• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:48:01
Алматы
+12°

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрлігінің алдында түнеген мұнайшылардың наразылық акциясын "ажиотаж жасап, назар аударту үшін жасалған әрекет" деп бағалады. 

"Бұл – ажиотаж жасап, назар аудартудың қамы. Жұмыспен қамтуды талап еткен мұнайшылармен диалог ұйымдастырылған болатынбыз.  Оған Еңбек министрлігінің өкілдері мен Энергетика министрлігінің департамент директорлары қатысты"– деді министр үкімет отырысында.

Сонымен қатар, Сәтқалиев "Өзенмұнайгаз" және "Қазмұнайгаз" компанияларына жұмысшылармен ымыраға келуді тапсырғанын айтты. Оның айтуынша, бұл мәселені алаңға шықпай–ақ компаниялардың өздері шешуі керек.

"Далаға қону – әркімнің өз таңдауы. Мен жеке бас мүддесі үшін мұнайшыларды пайдаланып, тендер нәтижесін даулауға тырысып жатқан компания басшылығына емес жеке адамдарға тоқталып өткім келеді.  Біз оларды барынша қорғадық"– деп қорытындылады Энергетика министрі.

Сондай–ақ, министр жұмысшыларға бұрынғысынан кем емес жалақы төлейтін басқа жұмыс орындары ұсынылғанын айтты. Бірақ мұнайшылар ұсыныстан бас тартқан.

Еске сала кетейік, "Өзенмұнайгаз" компаниясы жариялаған тендерді "Кезби" серіктестігі жеңіп алғандықтан, "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниялары арасындағы келісімшарт тоқтаған болатын. Соның салдарынан жұмыссыз қалған мұнайшылар наразылыққа шығып, Астанадағы Энергетика министрлігі ғимаратының алдына түнеген болатын.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір