04 Қазан, 2023 Әлеумет
Сәләфиттер мәселесі Мәжіліске жетті
Қазақ ұлтының түбіне жетпей тұрғанда тоқтату керек.
Айгүл Тұрысбекова
Парламент мәжілісінде бірден екі депутат Ислам дінін жамылған жат ағым жайында дабыл қақты.
Ермұрат Бапи өзінің депутаттық сауалында теріс діни үрдістің саяси сипат алып бара жатқанынан алаңдайтынын жеткізді. Оның сөзінше, халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс діни топ жанталасып, қоғамға жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын жасауда.
– Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер, депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз! Біз мыңжылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз! Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек!
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірінде исламдық секта етек жайып барады. Шағын бизнес, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар, салафизм идеясына табынушылар басып барады. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік биліктің өз ішінде де уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті. Егер осы сөз қаңқу емес, нақты жағдай осылай болса, онда біздің тәуелсіз мемлекеттігімізге шынында да қатер төнгені.
«Ескі Қазақстан» бұл қатердің шоғын үрлей түсуде. Қазақтың ұлттық дамуына қатерлі уахабизм идеясын халықтың біраз бөлігіне сіңірген «ескі режим» елді әлеуметтік топтарға бөлу арқылы өзінің жеке дара билігін мейілінше ұзақ сақтауды көкседі. Оның қанды нәтижесін Қаңтар оқиғасы кезінде көрдік. Үкімет қалыптасқан күрделі жағдайды түйсініп отыр ма? Қоғамның діни негізде бөлшектену қаупіне қарсы іс-қимыл жоспары бар ма? 12 жыл бұрын – 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қоғамдық қажеттілігін көтеретін кез келген жоқ па? Біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, ұлт бірлігі мен мемлекеттің тұрақты даму жағдайын сақтауға Үкімет пен Парламент мүдделі болуы керек деп есептейміз, – деді Ермұрат Бапи.
Діни радикализмге қатаң тыйым салатын кез жетті деп, «Ақ жол» фракциясы мүшелерінің атынан депутат Қазыбек Иса да премьер-министр мен ҰҚК комитеті төрағасына сауал тастады:
2011 жылы бұл мәселені барлық министрлік пен Бас прокуратура мен Жоғары сот та қолдағанда тек Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарсы шығып, осы тыйым салу заңға енбей қалды. "Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ, Ел түбіне сол жетер" деп, бір ғасыр бұрын жазған Мәшһүр Жүсіп әулие шынында көреген екен. Мұрты жоқ, тек сақалы сапсиып тұрған Хан Абылайды, Әйтеке, Төле, Қазыбек билерді, Ер Махамбет, Ұлы Абай, Жамбыл, Әлихандарды елестете аламыз ба?! Шетелде оқып келген теріс ағымды «ұстаздар» осы ұлыларымыздан артық, ақылы асып, білімі тасып келгендер ме?
Қазір ән әлемінде, айтыста, спортта да тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері дінді жамылып алып, әріптестері мен әнсүйер, жанкүйерлеріне өз «салттарын» кіргізіп жатыр.
Өткен 30 жылдық теріс саясат қазақтың «нұр» деген жалынды сөзін жағымсыз сөзге айналдырса, теріс діни ағымдар тіпті, ең қымбат, ана деген аяулы атпен қатар аталатын «Шеше» деген қастерлі атауға қара күйе жағып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымның мәнін құртты.
Діни теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз-ақ мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін елге қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр. Дінге, тілге, жерге қарсы елбұзар теріс ағымдардың бәріне заңмен тосқауыл қойылуы тиіс!
Ел үшін ең қымбат ұлтқа, адам үшін ең аяулы әке-шешеге, қазаққа ең адал домбыраға қарсы харам пиғылдылардың еркін тарап жатқан Ел түбіне жетер вирусын шұғыл заңмен тоқтататын кез жетті! Бұдан кейін кеш болады, – деді Қазыбек Иса.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір