• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 23:42:18
Алматы
+12°

Әлемдегі рухани, мәдени құбылыстар үздіксіз даму үстінде болуы өнерге, әдебиетке, мәдениетке және басқа да салаларға тың серпіліс беретін ұғымдарды дүниеге әкелді. Сондай ұғымдардың бірі – постмодернизм.

Постмодернизм ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы пайда болған жаңа бағыт. Аталған бағыт постмодерндік санада қайта өрлеу және ағартушылық идеалдар мен құндылықтарына олардың прогресске, ақыл-ойдың салтанат құруына адам мүмкіндіктерінің шексіздігіне деген сенімінен түңілу белгісі байқалады. Бұл термин бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Р.Панвицтің "Еуропа мәдениетіндегі тоқырау" еңбегінде сөз етіледі. Содан соң 1934 жылы "Испан және латынамерика поэзиясының антологиясы" еңбегінде модернизмге қарсы реакция ретінде көрініс береді.

Әйтсе де И.В.Кабанова бұл терминнің әлі де түбегейлі шешілмей зерттеушілер арасында дау туғызатындығын айтады. Оның тарихи негізін екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірдегі өзгерістермен байланыстырып қарайтындығын жеткізеді. Аталған ағымның шыңында Алек Голдинг, Абе Кобо, Умберто Эко, Габриель Гарсиа Маркес, Харуки Мураками және т.б. жазушылар тұрады.

Постмодернизмнің эстетикалық ұстанымдарына француз постструктуралистері мен постфрейдиандары деконструкция (Ж.Деррида), бейсаналық тіл(Ж.Лакан), симуляция( Дж. Бодрияр), шизоанализ және ризоматика(Дж.Делез, Ф.Гуаттари), Итальяндық семиотик У.Эконың иронизм концепциясын жатқызады.Постмодернистік әдебиеттің ең негізгі объектісі - ойнауға, үзінді келтіруге, пародиялауға қабілетті Мәтін. Постмодерндік әдебиет көбіне оқуда әдейі қиындық туғызады, адамды ойлауға, ой елегінен өткізуге мәжбүрлейді. шын мәнінде, мәтін оқырманға өз сезімдерімен, өмірлік трейлерлерімен, қызығушылықтарымен байланыс нүктелерін таба алатындай уақыт береді. постмодерндік әдебиет жаңа шындықты немесе әркім табатын көптеген шындықтарды жасайды.

Ең алдымен деконструкция ұғымына тоқталар болсақ, Ж.Дерриданың деконструктивизмі постмодернизмнің жетекші философиялық және эстетикалық ұстанымына айналды. Деконструкцияның негізгі объектілері – таңба, жазу, сөйлеу, мәтін, контекст, оқу, мимесис, метафора, бейсаналық, өнер түрлері мен жанрлары. Осыларға сүйене отырып, Деррида көркем тілдің кез келген элементін басқа тарихи, әлеуметтік, саяси, мәдени, эстетикалық контекстке еркін ауыстыруға немесе мүлде кез келген контекстен үзінді келтіруге болады деп есептейді. Бұл идеялар постмодерндік интермәтіндік концепцияның негізін құрады.

Интертекстуалдылық–постмодернисттік әдебиетке тән белгілердің бірі. Бұған қатысты Ю.Кристева бір мәтіннің ішінде екінші мәтіннің көрініс тауып, қабысып кетуі арадағы шекараны жояды дейді. Постмодернисттер үшін әлем дегеніміз мәтін ғана. Алайда туындыда қай тұлғаның ой-пікірі кездеспесін, оның авторы көрсетілмейді. Постмодерннің өмірге келуімен "автор өлімі" ұғымы қатар жүреді. Постмодернисттерге салсақ "Шығармада автор емес тіл сөйлейді. Демек шығарма тууымен автор өледі. Оқырман авторды емес өз уақыты тудырған мәтінді ғана оқиды"

Постмодернизмнің тағы бір белгісі-гипермекен, гиперкеңістік. Туындыда осыған дейінгі классикалық композициялық жүйенің сақталуы, хроноптың сол жүйеге сай жүруі шарт емес. Тіпті, сөйлем құрылысында да әдеттегі синтаксистік құрылым сақталмай, автор әдейі ауытқып отырады. Себебі постмодерн теориясына салсақ ол ғұмыр кешіп отырған кезең де осыған дейінгі барлық жүйенің астаң-кестеңі шыққан, ессіздік пен есуастық жайлаған уақыт.

Постмодернисттік терминдер ішінде жиі қолданылатын терминнің бірі –симулякр. Бұл – көшірменің көшірмесі немесе жоқты бар, жалғанды ақиқат деп таныту. Туындыдағы оқырманмен ойын симулякр арқылы жасалады. Шығармадағы оқиғаға оқырман жан-тәнімен сеніп отырғанда, кейіркерлердің барлық әрекеті жалған болып шығуы ғажап емес. Бодрийар "шынайы симулякр" дәрежесіне жету үшін образға мынандай талап қояды:

♦ ақиқатты сомдауға тырысу
♦ ақиқаттың жоқтығын бүркемелеу
♦ кез-келген бір ақиқатқа қатысы болмау

Бұл ойын автордың ойлап тапқан жаңалығы емес, осыған дейінгі жүйе құлап, хаос жайлаған уақыттағы постмодерн адамның күнделікті өмірі де ойынға толы. Виртуалды кеңістіктегі өз өтірігіне өзі сеніп, өзгені де сендіргісі келетіндер соның айқын дәлелі.

Сонымен қатар постмодерндік туынды әрқашан иронияға толы болады. Қазақ әдебиетінде постмодернизм теориясы толық талқыланбағанымен оның белгілері Д.Амантай, Ж.Қорғасбек, Т.Әсемқұлов сынды жекеленген авторлардың шығармаларында кездесіп жүр.

Айым Нұрсапа

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір