• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Қазан, 01:23:24
Алматы
+8°

Түс көру – осы заман ғылымында, адам санасының қиял барысының ұйқы кезіндегі, ұйықтамай қалған ми клетка қызметінен туындаған елесті, бұлыңғыр, көлеңке бейнелі харекетке айналған оқиғалы бейсанадағы көрінісі – "Түс көру" деп атайды.

"Адам ұйықтап жатқан кезінде адамның ішкі әлемі сыртқы әлеммен байланысқа шығады" деп қарайды. Бұл жерде бір тылсым әрекет бар. Біз осыған назар аударуымыз керек. Ол – тәнен бөлініп ажыраған рух дүниесі. Сол рух елес энергияға айналып, сыртқы ғарыштық әлемді емін-еркін аралайды. Адам тәні бейнесіндегі елеске кіріп, бұлыңғыр физология ұйқыдағы бейсанаға бейне кино көргендей көрінеді, түс түрінде елестер жасайды. Тіпті кәдімгі шынайы өмірде жүргендей нақты, затты түрде өте айқын бейнемен елес береді, түс болып көрінеді. Біз ми клеткасының осы қызық құпия әрекетінен, бейне кино көргендей түс көреміз. Түнде ұйықтап жатып та, елесті өмір сүріп жатамыз. Оны "Түсті өмір" деп атайды.

Мұнда ғылым әлі толық дәлелдей қоймаған, бір керемет ми қызметі бар. Ол – түнгі ми клеткаларының өте күрделі әрі жұмбақ қызметі. Оны қалай айтсақ түсінікті болар еді. Мәселен, миды көп бөлмелі үйге ұқсатсақ, сол көп бөлмелердің біразының шырағы сөніп, біраз бөлмелерінің шырағы жанып қалғанға ұқсайды. Құдды сол секілді. Түнде ұйықтаған кезде ми клеткаларының біразы ұйықтап, біразы ұйықтамай жанып тұрған шыраққа ұқсайды. Сол ояу қалған ми клеткалары тоқтаусыз қызметін жалғастыра береді. Мидың ояу қалған клеткаларының атқарған қызметі, адамның түсіне кіріп, ұйқыдағы адамның бейсанасына әсер жасайды, көлеңке бейнеде түс болып түрленіп көрінеді.
Ал, кей адамдар "Мүлде түс көрмейміз" десе, кей пенделер "өте көп түс көреміз" дейді. Мұның себебі не? деп сұрап жатады.

Оның жауабы жоғарыдағы айтқан ми клеткаларының ояу қалғандары көп түс көреді де, ми клеткалары толық ұйықтанғандары мүлде түс көрмейді. Түс көрудің тағы бір себебі бар. Ол – адам өз өміріндегі жасаған жұмыстары, араласқан адамдары, армандаған мұрат-мақсаттары, үміт еткен істері, тәтті қиялдары, ойлаған ойлары, сезімдік танымындағы махаббаты, ашу-ызасы, күдік-күмәні, қайғы-қуанышы, кейбір есте қалған әсерлі не қорқынышты өмір оқиғалары, иіс түйсіктері ми клеткасында жаңғырып түске айналады. Кейде бұрын-соңды болмаған, көрмеген, танымаған кісілер мен беймәлім оқиғалар, жан-жауар, жәндік тіпті өмірде қиялға кірмеген тылсым дүниелер түске кіреді. Ол адамның ұйқы кезіндегі сыртқы әлеммен болған құпия қарым-қатынасының нәтижесі деп түсіну керек.

Қазақта "Тылсыммен тілдестім түсімде, құпия көп еді ішімде, таңдарда жоқ болды неге ол, атқардым түсімді, өмірде ісімде" деген маржан сөз тізбектері бар. Соған қарағанда бағзы бабаларымыз түс көрудің және түс жорудың құпиясын өте ерте замандарда аңғарғанын айтқызбай-ақ түсінуге болатын сияқты.

Атам қазақта "Жақсы істеген ісіне сенеді, жаман көрген түсіне сенеді" деген ескі мақал бар. Мақалдың ақыл қалтасын ақтарсақ, қордалы қожынына қол салсақ, мынындай философиялық ой түйіні шығып, ойға ой қосып, санаға сапалы олжа салады. Өмір шындықтары – ақылдық санадан туса, түс көру бейсанадан туады.

Иә, керемет. Керемет болғанда бағы бабам қай ғасырда айтсада ғаламат данышпандықпен айтқан екен-ау, парасатты бабаңнан мың айналайын деп дәл осы жерде, көңілің бір тоғайып, сезімің семіріп бір марқайып қаласың.

Ал, түс көрудің одан да ғажайып бір сыры бар. Түнде ұйықтамай қалған ми клеткалары түс әлетіне айналдырып атқарған қызметін, таңда оянған адамның бейсанада бұлыңғыр елес бейнесінде толқып тұрған көрністерін ояу санаға, ақылды санаға ауыстырып көшіреді. Бейне бір телефоннан екінші телефонға видео көріністерді жөткегендей. Түнде көрген түс мидың сол қызметінен кейін ғана айқындалып, анықталып ресми адам санада сақтала бастайды, растала түседі, сенімге ие болады. Сосын ғана түсті түс жорушыға жортуға болады.

Біздің қазақ түс жорушыларының "Аяни түс" , Аллдан келген "Ашық аян", ал дін исламда "Имани түс" деп атап жүрген түс көру барысының негізгі ғылыми тұжырымы осы болмақ.
Түс демеші, түстің тағы бір көз жетпес, көңіл қабылдай бермес қызық құпия жұмбағы бар. Әр адамның көрген түсі, әр түрлі қалыппен елес түрінде есте сақталады. Біреулердің түсі көргені бойынша толық сақталуы мүмкін. Енді біреулердің түсі толық сақталмай бұлдыр елес қалпында қалуы ғажап емес. Біреулер көрген түсін мүлде ұмыттып кетуі, есіне түсіре алмауы мүмкін. Бұл ми клетка қызметінің толық атқара алмаған не, атқарса да бейсанадан, ояу санаға көрген түсті көшіріп үлгере алмаған әлсіз қызмет барысынан туындайды.

Ал, қазақ түс жорушылары толық есте сақталған түсті "Ашық аян" десе, бұлдыр сақталған түсті "Жабық аян", мүлде ұмытылып кеткен түсті "Тілсім аян" деп атайды. Түстің бұл барысын үш түрге осылай жіктейді. Мазмұнына бағып мәтінімен жориды. Бәрінен маңызды бір ұғым бар. Ол – тән мен жанның айырылып-қосылуы. Оған біреулер илана қоймас. Десе де жанның тәнсіз, тәннің жансыз өмір сүре алмайтынына келісетіндер бар. Жан – адамның ішкі рухани болмыс, бітімі, мінез-құлқы, сезім-сенімі, көңіл-күйі, арман-қиялы, мақсат-мұраты, махаббаты, ой дүние-танымы, қоғамнан қорытқан өмір тәжірибесі, ұзақ жылдар ішкі әлеуетіне жиналған жан құпиясы. Бұл көзге көрінбейтін адам баласының ішкі сырлы "Жұмбақ әлемі", " Жасырын жан дүниесі" деп аталады.

Адам түс көргенде осы дүниелер мида бейсана түрінде елесті көрініске айналады. Көзі жұмулы ұйқыда жатқан адамның ой-көзі болады. Түсті сол ой-көзі арқылы көріп, бейсанасында сақтап жатады.

Қазақтың "Көзі ашық, көкірегі ояу адам" деп аса білімді адамдарды бағалап, ой көзі, сана көзі, сезім көзі, сенім көзі, көңіл көзі ашық екен" деуі тектен тек емес. Ой көзі ашылмай, ойланғанын іске асыра алмас, көкірек көзі ашылмай көгермес деген сөзден өте көп түңкелі ойды қортуға болады.

Ал, адамның ішкі әлемін қоршап, қорғап тұрған сыртқы қаңқасы, он екі мүшеден құралған тәні "Сыртқы физологиясы" деп аталады. Ол көзге көрінеді. Тері, сүйек, ет, түк, тырнақ, шаш, сақал сияқты заттық көрністерден құрам тауып, бір бүтін тәнді қалыптастырған мәтерия, физология – " Адам тәні" деп есептеледі.

Мұны бір ауыз сөзбен қорытқанда жаның қабы. Жан – осы физологияның ішкі мазмұны. Адамды кітапқа ұқсатсақ, мұқаба, әр беті адамның қаңқасы десек, ішіндегі жазылған жазулар, адамның жаны, жан дүниесі немесе жан сарайы деуге болады. Адамның он екі мүшесі – жанның жайлы, жағымды, жылы ұясы. Жан мен тән берік біріккен тіршілік иесі. Тән – заттық мәдениетті, Жан – рухани мәдениетті қажет етеді. Ар мен ұят, иба мен иман, білім мен ғылым, өнер мен өнеге, сезім мен сенім, ақыл мен айла, қиял мен шындық махаббат пен көңіл күйі адамның рухани байлығы, сарқылмас құнды қазынасы.

Ал, киім-кешек, тамақ, үй мен көлік тағы да басқа толып жатқан заттық дүниелер адам тәнінің қажетілігі, күнделік керегі, сыртқы заттық, материялдық қорғаны. Жаны таза адам болса, оның тәні де таза болады. Ондай адам түс көргенде де, "Имани түс" көреді. Таңда қуанып, құлпырып оянады. Өмірде істері ілгері болып дәулеті шалқып қиналмай ғұмыр кешеді. Ел алдында беделі жоғары, мәртебесі биік болады. Тәні саудың – жаны сау деп ғұмыр жасы ұзақ , денсаулығы болады.

Ал, жаны харам адам болса, тәні де харам болады. Өмірінде сондай харам дүниелерді қажет етеді. Түс көргенде де ондай адам "Шайтани түс" көреді. Таңда түсінен шошып оянады. Өмірде де жолы болмай қиналып өтеді. "Харамның жолы қақпанды жол" демекші ондай пенденің жолы тар, өмір хар болады.

Жә, әз оқырманым, бұл жерде адам физологиясы мен психологиясын неге егіз қатар баяндап, байымдап, түсіндіріп кетті дейсіз ғой. Түс көрудің және түс жорудың оған ерекше қатысы бар. Жан мен тәннің қатысы сиқырға толы құбылыс. Әлі күнге дейін кілті табылмаған құлыптаулы құпия ғылым.

Әуелі ішкі энергия мен сыртқы энергияның тылсым қарым-қатынасының ми клеткасындағы елеске айналған көрінісін түс етіп жорудың өзі – өз алдына мәнді мәйегі, дәнді дәйегі, мағыналы мәтіні бар жұмбақ дүние, тылсымға толы ғылым екенін білу бүгінгі ғаламтор ғасырындағы бәрін алақанында оқып отырған жастарымыз білсе, біз алаңсыз болар едік.

Сіз ойлаңызшы, адам баласының ішкі энергиясы мен сыртқы энергиясы бір-бірімен жалғасып қызмет атқарғанда, оны ми клеткасы видиоға түсіріп алғандай, ұйқыдағы бейсанада көрінген көріністі ояу сана қызметіне лақтырып, комьпютердегі материалдарды флешкаға, сақ сандықшасына сақтағаны тәрізді, түнде көрген түсті бейсанадан, ресми сана сандығына, ақыл қалтасына көшіріп сақтауы өте ғажайып құбылыс. Мидың теңдесіз хикмет қызметі деп тану керек.

Қорыта айтқанда, түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі, ұйқыдағы елесті көрнісі. Қазақ дәстүрлі мідениетінде түс көру және түс жоруға бей-жай қарамаған. Қазақтың ертедегі аңыз ертегі, әңгіме-хикаялары, тарихи жыр-дастан, қиссалары, ырым-жоралғыларында, тіпті көркем әдебиет үлгілерінде түс көрудің, түс жорудың не ғажап сырлары суретті түрде баяндалады.

Қазақтың түс жорушы ғұламалары түс көру адамның ырқынан тыс тылсым құбылыс деп қараған. Сондықтан түс көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген, назар аударған, түстің мәнді мәтінін тауып, қисынды хикметімен жорыған. Қандай түсті жорыса да, жақсы мәтінін тауып, жоритын түс жорушыға жортқан. Беталды адамға жортпаған. Өйткені түс жорығанша ұстараның жүзінде, қыл көпірдің үстінде бассыз көлік бейнесінде тұрады. Оны кім қалай жетелеп жорыса, солай шындыққа айналады деп түсінген. Түсті жасырын ұстайтын болған.

Мақаланың жалғасы бар...

Авторы: Болат Бопайұлы

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Түс жоу Болат Бопай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір