31 Мамыр, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
31 мамыр – ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Сталиндік саясаттың кесірінен 1938 жылдың өзінде ғана 25 мың қазақ зиялысы атылған. Олардың ішінде ату жазасына кесілген әйелдерден бізге тек үшеуінің ғана есімі белгілі. Олардың алғашқысы – Шонанова Шахзада Аронқызы.
Әкесі Арон Қаратаев – Әбілқайыр ханның ұрпағы, Бақытжан Қаратаевтің туған інісі болса, шешесі Хұсни-Жамал Нұралыханова – Жәңгір ханның немересі, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы мұғалім. Ал Шахзаданың жұбайы қазаққа белгілі тілші-ғалым, Алаш қайраткері Телжан Шонанұлы. Телжан – Ахмет Байтұрсынның шәкірті, ұстазымен бірге б3рнеше методикалық оқулық жазған.
Шахзада Шонанова ХХ ғасырдың басындағы көзі ашық санаулы қазақ қыздарының бірі болған еді. Алаш арысы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова өз естелігінде қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман, әкесі жазған "Бақытсыз Жамалды" алғаш рет Шахзада Шонанованың аузынан естігенін айтады.
Шахзада Шонанова Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне, кейіннен Алматы медицина институтына түскен. Бірақ "тап жауының қызы" деген айып тағылып, екі оқудан да шығарылған.
1928 жылы Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болған. Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы (А. Байтұрсынұлы ашқан институт), Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, бастауыш және орта мектеп бөлімінің ғылыми хатшысы, кейіннен әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарған. 1936 жылы 33 жасында Шахзада ҚазМУ-дың биология факультетіне оқуға түседі. Бірақ оны да аяқтай алмайды. Осы жылдан бастап қуғын–сүргінге ұшырайды.
Үш рет жоғары білім алуға талпынған Шахзада Шонанова оқуын аяқтай алмайды. 1938 жылдың 27 ақпанында Телжан Шонанов одан он күннен кейін жұбайы Шахзада Шонанова ату жазасына кесілген.
Оған "буржуазиялық-ұлтшыл ұйымда болды, Қазақстанды Кеңес одағынан аластатуды көздеп, Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған, Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген" деп айып тағылған. Кейбір деректерге қарағанда, НКВД өкілдері оны аштық жылдары қаңырап қалған Әлі ауылына апарып көмген. Ал көрші ауылдардағы тұрғындарға "бұл жерге індеттен өлген жылқылар көміліп жатыр" деп жақындамауға бұйрық берген.
Осы қантөгіске қатысқан жендеттің айтуынша, машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылғандардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған. Ал сол күні атылғандардың тізіміндегі жалғыз әйел ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова еді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір