07 Қараша, 2022 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Ата тілді ғылым, техника, технология, гуманитарлық салаларына енгізейік!
1.Экстенсивті жолдың отызжылдық нәтижесі және ертеңгі күндер... XXI ғасырда 60 миллионды ел болуымыз керек! Рухани- ақпараттық егемендігімізді қуаттайық!
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің бірталай өсуі экстенсивтік даму жолында қазақ деген ұлтымыздың елімізде саны өскенінен, тұрғынның арасында үлесі жетпіс пайызға жеткенінен, қазақ тіліндегі мектептер саны басымдау болғанынан. Шүкір.
Бірақ бұл жолдың бүгін тығырыққа тіреліп те бара жатқанын анық көреміз. Ата тіліміздің басқа ұлттар арасында абыройы аздаулау екенін, қазақтың да көбісі де өмір бойы басқа тілде сөйлеп, ойлап, оқып, жазып келеді де ата тілге көшуін ойласа да көше алмайтынын – жұмысында қасындағы бәрілер басқа тілде қатысады!.. Қазір қазақ тілділердің біразы балаларын басқа тілдерде (орысша, ағылшынша) оқытуға беруі де мәжбүрліктен ғой!.. Себебі – ең озық ғылыми-техникалық-технологиялық салаларда қазақ тілінің ізі де, иісі де әлі жоқ!..
Маман болғың келсе өзіміздің елімізде өзге тілде оқисың!..
Содан отыз жылда бір де қазақ Нобель лауреаты бола алмағаны да, ғылым, техника, технология салаларында, гуманитарлық салаларда болсын! Біріншілер прогрессті көтеретіндер, гуманитарийлар-ау елдегі рухты, сананы, ақпаратты егемендікті көтеретін топтар. Оған қоса әлемнен артта қалу себебі кадр мәселесі, ғалымның айлығы банктің күзетушісінікінен де аз, өнертапқыштар керек емес, жазушыға бір тыин да кітап жазған еңбегіне төленбесе – қандай прогресс пен озықтықты сұрайсың?
Озық салаларда істейтін қазақ тілділердің өздеріне де туған тілі тек үй тіліне айналғаны-ай!!!
Жапонияда миллиардер арасында екінші орын алатындар – жазушылар! Кітап оқиды жүз миллионнан асқан жапондықтар!
1991 жылы еліміздің тұрғындарының тек 39% қазақ болғасын, ұлтымыз орыстілді ортаның қоршауында болды. Қазіргі 70%-дықта тұрып қалмай, өсе беру керек. Елімізде 19 миллион тұрғынымыз болса, келесі отыз жылда 30 миллионнан асып, тағыда отыз жыл өткенде 45 миллионды болып, осы ғасыр біткенше 60 миллионға жетуіміз керек!.. Сонда халық санынан еуропалық Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания қатарлаына қосыламыз. 85 – 90%-ды қазақы тілді орта ата тіліміздің сақталуына экстенсивтік түрдегі кепіл болып қалар.
Екінші қырға көшсек, тілдің толық дамуына қазір рухани-ақпараттық егемендікті қалпына келтіру керек - гуманитарийларсыз халқыңды табанды қыла алмайсың. Табандылықтың да бір белгісі - ата тіл.
Майқының айтқаны бар: "Хан әділ болса басынан бағы таймайды, халық табанды болса қара жерден кеме жүргізеді"!.. Қазір бақтың тайыу жаққа жылжуларын да, табансыздықтың да ымдарын көрудеміз – жағдайды дұрыстау керек. Ақын, жазушыларымыздың, Қолливудтың, т.б. гуманитарийлардың да бұ жерде зор үлесі керек!..
2.XXI ғылыми-технологиялық ғасырдың интенсивті жолы міне:
Әр ғылыми-техникалық-технологиялық салада ата тілді жақсы білетін мамандардың басын қосып, ғалым-лингвистермен күшейтіп, төрт-бес жылда қазақ тілде терминология жасау керек! Оқулықтарды жазып, салалық журналдарды ашып, қазақ тіліндегі кітап, т.б. материалдарды жинап салалық ақпарат қорларды іске кіргізу, қазақ тілінде мамандарды оқытуды бастау. Осылай ірге салып бәр озық салаларды қазақылау – Жаңа Қазақстанымыздың керек істерінде алғашқы қадамдарының бірі болсын.
3.Қасиетті бұл істің алғашқы қадамын өмірге енгізу:
Бірінші. Ең биік әкімшілікте бұл істі үнемі алға жылжытып отыратын талантты белсенділер керек.
Екінші. Үкіметте бұл істі ұйымдастырып, өмірге енгізетін арнайы комитет керек. Ойға, іске жалқауларды онда жақындатпау - ең бастысы. Тек іс, нәтиже әр адамның кәсіптік бағасы. Бұрынғы жалқаулық, ынтасыздық капитуляциядан отыз жылдың көптеген бастамалары бос әңгімеге айналды. Ал, жемісті салаларға қарасаң, со салалардың басында талантты еңбекшіл прогрессивтік идеялары бар тұлғалар болды. Мысалы, халықараралық салада бүгінгі көсеміміз, демографияда идеяларды беріп тұрған Мақаш Тәтімов болды. Бірақ 2012 жылдан бастап демографиялық талпыныста оралмандарымыздың үлестері басылды, қандастарымызды келтіретін кең қақпа жабылды, тар тесіктен көбісі өте алмайды-ау...
Үшінші. Істі қаржылауға мемлекеттік және азаматтық әдіс. 162 белгілі қалталы, ұйымдастырушы қабілеттері жеткілікті, азаматтарымыз 162 мамандыққа ата тілді енгізуге бар күшімен үлес қосса - ұлттық салықты біраз жағынан орындады деуге болады. Ең нәтижелілерге марапат аялмай берілсін – мұндай мүмкіндіктен қашатын адам болмас. Алтын әріппен жазылсын: «Ұшқыш-космонавтика саласын қазақылаған мынаулар...» деп, «Программирование саласын қазақылаған мынаулар...» деп, бәр салада алғашқылардың аты қалсын.
Төртінші. Жұмыс ашық түрде болып, алты ай сайын нәтижелері қаралып, теледидар арқылы комитет бастығы мен салалық орындаушылар теледидармен халыққа ақпарат, сұрақтарға жауап берсін: бір күн, таңның тоғыз сағатынан кешкі алтыға дейін. Осылай әр жыл өткен сайын теледидарда премьер-министр мен осы іске жауапты орынбасары халыққа бұл іске қатысты есеп беріп тұрсын.
Бесінші. Жұмысты биылғы желтоқсан айының бірінен бастау: комитетті ұйымдастыру, жоспардың схемаларын, кадрларды белгілеу, іске кіргізу, таланттарды топшылау, офлайн да, он лайн да, процесстің жүруімен іскерлер қосыла береді, тек кедергілерге беріспей үнемі алға жылжып тұру керек. Терминологиялау проблемасын көтеріп жұрген лингвистерді бәрі біледі, енді тек талантты, қуатты, еңбекшіл, нәтижеліл, ұйымдастырушы белсенділер керек және көздерінен от жанып тұрған қоғамдық ұйымдастырушылар-белсенділер, журналистер – шамымыз сөнбес үшін. Әр құрылтайда осы істің жағдайы туралы ақпарат беріліп тұрсын. Ешкіммен ұрыспай, билік пен халықтың күшімен керек істі алға жылжытудың мүмкіндігі бар – 99%-ды мүмкіндік.
Алтыншы. Осы ұсыныспен еліміздің әр азаматына айтатыным: Жаңа Қазақстанды тек өзіміз құра аламыз. Қолымыздан келгенін істейік.
Жетінші. Президентімізге тілейтінім: отыз жылда істелмеген істі бес жылда орындайық! Күшіміз жетеді – Әділді Қазақстанға қадам басу, ата тілімізге ұлт ретінде әділдік көрсету. Тарихи тағдырымыз солай болды, тең жартысымыз ондаған жылдар туған тілімізде сөйлей, ойлай, оқи, жазай алмадық, енді азат елімізде қазақ тілінде сайрап кету, озық елдердің қатарына өзіміздің еңбегіміздің нәтижелерімен жету – аруақтардың алдында біздің ұрпақтық парызымыз. Жігері бардың жолы бар дейді ағылшындар. Жігерлі болайық! Мақсаттарымызға жетейік!
Жазушы, зерттеуші Төреғали Қазиев
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір