06 Қыркүйек, 2023 NEWS
Фото: Видеодан кадр
Ақмола облысы колониясының 9 қызметкері белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, азаптағаны үшін жұмыстан шығарылды.
Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша жеті қызметкер мен екі басшы өз лауазымдарынан айырылған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр, бірақ істің қай бап бойынша қаралып жатқаны белгісіз. Бұл туралы Атбасардағы колонияға барған құқық қорғаушы Елена Семенов әлеуметтік парақшасында жазды.
Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қылмыстық іс қозғалғанын растағанмен жұмыстан шығару туралы бұйрықты әзірге растамады.
Еске сала кетейік, Тимур Дәнебаев – Қаңтар оқиғасынан кейін "20 мың террорист туралы жалған ақпарат таратты" деп президент Тоқаевтың үстінен арыз жазбақ болған. Украинадағы соғысқа қарсы пікір айтқан белсенді былтыр желтоқсанда "ұлтаралық араздық қоздырды" деген күдікпен қамалған еді. Астана соты 15 маусымда белсендіні үш жылға бостандығынан айырған болатын.
3 қыркүйек күні әлеуметтік желіде түрме қызметкерлері әжетхана жуудан бас тартқан Тимур Дәнебаевты ұрып-соғып, қинаған видеосы тарады. Оқиға 24 тамызда Ақмола облысы Атбасар қаласындағы колонияда түсірілген. Видеода колония қызметкерлері сотталушыны дубинкамен ұрғанын көруге болады. Әлеуметтік желідегі видеодан кейін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Дәнебаевтың ісі бойынша қызметтік тергеу басталғанын хабарлаған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір