• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:37:40
Алматы
+12°

12 Қыркүйек, 2023 Әлеумет

Балаңыздың цифрлық аутизммен ауыратынын білесіз бе?

Дүниежүзі бойынша аутизм белгісіне шалдыққан сәбилердің қатары жылдан жылға өсіп келеді. Аутизм ауытқуы бар балалар Қазақстанда да аз емес. Бірақ бұл бала дамуындағы ерекшеліктер Қазақстанда толық зерттелмегендіктен, көп ата-аналар өз баласынан аутизм белгісі бар екенін білмеуі де мүмкін. Олай дейтініміз, қазір қоғамда 3-4 жасқа келсе де тілі шықпаған балалар өте көп. Ал мамандар бұл белгіні «кішкентайынан бүлдіршіндердің смартфонға ұзақ телміруі аутизмге әкелуі мүмкін» деп те санайды. Осы орайда, «аутизм белгісі бар» баланың айырмашылығы қандай? Бұл ауытқудан қалай айығуға болады? деген сұрақтар бойынша мамандармен сұхбаттасқан едік.

Сурет ғаламтор желісінен алынды

Соңғы жылдары елімізде бүлдіршіндердің «аутизм» дертіне шалдыққанын жиі еститін болдық. Бүлдіршіндердің тең жартысы туабітті осы дертке шалдықса, бірінде бұл дерт жүре келе пайда болуда. Оның себебін мамандар смартфон, гаджет секілді техникаларға балалардың көп әуестенуімен түсіндіреді.

Статистика бойынша  елімізде аутизм дертіне 150 мыңнан астам бала тіркелген. Ал әлем бойынша сандық аутизмге балалар арасында Жапонияда 55-тен бір, Америка Құрама Штатында 54-тен бір, Оңтүстік Кореяда 38-ден бір, Гонконгта 27-ден бір жағдайға көбейген. Бұл дертке тек балалар ғана емес, ақыл-есі кірген, саналы адамдардың да сандық аутизмге шалдығуы алаңдататарлық мәселеге айналып отыр.

Себебі, қазір айналамызда жұмыс орнында, отырыстарда, көшеде жүрсеңіз де, бірінші назарымыз телефонға шұқшиып отырған адамдарға түседі. Тіпті кейде өз-өзімен күліп, жынды адамша телефоннның алдыда билейтіндерді көргенде басында «мынау не істеп тұр?» деп ойлайтынымыз анық. Ол аздай мектеп оқушылары да кішкентай құрылғының жіпсіз тұтқынына айналған. Оның ішінде бесіктен әлі белі шығып үлгермеген сәбилер де бар. Көп ата-ана баласының телефонмен әуре болып, рухани жан дүниесінің құлдырап, сауаттылықтан, отбасылық құндылықтан алыстатып алғанын сезбейді де. Ал ғаламтор, әлеуметтік желілердегі қажетсіз дүниелер бала түгілі ересектердің санасын улап, сөз байлығын кемітіп, шығармашылық ой-қиялының жетілуіне көп кедергі келтіруде. Мектеп мұғалімдерінің көбінің пікіріне келсек, сабақ арасындағы үзілісісте кейбір оқушылар телефоннан ойын ойнап, соның қызығына кіріп кетеді екен. Сабақ қайта басталғанда ойынның қызығына батқан оқушының есіл-дертінің барлығы виртульды әлемге не болмаса ойынға ауып, түсіндірілген сабақтың ешқайсын қабылдай алмайды. Қабылдағанның өзінде мұғалімнің сұрағына ауызша жауап бере алмайды. Мұндай жаман қасиет бала түгілі ересектер де көп кездеседі.

Мамандардың айтуынша, адам миы үздіксіз ізденісте болмай, тек гаджеттегі қажетсіз ақпараттарға энергиясын жұмсауы арқылы қоғамнан өзін жырақтатып алатын көрінеді. Офтальмолог дәрігер Дариға Төлепбергенова адамның гаджетке тәуелдігінің салдары шынайы қоғамды қажет етпейтіндей жағдайға алып келетінің айтады.

Офтальмолог дәрігер Дариға Төлепбергенова

  • Сандық аутизм баланың гаджетке 2-3 жасынан тәуелді болуы. Бастапқы кезде ол психологиялық тұрғыдан қалыпты дамиды. Бірақ барған сайын ұялы телефонға деген қызығушылығы артып, шынайы достарын виртуалды әлемдегі кейіпкерлерге алмастырады. Осылайша, біртіндеп басқалармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі азаяды. Бала ғаламторда көп уақыт өткізсе, әлеуметтік ортаны, қоғамды қажет етпейді. Ойлау қабілеті дамудың орнына төмендей береді. Кішкентай баланың негізгі қажеттілігі – даму. Баланың ой-қабілеті дамуы үшін физикалық түрде көп қимылдауы, ойнауы керек. Түрлі жағдайларды қиял қабілеті арқылы шығара білгені жөн. Интернет желісін пайдалану арқылы балалар барлық ақпаратты көзбен ғана қабылдайды. Қысқа видеолар көреді. Одан эмоционалды интелект дамымайды, білімге деген құштарлығы төмендейді. Бұлай жалғаса берсе, білімі төмен ұрпаққа әкелуі мүмкін.

Қазір бала түгілі ересек адамның психикасы да төмендеп кетті. Себебі неде? Қазір ересек адамның өзі қанша уақытын телефонда жоғалтып жатқанын байқамайды. Әлеуметтік желіге 1-2 минутқа кіріп, 3-4 сағатын өткізеді.

Телефонға тәуелді не сандық аутизм белгілері бар адам басқалармен қарым-қатынас жасаған кезде қолын ұялы телефонға соза береді. Әңгіме арасында түрлі себептерді сылтау етіп, телефон ақтарып кетеді. сөйлескен кезде адамға тура қарамайды, бар назары әлеуметтік желіде болады. қажеттілігі болмаса да, телефонды бір қосып, бір сөндіріп, әр қосымшаны бір ақтарып өтеді. Ұзақ уақыт телефонда отыратын адамдар толыққанды сөйлемдерді құрастыра алмай қалатын жағдайға жетеді. Қалыпты жағдайда адамдар өздерінің сөйлеу мәнеріне, эмоциясына мән береді. Ал сандық аутизмге шалдыққан адам мұндай әдеттерді жоғалту арқылы эмпатиялық қабілеті жойылады, – дейді.

Смартфон, гаджетке тәуелділік бір жағынан қарағанда қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның ертеңгі салдары ауыр екенін көп адам ескере бермейді. Ал аутизм дертінің алдын алмаса, ертеңгі күні оның салдары қандай болатынын баласы аутизм дертіне шалдыққан ата-аналардың пікірінен білсек болады. Мәселен, AUTISM KAZAKHSTAN Ұлттық Ассоциасының төрайымы, экономика ғылымдарының кандидаты, МВА магистрі және ерекше баланың анасы Нурия Балтабайқызы қызы аутизм дертімен ауыратындығын, әрі оның емі түгілі оған еш жағдай жасалынбағанын, соның себебінен 10 жастағы қызы мектепке бара алмай жүргенін айтып, қынжылады.

  • Қазақстанда аутизм белгісі бар балаларға мүлдем жағдай жасалынбаған. Біз ата-аналар өзімізбен өзіміз ізденіп, баланы анда-мұнда тасып, сабылып жүреміз. Мұндай баланы не балабақша алмайды, не мектеп қабылдамайды. Мысалы, менің қызымның жасы қазір 10-да. Ертеңгі күні колледж де алмайды. Себебі арнайы мамандар жоқ. Келешекте де құр босқа үйде отырады. Ал елімізде дәл осы диагноздағы балаларды оқытатын әлі ешқандай мамандарды даярлайтын жағдай жасалмаған. Ең құрығанда, еңбекке баулитын оқу орны түгілі арнайы мамандық та жоқ. Соның салдарынан, енді қызым 15-20 жасқа келсе де үйде отырады ма сонда? Ал тек қана қалтаңда қомақты ақшаң болса, баланы арнайы түзету орталығына апара аламыз. Ақша болмаса, амал жоқ, баланы қарату қиын. Осы орайда, ауылдағы балалардың жағдайына тіптен таңғаламын. Себебі, ол жақта айлық аз, арнайы жеке түзету орталықтары да жоқ.

Жоғарыда айтқанымдай, біз бұл мәселе туралы 2018 жылдан бері айтып, қозғау салып келеміз. Бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ. Сіз өзіңіз қаланың кез келген емханасына барып көріңізші, онда аутизмнің ерте белгілері туралы ақпаратты қабырғалардан кездестіре алмайсыз. «Ата-аналар  осы Аутизмнің ерте белгілері» деп кішкентай А4 форматындағы қағаздан болсын ескертпені таба алмайсыз. Себебі, бұл жүйе бізде әлі қалыптаспағандықтан, ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Сол себептен, әрбір емханада «аутизм» туралы ақпараттар жазылуы керек. Ал бізде керекті ақпаратты жазудың орнына жаттанды болып кеткен Ковид – 19, туберкулездің, рактың белгілері деген ақпараттар ғана қабырғада ілулі тұр. Ал «аутизм» туралы білмейтіндер әлі де көп. Сол үшін Қазақстанға «аутизмді» анықтайтын диагностикалар жетіспейді. 3 айлықтан бастап анықтау біз үшін арман. Тіпті 5-7 жасында да нақты анықтап  берсе де, рақметімізді айтар едік. Сосын бізде осы ақпараттың жетіспеушілігінен көп ата-аналардың бұл жағдайда сауаты төмен. Көбісі балаларын «ішіне жын кірген» деп емшілерді жағалап, не болмаса «бір дәріні берсем, ертең тәуір болып шыға келеді» деп алаяқтарға алданып жүргені жаныма батады.

Басқа мемлекеттерде мұндай балаларды жұмысқа алады. Себебі, бұлардың ми қызметінің бұзылғаны болмаса, аяқ-қолы сау, көздері көреді, кейбіреуі сөйлей алса, кейбіреуі сөйлей алмайды. Бірақ дене-бітімі сау болғаннан кейін жеңіл жұмыстарға жарамды. Ал бізде тіптен жұмысқа алмайды. Мұндай балалардың туылғаны үшін ешкім кінәлі емес қой. Әрі мұндай бала кез келген қарапайым отбасында да, не депутаттың үйінде де дүниеге келуі мүмкін емес пе?!. Сол үшін бұл жағдайға ата-ана кінәлі демей, барлық балаға тең мүмкіндік бере отырып, түсіне отырып, жағдай жасалынғаны жөн деп есептеймін. Бұл жөнінде де үкіметке «Үзіп-үзіп, анда бір шара, мында бір шара деп өткізгеннен еш нәтиже болмайды» деп ұйымымыз құрылғаннан бері айтып келеміз. Нақты «аутизм» деп бөлініп жұмыс жасалмағандықтан, қай министрлікке барсақ та, «мұнымен біз айналыспаймыз, Еңбек министрлігіне барыңыз деп шығарып салады. Ал Еңбек министрлігі денсаулық министрліне не оқу-ағарту министрлігіне немесе басқа құзыретті министріктерге жібереді. Сонымен 5 жыл болды осы екі ортада мәселемізді шеше алмай жүрміз.  Сол үшін бізге «Аутизмге» қатысты нақты жүйелі бағдарлама жасалынып, осы мәселенің барлығы орнымен тезірек шешілсе деп тілеймін, – дейді Нурия Балтабайқызы.

Нурия ханымның басындағы жағдай баласының аутизм дертімен туабітті жағдай болып отыр. Ертеңгі күні гаджетке, смартонға тәуелді балалар да ол кісінің басындағы жағдайды қайталамасына кім кепіл? Бір қарағада, баланы гаджеттен ажыратып алу оңай көрінуі мүмкін. Бірақ оның қайта қайталануына жауап бере аламыз ба? Тіаті көп ата-аналар балаларын виртуалды әлемнен қалай шығарып алу керектігін білмей әлек. Шынында да онымен күресу мүмкін бе? Осы орайда, офтальмолог-дәрігер Дариға Төлепбергенова мынадай кеңес береді.

  • Бұл жерде де отбасындағы жағдай үлкен орын алады. Егер ата-анасы ұзақ уақыт телефон немесе телевизор көретін болса, балада гаджетке деген қызығушылық, тәуелділік дамуы мүмкін. Және баланың көретін мультфильм, видеолары жасына сәйкес болуы керек. Сондай-ақ балаға ерте жастан күн тәртібін дұрыс ұйымдастырған жөн. Яғни, бланың ұйқысы, тамақтануы, ойнайтын уақыты мен далада серуендейтін уақытын белгілеп, ол күн тәртібін отбасының басқа да мүшелері сақтағаны дұрыс. Бұл кішкентай балаға үлгі және күн тәртібінің жеңіл қалыптасуына көмектеседі. Ата анасы балаға қоршаған ортамен, достарымен, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас құрауын үйрету керек, соны қызықтыру керек.

Осы жоғарыда айтылғандар сандық аутизмнің алдын алу үшін және сандық аутизмнен шығару үшін де қолдануға болады. Кейде гаджетке тәуелділік балада өте айқын, ауыр дәрежеде байқалуы мүмкін. Сол кезде арнайы мамандардың (невролог, психолог, психиатр) көмегіне жүгінген дұрыс, – дейді маман.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл дертпен тек бүлдіршіндер ауырмайды. Сандық аутизм қазір ересек адамдардың екіден бір бөлігінде жиі кездеседі. Ал келешек ұрпақтың смартфонға тәуелді болмауы үшін зиянды әдеттен өзімізді бірінші қорғағанымыз жөн.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір