12 Қыркүйек, 2023 NEWS
«Өкімет өлтірмейді» деген қағида ескірді
Кедейлік шідерін қалай үземіз?!
Фото: Ашық дереккөз
Қара халық қарызға белшеден батты-ау.
Ас-ауқатына дейін кредитке алып, одан бөлек дүкендегі қарыз дәптеріне жазғызып азық-түлік алып жүргендердің қатары көп.
Деректерге жүгінсек, бүгінде жеке және заңды тұлғалардың банк алдындағы борышы 21 трлн теңгеге жеткен. Айлығын шайлығына жеткізе алмайтын елдің қарасы көп.
Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, Қазақстандағы кедейшілік көрсеткіші 15 пайызға жетті. Алайда біздің үкімет бұл деректерді мойындамайды: үкіметке салсаң, елдегі кедейшілік деңгейі 4-5 пайыз.
Қалай десек те, елдің жағдайы мәз емес. Қымбатшылық халықты қос өкпеден қысып барады. Бұқара қауым кедейліктің шідерін қалай үзерін білмей дал.
Ал мұндайда не істеу керек?!
Qamshy-ға пікір білдірген сала мамандарының айтуынша, қазір халыққа ең алдымен «өкімет өлтірмейді» деген қағиданы естен шығару керек.
Нарықтық экономикада мұндай қағида жүрмейді. Әркім өз күнін көруге талпынып, қолынан келгенше кәсіп істеп, үкіметтен сұрамауға тырысуы қажет. Қаржылық сауаттылықты арттырып бір тиынды екі теңге етудің маңызы зор. Қаржыгерлердің байламынша, халық ең алдымен үкіметтен берілетін гранттарды алып қалуға тырысуы керек. Әрине, оларды алу үшін құшақ-құшақ құжат, талай табалдырықты тоздыруға тура келеді. Бірақ осы гранттарды қарапайым халық қалай да иемденуі қажет.
– Бізде мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттар бар. Бизнес жоспарды ұсынып сол гранттарды алып кәсіп бастап жатқандар да бар. Қазір үкіметке сенетін уақыт емес. Кеңес заманында халыққа кеңшілік болды. Мәселен, ол кезеңде ауданның немесе облыстың әкімінде басы артық көлік болса да бірден тексеріліп, партия талқылауына салынып, оның қайдан келгені әбден қазбаланатын. Ол кездегі шенеуніктер басы артық дүниені иемдене алмайтын. Қазір керісінше, үкіметтегі шенеуніктердің шетелде үйлері, оффшорда қаражаты бар, бір емес бірнеше көлігі, бизнесі бар. Ал халық мұның бәрінен жұрдай. Қазақстанның байлығын тек қалталылар иемденіп жатыр. Бізге, қарапайым халыққа сауатты, іскер болатын сәт жетті. Қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Үкімет халыққа «өз күніңді өзің көр» дегенді ашық айта алмаса да, қазіргі жағдай соған әкеле жатыр. Сондықтан болашақта шағын кәсіп ашудың, әр адамның қаржылық сауатты болудың маңызы арта түседі, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
«Бизнеске көп ақша қажет» деген ұғымды бұзу керек...
Қаржыгердің айтуынша, бізде, әсіресе, қазақтарда «бизнес бастау үшін мол қаражат болуы керек» деген түсінік қалыптасқан. Шындап келгенде бизнесте де, күнделікті өмірде де қаржылық сауаттылыққа қатысты жалпыға бірдей бес қағиданы білсе, қолда бар санаулы қаражатпен-ақ кәсіп бастауға да, қарызсыз өмір сүруге дағдылануға да болады. Ол үшін:
- Барлық жерде және әрқашан саудаласуды ережеге айналдырыңыз. Жеңілдік сұраңыз.
- Сатып алатын тауар туралы хабардар болуыңыз керек. Оның қай дүкенде бағасы қандай екенін білген маңызды. Кейде бір затты алып, кейін бір бұрышта оның екі есе арзанға сатылып жатқанын көресің.
- Тауарға қызығушылық танытпаңыз. Жай ғана қарап, сапасын бағалаңыз. Осы арқылы сіз орынсыз қарызға кірмейсіз, қаражатты шашпайсыз.
- Жұрттың көзінше саудаласпаңыз. Көпшілік тұрғанда саудалассаңыз бағаны түсіру мүмкіндігінен автоматты түрде айырыласыз.
- Сіздің тұтынушы ретіндегі құқыңызды кемсітпейтіндігіне көз жеткізіңіз және бір жағдайлар болса тауарды қайтаруға, айырбастауға және кепілдік қызмет көрсетуді талап етуге әрқашан мүмкіндігіңіз бар.
Міне, осы бес қағиданы негізге ала отырып бизнес бастауға да, күнделікті өмірде сауда мәдениетін қалыптастыруға да болады.
Қарапайым идея
Адамға идеяны өмірден алған дұрыс. Мысалы, қазір өндірісті дамыту керектігі жөнінде көп айтылады. Бірақ өндірісті дамыту бір күннің әлегі емес. Оны дамытып, дайын өнімге жету үшін біраз уақыт пен күш кетеді. Осыған байланысты мамандар қолда бар 50-60 мың теңгемен де бизнес бастауға болатынын айтады.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов айтқандай, кішкене дүңгіршекті жалға алу арқылы шаштараз, етікші, нан пісіру кәсібін жандандыруға болады. Онлайн саудаға кірісіп те саудасын дөңгелетіп отырғандар бар. Әлеуметтік желі арқылы сауда жасау тетіктерін меңгеруге болады.
– Алысқа бармай-ақ өзімнің немеремді мысал етсем, менен 50 мың теңге алып бизнес бастады. Ол алдымен базардан арзан футболкалар сатып алды. Сосын ол футболкаға өзі оқитын университеттің логотипін жаздырды да, сондағы студенттерге сата бастады. Қазір ол футболканың қатарына басқа киетін қалпақ, университет логотипі салынған қаламсап, төсбелгі, блокнот қосылды. Осылайша немеремнің сауда айналымы бір жыл үш айдың ішінде 3 млн теңгеге жетті! Бұдан бөлек ауылда зейнеттегі жеңгем бар. Ол кісі қыз жасауын, құрақ көрпелерді тігіп сату арқылы бүкіл отбасын асырап, бизнесін дөңгелетіп отыр. Ауылда жүн тегін, демек, ең басты шикізаты бар. Әрі қарай матасын алады да, тігін машинасына отырып алып, жұмысын жүргізеді. Бір құрақ көрпесін 10-15 мың теңгеден сатады. Қазір ауылдағы төрт әйелді жұмыспен қамтып отыр. Міне, осылай идеяны өмірден алу арқылы да кәсіпті дөңгелетуге болады. Тіпті қолынан ештеңе келмесе де, құрығанда ақшаны сауатты жинау мен жұмсауды үйренуі керек. Артынша қаражат жиналған соң адам кәсіп ашуға өзі де ынталы болады, – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.
Қарызың барда қаражат қалай жиналады?!
Жақсы, мамандар идеяларды айтты делік...
Бірақ біз банкке қарызбыз, дүкендегі қарыз тағы бар. «Сонда өзіміз қарыз бола тұра қаражатты қалай жинаймыз» деген заңды сұрақ туындайтыны һақ.
Мұндайда мамандар қаржы әлемінде тиыннан теңге жасаудың шебері болған қаржыгерлердің тәжірибесін алға тартады. Негізінен ересек адамның ақшаға деген қатынасы оның бала кездегі талабына қарай анықталатыны бүгінде әбден зерттелген. Мысалы, бала айтқаныңды тыңдады ма, жарайсың, міне, саған бір кәмпит. Тыңдамадың ба: шапалақ. Қаржыгерлердің ойынша, ақшаны шашып ұстайтын адам да ата-анасының қалауын орындап, сыйлық алуға құлшынған балаға ұқсайды. Міне, қолындағы ақшаны жұмыс істетуде «шапалақ+сияпат» деген талап қою арқылы биікке шыққандар өте көп. Ол дегеніңіз – ақшаны орынды жұмсаса өзіне сияпат, ал орынсыз жұмсаса жазғыру – шапалақ. Бұл қаржы заңдылығын қазірде бизнесті жаңа бастап жатқан кәсіпкерлер де, қаржыны «қалайда жинаймын» деген қарапайым адамдар да кеңінен қолданады. Бұдан бөлек, қарызың бола тұрса да тапқан табысыңның 10 пайызын қорға жинап үйрену де маңызды.
– Қаражатты басқаруда 10-30-60 қағидасын ұстана білу керек. Жалақы түсті ме, бірден қарызыңыз бола тұрса да 10 пайызын қорға тастаңыз. Қалған 30 пайызы қарызыңызға, коммуналдық төлемге кетсе, 60 пайызын азық-түлікке жеткізуге тура келеді. Киім-кешек алуды қарыздан құтылғанша амалсыз шегере тұрасыз, – дейді қаржыгер Арман Мусин.
Сондай-ақ қаржы саласын зерттеп жүрген мамандар мынадай қарапайым ғана қағидарлар үнемдеуге үйрететінін мысал етті:
- Бірінші, мен әрбір аптаның арнайы бір күнінде дүкеннен ештеңе сатып алмаймын. Дәл сол күні бір теңге де жұмсамауға өзіме уәде беремін. «Көненің көзі – асыл» деген қағиданы берік ұстаймын. Адам ең алдымен осыған өзін үйреткені абзал.
- Іске жарамсыз ескілерді пайдалануды көздеймін. Банктегі қор жинау шотымды өзімнің атыма емес, балаларымның атына ашамын. Сонда оны қайта-қайта алуға мүмкіндігім болмайды.
- Ешқашан қарыз ақша сұрамаймын. Егер де қарыз қатты қажет болса, онда ақша емес, ақшаны қалай көп табу керек екенін білу үшін ақыл-кеңес сұраймын.
«Міне, бастапқыда осы қарапайым қағиданы бойымызға сіңіре білсек, кедейліктің шідерін үзіп, қарыздан құтылуға болады» деседі қаржыгерлер.
P.S. Құрметті оқырман! Біз, «Qamshy» ақпараттық порталы алдағы уақытта да кедейшілік шідерін үзуге, қолда бар ақшаны үнемдеуге қатысты арнайы мақалалар беріп отыруға тырысамыз.
Алтын КҮМІСБЕК
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір