Орталық референдум комиссиясы 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге 7 985 769 адам қатысқанын, бұл – референдумға қатысу құқығы бар адамдар санының 68,05 пайызын құрайтынын мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат ақпарат агенттігі мәлім етті.

 

– Осылайша "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі, – деді ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

 

Оның айтуынша, елдің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам конституциялық түзетулерді жақтап дауыс берген.

 

– Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызын құрады немесе 1 490 477 адам. Осылайша, "Республикалық референдум туралы" заңның 31, 34-баптары негізінде еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгерістер қабылданды деп есептелінеді, –  деді ол.

 
Билік қабылданған өзгерістер пакетіне "Жаңа Қазақстанды" құруға бағытталған саяси реформа, президенттің құзыретін шектеп, парламентті күшейтетін қадам деген мазмұнда баға беріп жатыр. Алайда мұндай мәлімдемелерге қарсы уәждерін айтып жатқан сарапшылар аз емес. Тіпті түзету мәтініне қарап-ақ, президент құзыретін шектейтін баптар көп еместігін, басым функциясы өзгеріссіз қалып, тіпті кей тұста күшейетінін аңғаруға болады.

43-баптың 3-тармағындағы "Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс" деген өзгеріске тәуелсіз сарапшылар екі ұдайы баға береді. Қазақстанда президент сайлауына кандидаттар тек саяси партия немесе ұйым атынан ғана ұсынылатындықтан, президенттің партияда болмауы, өзінің билікке келуіне жағдай жасаған партиядан, топтан толықтай қол үзетінін білдірмейді дейді олар.

Ал 44-баптың 4-тармағы тіпті президенттің құзыретін кеңейте түседі. Оған сай, президент сенат келісімін алып, Конституциялық соттың төрағасын, Ұлттық бан­к, Жоғары сот кеңесінің төрағаларын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыретін иеленеді. Аталған тармақтың бұрынғы редакциясында президентте Конституциялық сот (бұрынғы кеңес - ред) пен Жоғары сот кеңесінің төрағасын тағайындау, орнынан алу құзыреті болмаған.

Сондай-ақ президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның (бұрынғы есеп комитеті) төрағасы мен үш мүшесін тағайындау (44-баптың 7-тармағы), мемлекеттік кеңесшіні тағайындау (44-баптың 19-тармақшасы), облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімін тағайындау (87-баптың 4-тармағы) құзыреттерін сақтап қалды.