• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Шілде, 13:14:52
Алматы
+35°

Биылғы статистикалық мәлімет бойынша Қазақстанда әрбір бесінші бала буллингке ұшырайды. Жалпы балалардың буллингке ұшырауы көп жағдайда балабақшада басталады екен. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі психолог-психотерапевт Серікгүл Сәлимен сөйлесіп, балаларды буллингтен қалай қорғауға болатынын сұрады. Ол сұхбат барысында балаларды балабақшаға дайындау, булингке ұшыраған баламен қалай жұмыс істеу керегін түсіндірді. 

Психологтың айтуынша буллинг жас талғамайды. Кез келген адам буллингке ұшырауы мүмкін. 

"Ең алғашқы буллинг балабақшадан бастау алады. Өйткені, балабақша – баланың өзгелермен араласып, дос табуына жол ашатын орта. Кейде топтасқан балалар өздеріне ұнамаған баланы қатарларына қоспай, шеттетуі мүмкін. Ал бұл буллингтің алғашқы белгілері",– дейді психолог.

Осы орайда психолог Серікгүл Сәли буллингке ұшыраған баланың бойында қандай белгілер болатынын айтты.

"Буллингке ұшыраған баланың мінез-құлқы өзгеріп, қызығушылығы жоғала бастайды, тұйықталады. Бала стрессте жүреді. Буллингке қай жерде ұшыраса, сол жерге барғысы келмейді. Мысалы балабақшаға барғысы келмейді, аулаға шыққысы келмей, тығылып жүреді, қашқақтайды. Бұл – өте ауыр стресс. Бала әртүрлі нәрседен қорқады. Жиі ойланып, уайымға салынады",- дейді психолог.

Серікгүл Сәли ата-аналарға баласын балабақшаға бермес бұрын алдын ала дайындау керектігін айтты. 

"Ата-ана ең бірінші балабақша туралы ақпарат бергені жөн. Яғни балабақшада не істейтінін, қандай орын екенін балаға түсіндіру қажет. Содан кейін өзінің жұмыс істейтінін, одан шыққан соң бірден баласын алып кететінін де айтуы керек. Ата-ана мұны жай ғана түсіндіріп қана қоймай, эмоциясын көрсете білуі де керек. Сол кезде бұл ақпараттар балаға қызық әрі түсінікті болады. Балабақша туралы қызық мәліметтер естіген бала енді оған баруға асығады. Оның ішінде саналы түрде "күту" режимі пайда болады. Бұл процесс балабақшаға баруды жақсы көріп кеткенге дейін жалғаса береді. Оған бір апта, екі апта немесе бір ай уақыт кетуі мүмкін. Содан кейін ғана балабақшаны қабылдау сезімі жеңіл болмақ", - деп түсіндірді Серікгүл Сәли. 

Психолог ата-аналарға баланы үш жастан бастап балабақшаға беруге кеңес береді. Оның айтуынша үш жасындағы бала өзін тұлға ретінде сезінеді. 

"Ал үш жасқа дейінгі балаға балабақша жайлы түсіндіру қиын. Олар көбінесе балабақшаға барудан түбегейлі бас тартады. Өкінішке қарай, елімізде ата-аналар баланың қалауына құлақ аспайды. Балабақшаға барғысы келмеген баланы мәжбүрлейді. Ал баланы жылаған күйінде балабақшаға қалдырып кету – ауыр травма. Кішкентай бүлдіршін үшін жаңа орта, жаңа адамдар әрқашан қорқынышты",- дейді психолог. 

Сұхбат барысында психолог тәрбиешісі тарапынан қысым көретін балалар туралы сөз қозғады. 

"Балабақшада бала тек өз топтастарының емес, тәрбиешілерінің тарапынан да қысым көріп жатады. Кей тәрбиешілер өзгелердің арасында баланы күлкі қылып, кемсітеді. Ал мұны көрген балалар тәрбиешісінің әрекетін қайталауы мүмкін. Әрбір бала дәл осыған ұқсас процестен өтеді. Сондықтан балабақшада балаларды бір-біріне саналы түрде жанашырлық танытуға, қамқор болуға үйрету керек", - деп кеңес берді психолог. 

Сөз соңында психолог буллингке ұшыраған балалармен қалай жұмыс істеуі керек екенін түсіндірді. 

"Буллингке ұшыраған баланы ата-аналар мен тәрбиешілер бірлесіп құтқаруы керек. Сонда ғана бұл іс жеңіл түрде шешілетін болады. Біреуден қысым көрген бала өзгенің қорғауына мұқтаж болып келеді. Буллинг баланың бойына өте ауыр травма қалдырады. Бұған ата-ана міндетті түрде көңіл бөліп, назар аударуы керек. Буллингке ұшыраған баланың санасы тез қалыпқа келеді. Тек ата-анасы мен жақындарының үздіксіз қолдау білдірсе жеткілікті. Баланың травма алуы да, сол травманы жеңуі де өте оңай» ,- дейді психолог Серікгүл Сәли.

Авторы: Жәния Төребекова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір