• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:08:33
Алматы
+35°

Журналист, ҚазТАГ халықаралық ақпараттық агенттігінің (ХАА) негізін қалаушы Әсет Матаев 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына өз кандидатурасын ұсынды. Бұл туралы ол facebook парақшасында жариялады.

– Қайғылы қаңтар оқиғасының кейін жарты жыл өткен соң менің өмірім күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды. Бұған дейін бірнеше дүркін табанды түрде талап етсек те, тауымызды шағып, шарасыз күйге түсірген Жоғарғы Сот әкем Сейітқазы Матаев екеуімізді ақтап шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Сот мемлекет атынан бізді заңсыз соттағаны үшін кешірім сұрады. Саяси астары бар осы қылмыстық іс Бас прокуратура қызметкерлерінің мұқият қарауынан кейін жойылып, қазір ол Жоғарғы Сот бюллетенінде негізсіз сотты болып, үкім шығарудың мысалы ретінде жарияланып жүр. Мен осы сәттен бастап Әділетті Қазақстанның рухын шынайы сезіндім. Мен үшін Әділетті Қазақстан – адам құқығы мен заң үстемдігі бәрінен биік тұратын әділетті мемлекет, әділетті қоғам. Яғни, барлық адамның құқығы заңмен қорғалып, қылмыс аяусыз жазалануы тиіс, – дейді Матаев.

Ол атап өткендей, соңғы айларда оның атына мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты халықтан көп шағым түсетін болған. Ол өтініш-шағымдардың барлығы да жан-жақты тексеруді қажет етеді.

Журналист кез келген мәселенің соңғы шешімін президенттің мойнына іліп қою дұрыс емес деп санайды.

– Шенеуніктер қоғамның өзімен қоян-қолтық араласа жүріп, халықтың талабын бірлесіп шешу жолында алға басуы қажет. Президент институтына құрметпен қарай отырып, мен бір адамның ғана тұтас жүйеге жауап беріп, қордаланған мәселелерді шеше алмайтынына сенімдімін. Ниет пен амал! Әрқайсымыз өз босағамыздан, ауламыздан, жұмыс орнымыздан бастап, тәртіпке келтіріп, елді дамыта алатынымызды қоғам түсінуі керек. Үкімет пен парламентке жаңа көзқарастағы белсенді адамдар қажет. Мемлекеттік аппарат бюрократия мен қағазбастылыққа көміліп қалды. Шұғыл шешімдер қабылдау былай тұрсын, мойнына жауапкершілік алудан қашатын болды. Алматы қаласындағы бір мандатты №5 сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсу ниетім бар. Жеңіске жеткен жағдайда менің Парламенттегі даусым Алматы тұрғындарының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мүддесін қорғайтын болады. Мені әр өңірдегі жастар өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім қолдап отыр. Олар өзгерістер мен дамуды қалайды. Біреулер дамуды сырттан іздеп жүр. Ал мен өз өмірімді қасиетті Отаныммен байланыстырамын. Біздің ұрпақ көптеген мәселені шешіп, Қазақстанды өркениеттің даңғыл жолына бағыттай алады деп сенемін!, – деді Матаев.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір