Фото: Аbai.kz
Алматы облысы Жаңалық ауылында қазба жұмыстарының нәтижесінде саяси қуғын–сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілген азаматтардың сүйегі әлі де табылып жатыр.
2018 жылы Жаңалық ауылынан 56 адамның қаңқасы табылған болатын. Олар 1 метрден сәл ғана асатын тереңдікте көмілген. Қазба жұмыстары кезінде мамандар терең көмілмеген жерде адамға тиесілі тізе, жауырын мен қабырға сүйегін тапқан. Сонымен қатар, бұл аумақта осыған дейін адамдардың бас сүйегі, тірі кезінде қолданған заттары және дене қаңқалары қазып алынған.
"Үш–төрт домалақ көзілдірік табылды. Мүштік, теріден тігілген мәсі бар. Жай адамдардың заттары емес. Бір-біріне қатып қалған, салмағы 1-2 кг гильза бар. Бәрінің желкесі тесік", – деді Жаңалық ауылының тұрғыны Мұрат Қырғызбайұлы.
Бүгінде 50 ден аса адамның денесі табылған жерде ресми зерттеу басталды. Археологтардың пайымдауынша, атылған адамдар топ–тобымен осы аумаққа көмілген.
"Посткеңестік мемлекеттер мен Ресейде іздеу–барлау жұмыстары жүргізіледі. Ал Қазақстанда қуғын–сүргін құрбандарын алғаш зерттеп отыр", – деді зерттеу тобының аға ғылыми қызметкері, археолог Бауыржан Бейсетаев.
Әр жылдары табылған сүйектердің сақталу деңгейі де әр түрлі. Қырға көмілген денелер сайда көмілген денелерден қарағанда әлдеқайда жақсы сақталған. Мамандар бұған ауа температурасы мен жердің ылғалдылығы әсер еткен, деп түсіндірді.
"Үш–төрт күн бұрын осы жерде барлау жасадық. Алматы өзенінің сол жағынан да, оң жағынан да қазылған ор бар. Негізінен, сол шұңқырды пайдаланып сарбаздар оқу–жаттығу өткізді ме екен деп ойлаймыз. Қараймыз деп белгілеп қойған 20 нүкте бар", – деді зерттеу тобының ғылыми қызметкері Руслан Шербаев.
Жаңалық ауылында табылған адам қаңқасының жасы шамамен 168 жыл. Биылғы зерттеуде бұл қатарға тағы біршама материал қосылады. Археологтардың болжамынша, ауыл маңында 2 мыңға жуық репрессия құрбаны жерленген болуы мүмкін.
Дереккөз: Аlmaty.tv
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір