• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:46:03
Алматы
+12°
 
 

Бас прокуратура бірқатар облыстардың прокурорлары тағайындалғанын хабарлады.

Жаңадан құрылған Ұлытау облысының прокуроры болып 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Жарқынбек Кендірбекұлы Бақашбаев тағайындалды.

Бақашбаев Ж.К. еңбек жолын 1985 жылы Целиноград қаласындағы Ленин аудандық прокуратурасында тағылымгер болып бастаған.

Арыс қаласының ауданаралық прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қалаларының прокуроры, Қызылорда, Ақмола облыстары, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар департаменті және Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары болған.

2019 жылдан бастап Бас прокуратураның 2-Қызмет бастығы лауазымын атқарды.

Прокуратура органдарындағы тәжірибесі 35 жылдан асады.

Абай облысының прокуратурасын 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Абаев Ерлан Масғұтұлы басқарады.

Ерлан Абаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Павлодар облысы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, осы облыстың Ертіс, Успен аудандарының және Павлодар қаласының прокуроры, Астана қаласының ҚСжАЕК басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.

2016-2018 жылдары Бас прокуратураның департамент бастығының орынбасары, департамент бастығы лауазымдарын атқарған.

2018 жылдың шілдесінен бастап Маңғыстау облысының прокуроры болды.

Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 30 жыл.

Аға әділет кеңесшісі Басшыбаев Мадияр Бекенұлы Жетісу облысының прокуроры болып тағайындалды.

Басшыбаев М.Б. еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысының прокуратурасында басқарма прокуроры лауазымында бастаған.

Әр жылдары Ақтөбе облысы мен Алматы қаласының прокуратураларында құрылымдық бөлімшелерді басқарды. Медеу, Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокуратурасының Аппарат басшысы, Бас прокуратураның Стратегиялық даму департаменті бастығының орынбасары болды.

Бүгінгі таңға дейін Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары ретінде қызмет атқарды.

Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 20 жыл.

Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Шалабаев Серік Рысқалиұлы тағайындалды.

Серік Шалабаев прокуратура органдарында 1992 жылдан бастап жұмыс істейді. Қызмет жолын Ақтау қаласы прокуратурасында тағылымгер ретінде бастаған.

Тергеу жұмысында және МТК-де мол тәжірибесі бар. Өңірлік деңгейде және орталық аппаратта да бірқатар басшылық лауазымдарды атқарған.

Бас әскери прокурордың орынбасары, Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, Алматы облысы прокурорының орынбасары, Бас Прокурордың аппаратындағы Басқарма басшысы, Бас прокуратураның Департамент басшысының орынбасары, Құқық қорғау органдары академиясының проректоры болды.

Осы қызметке тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметін басқарды.

Құқық қорғау органдарындағы 30 жылдан астам еңбек өтілі бар.

Ақтөбе облысының прокуратурасын енді 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Халидулла Зиноллаұлы Дәуешов басқарады.

Халидулла Дәуешов прокуратура органдарындағы қызметін 1991 жылы Гурьев облысы Гурьев қаласы прокуратурасында тағылымгер болып бастаған.

Әр жылдары Атырау облысының прокуратурасы мен Орталық аппаратында жұмыс істеген.

2002-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының, Атырау облысының Жылыой және Мақат аудандарының прокуроры, Атырау қаласының прокуроры, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары, Қызылорда облысының прокуроры қызметтерін атқарған.

Осы тағайындауға дейін Атырау облысының прокуратурасын басқарды.

Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі – 31 жыл.

3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Сүлейменов Тимур Қайырбекұлы Бас көлік прокуроры болып тағайындалды.

Тимур Сүлейменов қызметін 1997 жылы Алматы қаласының Алмалы ауданы прокурорының құқықтық статистика жөніндегі көмекшісі ретінде бастаған.

Алматы қаласының прокуратура органдарында әртүрлі лауазымда қызмет атқарған. Оның ішінде Әуезов ауданы прокурорының орынбасары, Түрксіб ауданы прокурорының орынбасары, Алматы қаласы және елорда прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары болды.

Қостанай облысының прокуратурасын және құқық қорғау органдары академиясын басқарды.

Прокуратура органдарында 24 жылдан астам еңбек өтілі бар.

 

Маңғыстау облысының прокуроры лауазымына аға әділет кеңесшісі Руфат Бауыржанұлы Құттықов тағайындалды.

Руфат Құттұқов еңбек жолын 2000 жылы Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.

Әр жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасын, Жамбыл облысы Жамбыл ауданының прокуратурасын және Атырау қаласының прокуратурасын басқарды.

2018-2020 жылдары Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініштермен жұмыс және іс жүргізу департаментін басқарды.

Прокуратура органдарындағы қызмет өтілі – 22 жылдан астам.

Жұмақанов Бауыржан Альбертұлы Атырау облысының прокуроры болып тағайындалды.

Жұмақанов Б.А. еңбек жолын 2001 жылы Ақтөбе облысындағы құқықтық статистика органдарында бастаған.

Әр жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының орынбасары, прокуроры, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің Аса маңызды қылмыстық істерді тергеу басқармасындағы Бас Прокурордың көмекшісі лауазымдарын атқарған.

Осы тағайындауға дейін Атырау облысы прокурорының орынбасары болды.

Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі.

Прокуратура органдарында 20 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келеді. 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: кадрлық тағайындау

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір