11 Тамыз, 2023 NEWS
Коллаж:Ulysmedia.kz
Астанада балаларымен бірге көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кетпек болған әйел құтқарылған.
ІІМ мәліметінше, 9-шы қабаттағы пәтердің терезесінен әйелдің екі баласымен бірге секірейін деп жатқанын естіген автопатруль оқиға орнына жеткен.
"Бірінші болып №26 учаскелік полиция пунктінің полиция бөлімшесінің аға инспекторы Асқар Папышев өзінің серіктесі Елдос Нұғмановпен бірге жетті. Олар аудан тұрғындарымен жиын өткізіп жатқан болатын. 9-шы қабатқа көтерілген полицейлер үлкен баланың әкесімен бірге тұрғанын көрді" – делінген полиция хабарламасында.
Ал кіші баласын әйел өзі ұстап тұрып, оған біреу жақындаса, секіретінін айтып айқайлаған. Тәртіп сақшыларының бірі әйелді сөзге тартып, мұндай қадамға бармауын өтініп жатқанда, екінші полицей формасын азаматтық киімге ауыстырып үлгерген. Кейін ол пәтерге кіріп, әйелге білдіртпестен бір қолымен баланың қолынан, екінші қолымен анасын мықтап ұстап алып, бөлмеге қарай тартып кіргізді.
24 жастағы әйелдің отбасылық жанжалдан кейін осындай әрекетке бел буғаны белгілі болды. Оның күйеуіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі "Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.Отбасы ерекше бақылауға алынды. Әйел балаларымен бірге Астана қаласының дағдарыс орталығына орналастырылды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір