әбден мүмкін.
Қ.Тоқаев мектептегі орамал төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірген соң ендігі кезекте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзі талқыға түсіп жатыр. Қоғамдық орындарда хиджаб кимеңдер деген талабының артында не жатыр?
"Дін мәселесі өзекті бола бастады. Мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздығында. Дәстүрлі емес діни ағымдардың дәстүрлі ағымдармен қатар қаншалықты белсенді жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан министрлік үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл деструктивті материалдарды анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге тәулік бойы мониторинг жүргізілді. 1 қаңтардан қыркүйектің соңына дейін терроризм мен діни экстремизмді насихаттау қағидаттарын қамтитын 14 860 материал анықталды", – деді Балаева.
Ол бұл іске теологтар, жұртшылық, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар тартылады деп уәде берді. Еліміздің дін туралы заңы да өзгереді. Ол қатайтылуы мүмкін. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда хиджаб киюге тыйым салынады.
"Ең болмағанда қоғамдық орындарда. Мен бұл тәжірибені бүкіл әлемде көріп жүрмін. Өйткені бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қоғамдық орындарда бетін бөлек жауып тұрған жерді тану өте қиын. Бұл тағы да бірге зерттелетін болады. "Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, осы бағытта заңнамалық нормаларды қатайтуға күш саламыз", – деді министр.
Бірінші кезекте жалпы тараптан алсақ, қоғамдық орында ашық жүруді талап ету көп наразылыққа әкелуі мүмкін. Діни шарт бойынша, керісінше әйел адам үйінде қалаған киімін киіп, сыртқа шыққанда оранады. Бұндай талаппен диструктивті ағымдағыларды тыя алмаймыз. Дәстүрлі бағыттағы орамал тағатын қыздарға кесіріміз тиіп кетеді. Көпшілік екі тараптың айырмашылығын сырттай ұғына алмайды. Бұл жерде хиджаб емес, никаб деп бетті тұмшалау екенін анық айту керек еді. Заңды жүзеге асырамын деп қоғамдағы әр адам ұмтылып, қарапайым қыздарымыздың басынан орамалды жұлып алмасына кім кепіл? Діни жағдай асқынған шет елдерде қыз балалар көшеде еркін жүре алмайтын деңгейге жеткен.
Осы сөзімізге дәлел болатын жағдай өзге емес, мәжілісте болған. Жиналыстан шыққан депутат Айгүл Құспанға сұрақ қойған журналист «Саляфит емессіз бе?» деп оғаш сұрақпен тарпа бас салған. Мешітке барғанда таққан қою көк түсті орамалын меңзеп, діни ұстанымына шек келтірген. Депутатқа осылай шабуыл жасағанда, қарапайым қыздардың жайы не болмақ?
– Қазақтың жас қыздары мини юбка, жыртық джинсы кимеген, наркотик тартпаған. Кей адамдар білсе де, білмесе де саляфит деп айта салады. Біреудің жанына, жүрегіне кіріп-шыға алмайсыз. Бұның бәрі халық арасына іріткі салады. Бас басымызбен бөлініп кетсек, сырттан келген жау бір күнде ала салады. Кимешек пен орамалда қиындық жоқ. Мәселе қоғамдық диалогта, тазалықта. Арғы апа-әжелеріміз кимешек киген, балиғат жасына толған қыздар орамал таққан, – деп жауап қайырған депутат тілшінің қитұрқы әр сұрағына діни орта мен қарапайым адамдар арасын бөлмеуді, қылмыс пен зорлық-зомбылық екі тарап өкілдерінен де шығып жатқанын айтты.
Хиджаб деген – бүркену. Бұл тарапқа кең, ұзын киім киетін, орамалдағы қыздар да кіріп кетеді. Қарапайым жеңі ұзын киімдегі қыздарды тек орамал тағады деп айта аламыз. Ал орамалды қазақта болмады деп жоққа шығара алмаймыз. ҚР Конституциясында: «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс», деп жазылған.
Мейлі, қысқа кисін, мейлі етегі ұзын болсын – бұл әр адамның өз еркі! Киім діндарлықтың сырт көрінісі, ал біз ішкі көрінісі – теріс ұстанымдармен күресуіміз қажет!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір