• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:19:45
Алматы
+12°

26 Қыркүйек, 2023 Әлеумет

Биыл 16 мыңнан астам қазақ қандас мәртебесін алды

1991 жылдан бері елге 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралған.

kaztag.kz

2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 16 026 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,2 мың этникалық қазақ оралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,6%) Өзбекстаннан, 19,6% – Қытайдан, 10,9% – Моңғолиядан, 7,8% – Ресейден, 5,9% – Түрікменстаннан және 2,2% басқа елдерден.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 773 қандас қоныс аударды.

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 918 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 493 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 918 адам біржолғы субсидия алды, ал 383 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылды. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда республиканың шет елдердегі мекемелері арқылы этникалық қазақтардан жаңа форматта 2 037 өтініш (681 отбасы) қабылданды.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: қандастар

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір