Фото: Ашық дереккөз
Түркістан облысының әкімдігі Сырдария өзеніне батып кеткен адамдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады. Сондай-ақ қайғылы оқиғанын мән-жайын түсіндірді.
Қайғылы жағдай 21 тамызда кешкі сағат 18:00-дің кезінде Отырар ауданындағы Сырдария өзенінен өтетін көпір маңында болған. Шомылуға барған 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ауы – ересектер. Барлығы Сырдария өзеніндегі автокөлік көпірінің маңында тыйым салынған жерде шомылған.
Соңғы ақпаратқа сәйкес, суға кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Іздестіріліп жатқан үш адамның екеуі – жасөспірімдер. Суға батып кеткендердің барлығы – Көксарай ауылында тұратын бір әулеттің адамдары.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қайғылы жағдай болған жерде судың ағысы қатты. Ал жағада саз бен балшық көп. Қайтыс болған адамдар суға түсіп те үлгермеген. Біреуі тайып суға құлаған, оны басқалар құтқарамын дегенде бірінен соң бірі батып кеткен.
"Құтқарушылар мен еріктілер тұрғындарға жаз бойы бұл жерге түсуге болмайтыны туралы жан-жақты ескерту жұмыстарын жүргізген. Анықталғандай, мұндай түсіндіру жұмыстарына дәл осы әулет те қатысқан. Алайда рұқсат етілмеген орында шомылудың зардабы мен сақтық шараларын ескермеудің салдары осындай жағдайға ұласып отыр", - дейді әкімдік мамандары.
Қазіргі кезде оқиға орнында жүздеген құтқарушы жүр. Әкімдіктің жанынан арнайы штаб құрылды. Жедел желінің телефоны: 8-7253-357881.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір