• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:30:27
Алматы
+7°

09 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Пайдасынан зияны көп МӘМС жүйесін жойсақ қайтеді?

МӘМС жүйесіне көпшілік әу бастан қарсы болған. Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң алғаш 2017 жылдың 1 шілдесінде қабылданып, күшіне енген. Заңға сәйкес, сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді.

Фото ашық дереккөздерден алынды

Алайда содан бері МӘМС даудан арылмай келеді.

«Әкем талай жылдан бері ауырып жүр. Күннен күнге сабын сияқты еріп барады көз алдымызда. Ресми түрде жұмыс істемейді. Қарағандыдағы мемлекеттік емханаға диагнозын білуге барсақ, дәрігерлер тексеріс жасаудан бас тартты. Қабылдамайды. Себебі, медсақтандыруы жоқ. Жекеменшік емханаларға барып қаралайық десек, расымен әлеуметтік тұрғыдан жағдайымыз жоқ. Бұл менің ғана емес, тағы да жағдайы жетпейтін әр қазақстандықтың проблемасы. МӘМС-тің өзі 3,5 миллион адамның сақтандыруы жоқ дейді. Демек, оларға өле қал дегені. Медсақтандыруы болмаса, адам өлуі керек пе? Ең болмаса, менің сақтандыруым әкеме неге жарамайды? Президенттің дені сау ұлт деген бағдарламасы қайда?» дейді Диана Сапарқызы есімді әйел.

Елімізде медсақтандырудың салдарынан ем ала алмай, әуре-сарсаңға түсіп жүргендердің қарасы шынымен көп. Жұмыссыздар түгілі, жұмыс істеп жүргендердің өзі МӘМС-тен көмек ала алмай келеді. Медицина жұмысы жүйеге дұрыс қойылмаған, емделуге барсаң, дәрігерді орнынан таппай қаласың. Қысқасы, халықтың айлығынан екі пайызын қырқып отыратын жүйемен емделу оңайға соғып тұрған жоқ.

Qamshy.kz МСҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевқа жүгінді. Оның сөзінше, «жұмыссыз азаматтар тек «ресми жұмыссыз» ретінде тіркелген жағдайда ғана МӘМС арқылы тегін ем ала алады.

– Шын мәнінде, бұл бір өңір деңгейінде емес, республика деңгейінде шешуді қажет ететін үлкен әлеуметтік мәселе. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондықтан азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту мәселесінің маңызы өте зор. Сақтандырудың толыққанды енгізілгеніне биыл төртінші жыл. Соған қарамастан, бүгінгі күні еліміз бойынша 3,3 миллион адам жүйеден тыс қалып отыр. Оның 400 мыңы – алматылықтар. Олардың арасында атына уақтылы жарна аударылмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер, бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер бар. Сақтандырылмағандардың басым бөлігі – МӘМС жүйесіне бір де бір рет жарна аудармағандар. Мысалы, 297 мыңы 18 бен 45 жас аралығындағы еңбекке жарамды азаматтар. Оларды қала экономикасына тарту қажет. Олар еш жерде жұмыс істемейді, яғни, әлеуметтік жағынан қорғалмаған деген сөз. 

Дәл осы санатпен жұмыс істеу қажет. Жұмысқа орналастырып, қайта оқу курстарымен қамтып дегендей. Мысалы, бізде әртүрлі мемлекеттік еңбекпен қамту бағдарламалары бар, соларға тарту қажет жастарды. 

Сақтандырылмағандар тізімінде 29 жасқа толмаған 100 мыңнан астам адам бар. Оларды да жастарға арналған еңбекпен қамту бағдарламаларына тартсақ, жақсы болар еді.

Біреу жұмыс таппай жұмыссыз жүреді, біреу денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Жұмысқа жарамайтын, бірақ мүгедектік ала алмай жүргендер бар. Оларды Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ресми тіркеуге қойса, олар үшін жарнаны мемлекет аударар еді, – дейді Тілеухан Әбілдаев.

 

Талонмен кезекке тұрудың тиімсіздігі

Халық ай сайын жаппай ақша аударғанымен, МӘМС-тің көмегіне жүгінбейтіндер де бар.  бермейді. «Осы уақытқа дейін МӘМС-тің еш пайдасын көрмей келемін. Не үшін, неге ұстап жатқанын түсінгеніммен, бәрібір ақылы емделіп жүрміз емес пе?» дейді таңғалған кейіппен Азат Елемесов есімді оқырманымыз.

МӘМС арқылы тегін емделу үшін квота қажет. Ал квотаны алу үшін 2-3 айдай күтуге тура келеді. Портал арқылы медициналық мекемелерде тегін емделу де оңайға соқпайды. Мемлекеттік емханаларда емделу үшін де бір ай бұрын кезекке жазылып, талон алу керек. Бірақ ешкім дәрігерге көріну үшін талон алуым керек деп күтіп отырмайды. Талонмен кезек күткеннің өзінде дәрігерлердің «базаға тіркеу, базадан іздеу» секілді жұмыстары көп уақытты алады. Сол себепті, амалсыздан ақылы емнің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Ақылы емнің құны да, дәрілердің бағасы да аспандап тұр.

Күнде жұмыста жүретін, қолы босай бермейтіндердің талонмен кезекке жазылып емделуге уақыты жоқ. Емханадан еміңді алып, қаралу үшін жұмыстан қайта-қайта сұрануың керек. Медициналық сақтандыруы бола тұра, оның пайдасын көре алмағандардың қаржысы қайда кетеді? МӘМС жүйесі науқастың тиімді кезек алуына жағдай жасауға құлықсыз, «сен тимесең, мен тимен» дегеннің кері секілді. Бұл не өзі, салық па, бизнес пе, деген ойға салады. Түптің түбінде медициналық сақтандыру қорының қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей ме деген күдік те жоқ емес.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір