23 Наурыз, 2023 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Наурыз – жаңару мейрамы. Көрісу – адамдарды жақындастырып, ауызбіршілік орнататын айтулы күн. Алматыда 23 наурызда осы екі мейрамды кең көлемде тойлатып, бұл атаулы күндердің рухани маңызын арттырып, кәсіпкерлер және қатысушылар арасында нетворкинг орнату мақсатында KORISU атты кеш өтті. Ұйымдастырушы – «Алтын көпір», «100 LЕАDER» жобаларының авторы Алмас Қылыш.
Кешке еліміздің қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, кәсіпкерлер, блогерлер, жалпы 400-ге жуық адам қатысты. Мұхтар Шаханов, Зейнеп Ахметова, Омар Жәлел, Өркен Кенжебек, Дәулет Мұқаев, Асхат Нұрмашев, Мәди Фазыл, Жанель Серғазина, Бағлан Әбдірайымов сынды т.б. елімізге танымал тұлғалар қонақ болды.
Кешті қазақ ақыны, драматургі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов ашты. 1988 жылы Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурызды тойлау жөнінде мәселе көтеріп, хат жазған тұлға Ұлыстың ұлы күніне орай ақ батасын берді.
Филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлел нетворкинг кешінің халыққа берер пайдасы жайлы айтты.
«Ірі мемлекеттің сүйегін жасайтын, экономикаға пайдасын әкелетін кәсіп, ол - өнер мен ғылым арқылы болады. Міне, Алмас бауырымыздың осы кешті ұйымдастырудағы идеясы - кәсіпкерлердің басын біріктіріп, халыққа максималды пайда әкелуді көздеп отыр. Өйткені, бүкіл әлемнің экономикасын ұстап отырған мемлекеттердің кәсібінің негізінде ғылым жатыр. Ал, біздің экономикамыз шетелдік экономикаға тәуелді. Біздің ресурстарымыз дамыған елдердің жеміне айналып отыр. Содан құтылу үшін бізге ғылым мен өнер керек. Мына өткізіліп жатқан «Алтын көпірдің» идеясы да осында. «Алтын көпір» аға буын мен кіші буынның арасын біріктіріп отыр», - дейді ғалым.
Кәсіпкерлердің, медиатұлғалардың, дамушы жастардың басын қосқан «Көрісу» нетворкинг кешінің демеушісі – Golden bridge компаниясы. Оның негізін қалаушы Болатбек Дәлелханұлы жақсы қарым-қатынас құра білу кәсіпкерлер үшін ғана емес, өмірде де кез келген мәселені шешу үшін өте маңызды екенін айтады.
«Демеуші болуыма Алмас мырзаның компаниясы «Алтын көпір», ал біздің компанияның атауы Golden bridge болғаны да әсер етті. Оның үстіне жобаның өзі де ерекше болғандықтан, бірден қолдадық.
Мұнда жиналған кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – таныстық. Менің өзім, кем дегенде, 15-20 кәсіпкермен танысып үлгердім. Осылай өз өрісімді кеңейттім дей аламын», - дейді кәсіпкер.
Ел ішінде Дәулеттен атымен танымал экономист, журналист Дәулет Мұқаев кештен алған әсерін бөлісті.
«Алмас ұйымдастырып жатқан көрісу кешіне алғаш рет қатысудамын. Өте жақсы жоба. Бір дастарханда адамдар жиналып, бір-бірімен араласып, танысып, ой бөлісіп, пікір алмасқанға не жетсін?!
Бұл – біздің дәстүрімізді жаңғырту ғой. Түптеп келгенде, барлығы дресскод деп, ұлттық нақышымызды да дәріптеп жатыр. Мұндай іс-шаралар көбеюі керек», - дейді Төлеутайұлы.
«Асар үме» қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев бұрыннан көрісуді тойлағанымен, жан-жақтан жиналған дамушы ортамен алғаш рет атап өткелі тұрғанын жеткізді.
«Бүгін – мен үшін тарихи кеш. Өйткені, қай өңірде де болсақ та, әр қазақ бір-бірімізді қолдауымыз керек. Нетворкинг, көрісу секілді дәстүр болмаса, қазақ «Ақтабан шұбырынды» кезеңінен ешқашан шықпаушы еді. Қазір 20 миллион адам болсақ, ХҮІІ ғасырда бір жарым миллион ғана қазақ болған. Байтақ жерімізді игеріп, басқарудың бір себебі нетворкинг болған. Себебі, әр қазақ бір-бірін танитын, тойда кездесетін. Әрқашан бір-біріне көмекке келуге дайын болатын. Міне, бүгінде осындай қазақы нетворкингке куә болып отырғанымыз қуантады»,- деді қайырымдылық қорының басшысы.
Ал, әнші Бағлан Әбдірайымов нетворкингке байланысты өзі оқыған бір мысалын айтып берді.
«Американың президенті болған Дональд Трампты қарызға батып жүрген кезінде осындай жиынға шақырған екен. Ол барғысы келмесе де амалдың жоқтығынан барған. Сол жиында мықты кәсіпкердің жанына отырып қалған. Бір дастарханда отыру арқылы мәселесін шешіп, әрі қарай өз ісін жалғастыруға сол адамның септігі тиген. Сондықтан мұндай орта адамның өсуіне, таныстықты арттыруына үлкен мүмкіндік береді. Бұл жерде жиналғандардың бәрі «сен тұр, мен атайын» деген азаматтар мен азаматшалар екені рас», - дейді әнші.
Журналист, саяхатшы Өркен Кенжебектің айтуынша, ұйымдастырушы тек батыс аймақта сақталған көрісу дәстүрін жаңаша тұрпатта, елдік деңгейде таралуына үлес қосып жатыр.
«Уоррен Баффеттің сөзін бұрмалап айтатын болсам, менің табыстарымның 95%-ы – адамдармен ара қатынасыма байланысты. Яғни, Абайдың сөзімен айтқанда, ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың. Бұл жердегі мінез деген сөз – адамдармен қаншалықты жақсы қарым-қатынас құра алатының. Сол ғылымды біз нетворкинг дейміз. Елімізде оның бастамасын бастаған – Алмас Қылыш. Мұндай орта бізге көп керек. Неге? Өйткені, бізді соңғы 350 жыл бойы бытыратып келді ғой. «Жүз, ру, орыстілді қазақ, басқа діндегі қазақ» деп және т.б. Қазір – бірігудің, орталанудың заманы. Оның ең тиімді жолы – нетворкинг.
Бұл жерге келген әр адам өз пайдасын табады. Мәселен, жастар қалыптасқан кәсіпкерлердің арасынан өзіне инвестор табуы мүмкін. Ал, енді үлкен кәсіпкерлер өздеріне серіктес табуы мүмкін. Блогерлер, медиа мамандары, PR-мамандар да өздеріне жаңа жобалар қарастыра алады. Әр адам өзіне керегін табады»,- дейді ол.
Кеш ұйымдастырушысы Алмас Қылыш адамдар арасында пайдалы таныстық болуы керек деген пікірді ұстанады. Ол кәсіп жолында жүрген жастар мен аға буын арасында байланыс жоқтығы қоғамда өзекті мәселе екенін айтады. Осы мақсатта бұған дейін 2020 жылы «Алтын көпір» жобасын іске асырған. Бұл идея екі буынның арасын жалғайтын алтын көпір болсын деген ойдан бастау алған.
«Бұған дейін 30 шақты нетворкинг жобаларым жүзеге асыпты. Шетелге де бардық: Дубайда Сырымбек Тау, Түркияда Марғұлан Сейсембай ағалармен нетворкинг тур ұйымдастырдық.
«Көрісу» кеші биыл үшінші рет өтіп жатыр. Ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен, нетворкинг. Яғни, келгендер өзара байланыс орнатады. Екіншіден, Наурыз бен Көрісу мейрамдарын жаңаша форматта тойлаймыз. Үшіншіден, бүгінгі күн Оразаның алғашқы ауызашарына тұспа-тұс келіп тұр. Төртіншіден, датасы айрықша – 23.03.23 жыл»,- дейді Алмас Қылыш.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғамға пайдасы тиіп жүргендер – кәсіпкерлер.
«Олардың 20 пайызы бизнестегі майталмандар болса, қалғаны – ісі енді жүйеленіп келе жатқан жандар. Көптеген жас кәсіпкердің қолынан мықты дүниелер жасау келсе де, ынжық болып жатады. Мәселен, бастаған ісіне инвестор тартудан қорқады. Ал, біздің жоба арқылы олар өзара серіктес, клиент, инвестор таба алады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай ортаға келудің пайдас жетіп артылады»,- дейді нетворкер.
Бағдарлама бойынша спикерлер кәсіп, мәдениет, ұлттық құндылық тақырыптарында сөз сөйледі. Салт-дәстүрімізден жоралғылар көрсетіліп, ұлттық ойындар ойналды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің отандық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Мейрамға орай әншілер мен бишілер өнер көрсетті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір