• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 11:08:06
Алматы
+12°

Өткен аптада Петропавлда құрылған сепаратистік ұйымның видеосы тарап, әлеуметтік желіде шу шығарды. Кейін ұйым мүшелерінің қазақстандықтардан кешірім сұраған видеосы тараған болатын. Осы орайда қоғам белсендісі Арман Шораев Мұхтар Тайжанның Youtube арнасына сұхбат беріп, сепаратистік ұйымдар жайлы пікірін айтты.

"Бұған дейін сепаратистер әр жерден бір үн шығаратын. Бірақ ішкі органдар бұған аса мән берген жоқ. Жуырда Атбасарда бір жігіт "егер Ресей шабуыл жасаса, мен Қазақстанға қарсы шығам" деді, бірақ оған қарсы ешқандай шара қолданылмады. Соның нәтижесінде Петропавлдағы оқиға орын алды. Сепаратистер айтарын айтады да, екінші күні жыламсырап кешірім сұрап тұрады. Видеода 20 шақты адам қауымдасқан топ болып отыр. Бір–бірін танығанына бір күн болмаған шығар, олар арам пиғылдарын бірнеше ай немесе бірнеше жыл ортаға қойып ақылдасып, бірігіп әрекет жасаған. Меніңше, бұл қылмыстық топтың бәрін бір адамдай сотқа тартып, жазалау керек"– деді ол.

Сонымен қатар, Арман Шораев сепаратистік топтардың артында Ресей тұрғанын мәлім етті.

"Бұндай топтың артында Ресейдің құлағы көрініп тұр десем қателеспеспін. Өйткені бізде елшіліктен басқа "Россотрудничество" деген сепаратистерді іштей қолдап жүрген мекеме бар. Біз білмейтін агенттіктер қаншама. Петропавлдағы ұйым – Ресейдің арам пиғылының нәтижесі. Егер біздің мәжілісте, мәслихатта не әкімдердің ішінде намысты азаматтар отырса, баяғыдан бері бұндайлардың үнін өшірер еді. Өкіншіке қарай, біздің үкіметтегілер – Ресейдің марионеткалары. Үнсіз үкіметтің, үнсіз депутаттардың кесірінен осы жағдайға жеттік"  – деп мәлімдеді ол.

Сұхбат барысында тіл мәселесін тілге тиек еткен Арман Шораев жаңа депутаттардан тіл мәселесін шешуді күтетінін де айтты.  

"Ұлтжанды азаматтарды саяси тұтқын еткен біздің билік сепаратистердің бас көтеруіне ықпал жасайтын Кремль саясатын  қолдап келе жатыр. Бізде ұлттық идеология жоқ. Меніңше, ұлттық идеология архивімізден басталады. Басшылары басқа тілде сөйлеген қай елді көрдіңіз? Қазақ тілі төрге отырмай, басшылар қазақ тілінде сөйлемей, ел бола алмаймыз. Біз әлі күнге Ресей Федерациясының колониясымыз. Ана тіліміз есіктен сығалап тұрғанда, "орыс тілі жылын" жариялау – ұят нәрсе. Бізде ұлттық идеология жоқ. Жақын арада болмайды да" – деп хабарлады Арман Шораев.

Сонымен қатар ол жер мәселесін көтеріп, Ресей мен Қытай сияқты шекаралас елдер компанияларына шекара маңынан жер берілмеуі керегін айтты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір