• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 06:00:42
Алматы
+12°

ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің назарына

«Қытайдағы қандастарымыз виза ала алмай жатыр», «Виза кезегі қыруар ақшаға сатылуда»... Соңғы кездері осындай ақпараттар жиі жазылды. Өткен аптада Қытай еліне сапарлай барып, сондағы қандастарымызбен хал-жағдай сұрасудың сәті түсті. Кейбір ішінара аймақтар болмаса, «Баламды оқытам», «Туысшылай барам» деген этникалық қазақтарға Қытай үкіметі тиісті құжаттарын тексеріп, шетелге шығу паспортын беріп жатқанын білдік. Ендігі мәселе Қазақстанға барудағы виза қиындығы. Екі ел арасындағы визасыз режим Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға 14 күнге келуіне ғана мүмкіндік береді. Ал тұрақты тұруға, кәсіппен айналысуға, баласын оқытуға арнайы визамен келу қажет.  Виза алуға үмітті қандастарымыздың барлығы Үрімжідегі визалық қызметке көңілі толмайтынын, виза кезегінің 2000 юань (120 000 теңге) ақшаға сатылып жатқанын, бір отбасында 4-5 адам болса тіптен қиындық тудыратынын (500 000 теңге) зар жылап айтып отыр.

Осы мәселелердің анық-қанығын білуге Үрімжіге арнайы ат басын бұрдық. Үрімжідегі паспорттық-визалық қызметтің қазіргі басшысы Болат Қадырұлының тәжірибелі дипломат екенін, Қытайдағы Қазақстан азаматтарының қиындықтарын шешуге, тіпті, қылмыстық іске ұрынып, Қытай түрмесінде отырған азаматтарға да қол ұшын созғанын ақпараттардан оқып, білгенбіз. Бізді де кеудемізден итермес деген ниетпен көк паспортымызды көрсетіп, Қазақстан азаматы екенімізді білдіріп, ішке кірдік. Кеңсе екі бөлікке бөлінген. Кіреберісте бір қызметкер, іште екі адам шағын терезе арқылы құжат қабылдап отырды. Бір әттеген-айы  Болат мырза СІМ-нің онлайн жиналысында отырғандықтан, тікелей пікір алуға мүмкіндік болмады. Өзін «Бастықтың орынбасарымын» деп таныстырған Абдулла Беркінбаев мырза келгенімізді жылы қабылдап, уақыттың тығыздығына қарамастан ең маңызды деген мәселелерге пікір білдірді.

- Қандастарымызға виза беру мәселесі неге сонша ушығып тұр?
- Соңғы жылдардағы әлемдік пандемия кесірінен Қытайдағы қандастарымыздың виза кезегі тым басымдылық түсіріп отыр. Біздегі мәлімет бойынша 150 мың қандасымыз виза алуға сұранған. Ал аптасына 4 рет күніне 120 адам қабылдағанның өзінде тым көп адам виза кезегін ала алмауда.
- Қабылдау күндерін көбейтіп, виза алушылардың санын арттыруға не кедергі?
- Бұрындары 9 терезе арқылы виза сұраушыларды қабылдасақ, қазір ондай мүмкіндік жоқ.
- Неге мүмкіндік жоқ. Қызметкерлер санын көбейтіп, жұмыс өнімділігін арттыруға болатын шығар...
- Ол мәселелер екі ел арасындағы мемлекеттік келісім-шарттарға сәйкес жасалатындықтан, тез арада шешім қабылдау мүмкін емес.
- Виза кезегі делдалдар қызметі арқылы ақшаға сатылып жатқанына куә болдық. Бұған Сіздерді кінәләп отырған жұрт көп. Бұған не дейсіз?
- Кезектің ақшаға сатылуына біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Арнайы программа жұмыс істейді. Сол арқылы кезек беріледі. Ал делдал мәселесіне келсек, біз олардың жолын кесуге барынша жұмыс жасап отырмыз. Тіпті Заң қызметкерлеріне жүгініп, кезек саудалаушыларды қолға түсірдік. Дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін таппай отыр.
- Делдалдар Сіздермен келісіп отырмаса, қалай виза кезегін саудалай алады?
- Айтып өткенімдей кезек беретін арнайы программа. Оған біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Естіп білуімізше делдалдар бірнеше адамды арнайы жалдап, кезек «аулап», соны сатып отырған көрінеді.
- Ендеше бұл «Кезек» жүйесінің қателігінен ғой. Неге оны дұрыстауға болмайды?
- Бұл қытай еліндегі арнайы жүйе. Сондықтан оған біздің тараптан ештеңе жасай алмаймыз. Дегенмен биылғы жыл соңына дейін СІМ-нің сайтына жаңа жүйе әзірлеп, сол арқылы виза кезегін беруді жоспарлап отырмыз.
- Ол жүйе Қытайда ашыла ма? Қытайдағы қандастарымыз қолданатын төте жазу нұсқасы қосыла ма?
- Бұл мәселелердің барлығын қарастырып, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне техникалық қажеттіліктерді жаздық. Олар жыл соңына дейін бұл жүйені іске қосуға жәрдемдесетінін хабарлады.
- Кезек ала алмай, Қазақстанға бара алмай, оқудан кешігіп жатқан қандастарымызға қандай мүмкіндіктер қарастырдыңыздар?
- Оқуға ниетті адамдар Қазақстандағы мектептен немесе жоғары оқу орынынан шақырту жасатып, оны сондағы Көші-қон қызметіне растатып әкелгендерге кезексіз виза беріп отырмыз. Кейде өте шұғыл жағдайларменде(жақын туысы қаза болу, т.б.) виза сұраушылар бар. Олардыңда өтінішін тыңдап, қол ұшын созамыз.

Абдулла мырзамен әңгімеміздің негізгі түйіні осы болды. Естігенді емес, көзімізбен көргенді жаздық. Үрімжідегі паспорттық-визалық кеңсенің қызметкерлері бар күш-жігерлерімен жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Аз қызметкермен сонша мың адамның виза мәселесін шешу де оңайға соқпасы анық. Тіпті психологиялық, физикалық басымдылық та қызмет көрсету сапасына кері әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен Қазақстан мен Қытай елі арасындағы көршілік қатынас қарыштап дамып жатқан қазіргі уақытта ондағы қандастарымыздың виза ала алмай зар жылап жүргені екі мемлекетке де абырой әпермесі анық. Сондықтан ҚР Сыртқы істер министрлігі тез арада шешім қабылдап, Үрімжідегі қызметкерлер санын арттыруға, кезек мәселесін ушықтырмай шешуге бар мүмкіндікті қарастырады деп сенеміз. «Жаңа Қазақстанның» абырой беделі шетелдегі қазақтар үшін де маңызды екенін ұмытпаған жөн.

Абдулла мырза алдағы уақытта виза мәселесі бойынша ақпарат алмасып отыруға қарсы еместігін айтты. Делдалдардың жолын кесу үшін Қытайдағы қандастарымыз да алаяқтардың құрбаны болмай, виза кезегін ақшамен сатып алуға тырыспаса екен деген өтінішін жеткізді.Сыртқы істер министрлігінің сайтына қосылатын жаңа «кезек» жүйесі виза мәселесінің оң шешілуіне айтарлықтай ықпал етеді деп сендірді. «Қамшы» ақпарат агенттігі Үрімжідегі виза мәселесін әрқашан назарда ұстайтынын ескерттік. Соңғы жылдары әртүрлі себеппен қаншама қиындықтарды еңсерген қандастарымыздың Атажұртқа оралуына шаңның тозаңындай да кедергі болмасын дейміз. 

Хазірет Әбділдә

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір