01 Ақпан, 2014 NEWS
Жания Әбдібек. Махабаттың "қаралы күні"
Алдымызда «әйгілі» ғашықтар мейрамы немесе әулие Валентин күні келе жатыр. Бұл мейрам Еуропадан еніп, елімізде соңғы жиырма жылдан бері...
Алдымызда «әйгілі» ғашықтар мейрамы немесе әулие Валентин күні келе жатыр. Бұл мейрам Еуропадан еніп, елімізде соңғы жиырма жылдан бері тойланып келеді. Әсіресе, жастар жағы біреудің қаңсығын таңсық көріп, Еуропаның өзі мойындай бермейтін, қайдағы бір белгісіз поптың аты берілген мейрамды қырылып, жапатармағай мерекелейді. Алайда «жылтырақ» мейрамның сыртына қызықпай, оның астарында қандай ойдың, мейрамның мақсаты мен қайдан шыққанын білсек керек еді...
Әулие Валентин күні − мұсылман елдері түгілі христиан мемлекеттерінің өзінде үлкен дау тудыратын мейрам. Себебі, шығу тарихы түрлі бейәдеп аңыздармен байланысты. Мейрам бастауын ежелгі Римдегі Луперкалий деген эротикалық мерекеден алады. Бұл мейрам кезінде Ежелгі Римде арнайы құрбандыққа мал шалып, мал терісінен дүре қамшы тілетін болған. Сол елдің еркектері бір- бір дүрені қолына алып, жалаңаш шешініп тастап, жолына кездескен әйелді соққыға жығып, кейіннен сонымен жұптасқан. Уақыт өте келе мейрамға тыйым салынса да, тойлау дағдысы әулие Валентин күніне ұласқан. Валентин де періште емес. Діндар әскерден қашқан жауынгерлердің сүйгендерімен некесін жасырын түрде қиып отырған. Діни заңды бұзып, әйелмен жақындасып қойған. Кейіннен осы "ерліктері" әшкереленіп, басы шабылған. Сөйтіп «еркін» махаббатты қолдайтын ең лас діндардің есімі ұлы сезім − махаббаттың мейрамына беріліпті.
Өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап Батыста жаппай тойлана бастаған мейрам, тәуелсіздік жылдары батыстың ықпалымен біздің елде тамырын тереңге жайып үлгерді. Енді оған бұғау салу қиынның қиынына айналып барады. Еуропализацияның, жаһандық ақпараттың осы мерекені насихаттап жатқаны біздің жастарға кесел болып жабысты Бүгінде қанша айтылып, жазылып жатса да, естір құлақ жоқ. Себебі, жарнамасы күні бұрын жасалынып, еселеніп беріліп жатыр. Коммерциялық қызмет түрлері әлдеқашан өз істерін бастап та кеткен.
Бұл ғашықтар күні бір қарағанда махаббаттың, нәзік сезімнің әдемі мейрамы болып көрінгенімен, түптеп келгенде еркін махаббат, азаматтық неке түсініктерін насихаттайтын мейрам болып есептелінеді.
«Салт» бойынша мейрам күні жастар бір-біріне сезімін білдіріп, түрлі-түрлі сыйлықтар, гүлдер мен жүрек лүпілін жеткізетін мерекелік ашықхаттар сыйлап жатады. Сыртынан қарапайым әрі романтикалық болып көрінгенмен, сыйлықтың ұзын-ырғасы осымен тынса игі. Сырты жылтыр мейрамның ішкі сыры одан тереңіректе, әрі ең сорақысы да сол. Соқыр сезімнің жетегенде кеткен кейбір бойжеткендер бозбалаларына «өзін» де сыйлап жататынын қайтерсіз? Әсіресе бұл үрдіс Еуропада кең таралған. Батыстың желімен біздің елде де таралып барады. Бейресми деректерге жүгінсек, осы күні қалалық қонақүйлер мен пәтер жалдау құны шарықтап, «жетім бұрыш» пен пәтерлер бюросының саудасы сұмдық жүретін көрінеді. Қазірдің өзінде жарнамалы интернет-сайттар жарқыратып, «екеуге арналған романтикалық кеш» деп жарнамалап жатыр. Бұл ненің дәлелі, ары қарай бағамдай беріңіз! Христиан халықтарында қалыпты жағдай болғанымен де, қазақ секілді мұсылман еліне, ділі мен діні таза елге бұл жат қылық. Бұл күн мереке емес, ұлттың қаралы күндерінің бірі десе де болғандай. Себебі, осы күні қаншама бойжеткен адалдығынан айырылып, ұлт болашағына кесірі тиіп жатады. Абыройынан айырылған қыздардың өмір бойғы өксігі мен жарасын ойласақ, қызылды-жасылды құттықтау қағаздары мен раушан гүлдері, шоколод, шампан, би мен әнге толы мереке күндері емес, қаралы күн деп қабылдау керек. Ұлт келешегіне шабылған балта, тамырына жайылған індет деп түсіну қажет. .
Бұл күннің сұмдығы осымен бітер емес. Ғашықтар құрметіне жасалатын дискотекаларда, түнгі клубтарда, кештерде қаншама жас нашамен, шайтан сумен уланады, қызға таласқан төбелестерде қаншама бас жарылып, көз көгереді. Ғашығына қолы жетпей, өзін қор санаған жігіттер өзіне қол салаты тағы да бар. Сүйіктісі жоқ адамдар айналасына қызығып, өз жалғыздығын әдеттегіден әрмен сезінетін болады.
Әулие Валентин күні жастарды жеңіл жүріске, неке мен отбасылық өмірге жүрдім-бардым қарауға үйретпесе, басқа берер түгі жоқ. Валентин күні «әулиеліктің» емес, әсіреліліктің мейрамы деп ұғынса. Сондықтан,мұндай мейрам ұлтымызға да, дінімізге де жат. Бірін-бірі шын сүйген адамдар үшін құдайдың құтты күні мейрам. Сезім білдіру де мереке күттірмейтін мәселе. Оны білдіретін кәпірдің күні емес, құдайдың көруге жазған кез келген күні құрып қалмаған шығар.
Ал сіз не дейсіз, құрметті оқырман?
"Қамшы" сілтейді
Qamshy.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір