13 Қыркүйек, 2023 Барлық аймақтар
Фото: ашық дерек көздерінен
Төтенше жағдайлар қызметінің ақпараты бойынша, мамандар жыл басынан бері 150-ден аса адамды таулы аймақтарда құтқарып қалған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте жоғары. Ендеше қауіпті сапарға аттанғандардың жіберген қателіктері мен қандай бұлжытпас заңдылықтарды білу керек?
Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметі жеткізген ақпараты бойынша қыркүйектің онынан он біріне қараған түні Советов шыңында (биіктігі 4317 м) 1990 жылғы қыз адасып кетеді.
Ш.А. есімді қыздың айтуынша тауға үш адам болып шыққан. Сағат 8.00 шамасында Үлкен Алматы көліне көлікпен жетіп, бірден белгіленген бағыт бойынша жүріп кетеді. Үшеуі түскі уақытта таудың етегіндегі жазық далаға келіп тоқтайды. Жол қиындығы осы кезде басталған. Қиыршық тастардан жүріс өнбей, тау жартасына жетуге ұзақ уақыт кетеді.
Кейіпкеріміз оқиғаның мән-жайын былай баяндап берді:
«Шыңға таяғанда күшім таусылып, «Сендер шығып келіңдер, мен күте тұрамын» дедім. Біраз отырып, күш жинаған соң ілесуге тырыстым. Содан олар: «Жалғыз шығу тым қауіпті, күте тұр, қазір көмекке барамыз» деді. Бірақ түсе алмады, арғы беттен қайтып алдымнан шығу керек болатын. Алайда бір-ақ сәтте жайлап кеткен қалың тұманда олар да, мен де адасып кеттік», – дейді.
Сағат кешкі 7:30-да кейіпкеріміз Төтенше жағдайлар қызметінің шұғыл желісіне хабарласуға тырысты. Бірақ тікелей байланысқа шыға алмаған соң, бауырына жазып, шақыруын өтінді. Бұдан кейін телефоны «төтенше жағдай» режиміне түсіп қалды.
Түн ортасында ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел тобы іздеуге шықты. Бір сағаттан кейін құтқарушылар Советов шыңына шығып, іздеуге кірісті, өтініш берушіде де нақты геолокация болған жоқ. Төрт сағат бойы құтқарушылар түнгі уақытта тауда адасқан қызды іздеді. Кәсіпқойлықтарының арқасында келесі күні таңертең 5.16-да қыз табылды. Сағат 7.50-де құтқарушылар РЖҚЖ жедел көлігіне түсірді.
Республикалық жедел құтқару жасағының бөлім басшысы Бауыржан Бахытұлынан құтқару жұмысының қалай өткені, тауға шыққан топтың тарапынан кеткен қателіктер жіберілгені жайында сұрап білдік.
– Іздестірілу жұмысының ұзаққа созылуы геолокацияның жіберілмеуінен екені түсінікті. Бұндай жағдайда тез табылуы үшін не істеуі керек еді?
– Тезірек табылу үшін ең басты және қарапайым нәрсе – қол шамы. Жарық түсіріп отырса, алыстан бірден көзге түседі. Қызыл түсті лазер алса да болады. Дауыстан нақты тұрған орнын айыру қиын, себебі тауда дауыс жаңғырып естіледі. Бұл шыққан топтың қанша дегенмен дайындықтары аз болған. Қажетті құралдары (экипировка) жеткіліксіз. Советов шыңына көтерілу қарапайым адамдар үшін өте ауырға соғады. Осы тауға спорттық аяқ киіммен шығып, мұздықтан түсе алмай қалғандар бар.
– Тауға дайындықтары шамалы деп жатырсыздар? Сапарға шығарда нені ескерген жөн?
– Ең бірінші кезекте аяқ киімді дұрыс таңдау керек. Күнбе-күн барып келемін деп шамалы заттармен шығу үлкен тәуекел. Тауда қонып қалған жағдайда не қажет болуы мүмкін, соны түгел жинақтап алу керек. Жаз болса да, түнгі уақытта салқын болады. Сондықтан міндетті түрде жылы киім, жаңбырдан қорғайтын күртеше, қол шамы мен оған қажетті батарейкалар, телефон қуаттандырғыш, көмек шақырғанда қажетті ысқырғыш пен лазер, бір күндік азық-түлікпен шығыңыздар.
Тау қателіктерді кешірмейді. Биылдың өзінде тауда қайтыс болған адамдар қаншама. Әсіресе қыстыгүні тауда адам мәйітін алып түскен кездеріміз көп болған. Кешқұрым қайтамын деп тауда үш күн қалған оқиғалар да кездесті. Мысалы, Үлкен Алматы көліне бет алған 28 жастағы аустриялық турист Аюсаймен қайтамын деп жазым болады. Аюсай өте қауіпті аймақ саналады. Ең абзалы күн шықпай, жолды бастау, барар тауды, шыңына жетер барлық бағдарларды зерттеп алыңыздар. Күннің батуына қарай есеп жүргізу керек. Қайтуға шекті мөлшер уақыты түскі сағат 3.00. Білместікпен күн тас төбеде тұрғанда жолға шыққандар кешкі уақытқа қалып жатады. Көз байланар тас қараңғыда келген жолын қайта табу қиындайды.
– Бұл аймақтың сейсмикалық жағдайы қандай?
– Жаңбыр жауса, таулы аймақтардың бәрінде сел жүру қаупі туады. Бұл топтың барған жері мұздық еді. Күн ысығанда мұз еріп, үстіндегі тастар құлайды. 112 нөмірінен келетін хабарламаларға ден қойыңыздар! Тауда сел жүріп жатқаны ескертілген.
ТЖМ құтқарушылары еске салады: Тауға жалғыз бармаңыз. Жүретін жолыңызды зерттеп, алдын ала сызып алыңыз да жақындарыңызға көрсетіп, ескерту жасаңыз! Құтқару қызметі сапарды бастап, түс қайта оралуға кеңес береді. Себебі таулы аймақта көбіне күн райы осы уақытта бұзылып, жел күшейе түседі. Тәуекел етіп жолды қысқартпауға және белгісіз жерлермен емес, келген бағыт бойынша қайтуға кеңес береді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір