12 Желтоқсан, 2022 NEWS
Фото: Екатерина Штукина / POOL / ТАСС
Президент Қ.Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмағанын айтып, министрлер кабинетін отставка жіберу-жібермеу мәселесін талқылау керектігін мәлім етті.
– Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлде жұмыс жасалған жоқ. Мысалы, әбден ескірген, қажеті жоқ нормативтік актілерді жою керек екені осыған дейін де бірнеше рет айтылды, үкіметке тиісті тапсырмалар да берілді. Соның кесірінен министрлер және мекеме басшылары өздігінен әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайды. Бітпейтін жиналыстарға, құжатты келісу жұмысына өте көп уақыт кетеді. Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Ал тұтас елдің, халықтың тағдыры сол маңызды шешімге байланысты болып жататыны, өкінішке қарай, ескерілмейді. Үкімет пен президент әкімшілігі арасындағы өзара іс-қимыл дұрыс жолға қойылмаған. Жұртшылық үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін, – деді ол.
Осындай сыннан кейін президент үкімет отставкасы туралы ойын ортаға салып, оны алдағы уақытта талқыға салу керектігін жеткізді.
– Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер мемлекет басшысының премьер-министрмен және парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек, – деді ол.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір