Фото: Rukh2k19 телеграм-каналы
Қаңтар оқиғалары маңдайынан оқ тиіп қаза тапқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның жанұясы ҰҚК қызметкерлерінің қоқан-лоқысынан кейін шетелге кетіп қалған. Бұл туралы Orda.kz ақпарат порталы хабарлады.
Басылым Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан ҰҚК қызметкерлері бірнеше мәрте келіп, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқанын, оларға азалы отбасының белсенділігі, тергеуді талап етіп, журналистерге сұхбат бергені ұнамай қалғанын жазады. Сондықтан отбасымен шетелге кетуге мәжбүр болғанын, қауіпсіздіктері үшін қайда кеткенін айта алмайтынын жеткізген.
Бүгінде қанды оқиға кезінде жараланған өзге балалардың жағдайы да мәз емес. Айдос Мелдеханның 15 жастағы қызының денесінде әлі де 8 жарақат жарықшағы бар. Оны шығару мүмкін болмай тұр. Жаралы қыз үйінен шықпайды, қозғалуы қиын. Мектепті онлайн бітірген. Үйдегі кенше ұлмен психолог жұмыс істеп жатыр. Әліге дейін қорқады. Посттравматикалық шок алған.
4 жастағы Айкөркем Мелдехан 7 қаңтар күні қаза тапқан. Мелдехан әулеті кешкі уақытта азық-түлік іздеп көлікпен Сәтпаев көшесінің бойымен кетіп бара жатқан. Алматы әкімдігінің маңына таяғанда әлдекімдер көлікті атқылай бастайды. Көлікте Айдос Мелдеханның Айкөркемнен өзге бір ұлы мен қызы болған. Екеуі де жараланған. Ал Айкөркемді аман алып қалу мүмкін болмады. Оқ оның маңдайына тиген. Айдос Мелдехан көлік шанағынан 20 оқ ізін тапқанын айтады. Сөзінше, баллистика сараптамасы оқ әскерилер қолданатын қаруға тиесілі екенін анықтаған.
Азалы отбасыға Алматы әкімдігі үш бөлмелі пәтер беріп, Мелдехан әулеті пәтерге күні кеше ғана тіркеуге тұрған. Сондай-ақ бірер күн бұрын ғана "Қазақстан халқына" қоры тарапынан тағайындалған ақшалай өтемақыны алу бойынша құжаттар тізбесі жазылған хабарлама алған.
3 маусымда Жароков-Мыңбаев көшелерінің қиылысында Айкөркемнің бейнесімен және "Қай аға мені атқан" деген жазумен граффити пайда болған. Алайда оны бірден өшіріп тастады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір