• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 15:17:15
Алматы
+12°

Қарағандыда «Алаш» тақырыбы арналған «Арқа арыстары» деген атаумен пресс-тур болып өтті. Елордалық, Алматы мен Түркістандық және жергілікті журналистердің басын қосқан жиынның ұйымдастырылуына әуелі аймақтағы белсенді жастар түрткі болған. Бастама қоғамдық ұйымдар мен жергілікті әкімдік тарапынан қолдау тауып, ақпараты мол, мазмұнға бай екі күндік тығыз кесте түзілген.

Арқадағы іс-шара ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында алаш тақырыбын жайдан-жай арқау етпеген. Алашорда қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейхан мен қозғалыстың белді өкілі Әлімхан Ермеков дәл осы топырақта туып, кіндік қаны тамған.

Сапардың І күні

 Қызыл террордан аман қалған жалғыз алашордашы

Пресс-турдың алғашқы күнгі алғашқы іс-шара Қарағандыдағы Әлімхан Ермековтың зиратына зиярат етуден басталды. Алаш арысына аралас бейіттен топырақ бұйырыпты. Бейітке беттегеннен-ақ көзге көрінетін арнайы жолбелгілер алаш азаматының мекеніне адастырмай апарады.

Фото: Qamshy.kz

Журналистерге жергілікті өлкетанушы, шежіреші Тұңғышбай Мұқан есімді ақсақал жолбасшы болып, Ермековтің өмірі мен қызметі хақындағы әңгімелер мен естеліктердің тиегін ағытты.

Фото: Qamshy.kz

Ермеков зираты темір шарбақпен қоршалған ешкімдікінен ерекшеленбейтін қарапайым-ақ қорым екен. Әйелі екеуі қатар жатыр. Шежірешінің сөзінше, арқа азаматтары зиратты сәулетті етіп қоршап, көзге көрінерліктей күйге келтіруді жоспарлап жүрген көрінеді.

Фото: Qamshy.kz

Тұңғышбай ақсақал Ермековтің шыққан тегі, өмірі мен саяси һәм ағартушылық еңбегі, Абайдың әулетімен бағзыдан жақын жолдастығы туралы біршама деректерді бөлісті.

 

Әлімхан Ермековтің тарихи еңбегі туралы сөз қозғалғанда алдымен ауызға оның қазақ шекарасын шегендеп кеткені еске түседі. Бұл – жасырын ақпарат емес. Алайда тәуелсіздіктің 30 жылдығында қайраткердің еңбегі мемлекеттік деңгейде көп насихатталмағандықтан, тарихтан аса хабары жоқ жұртшылық мұны біле бермейді. Іс жүзінде Қазақстанның қазіргі шекарасының белгіленуіне тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев емес, бір ғасыр бұрын Әлімхан Ермеков еңбек сіңірген. Ол алаш арысының білімі мен шешендігінің, табандылығының, келтірген уәждеріне Лениннің көзін жеткізе алғанының арқасында мүмкін болған.

 

1920 жылдың тамызында Мәскеуде жәр мәселесі бойынша бірнеше жиын өтеді. Дискуссия, дәйекпен дәлелдеу бірнеше күнге созылады. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай сұхбаттарының бірінде сол кезде Ресей, Алтай құрамалары, Астрахан, Сібір өкілдері, құрылу процесінде болған Түркістан автономиясы жан-жақтан анталап, қазақ жеріне көз алартқанын айтады. Ақыры Ермеков Ленинді дегеніне көндіріп, Ленин 1920 жылғы 26 тамызда Қырғыз АССР-ін (1925 жылдан кейін Қазақ АССР атанды) құру және оның территориясын белгілеу туралы декретке қол қойып, соның арқасында Қазақстанның қазіргі территориясы қалыптасты.

 

Ермеков Лениннің көңілін тапқанымен өзге алашордашылармен бірге Сталиннің қаһарына ұшырайды. Үш мәрте сотталып, өмірінің он сегіз жылын түрмеде өткізеді. Алғашында Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовпен бірге 1932 жылы үш жыл қамауда отырады. Екінші мәрте 1938 жылы қамалып, ғайыптың күшімен өлім жазасынан аман қалады. Тоғыз жыл түрмеде отырып, 1947 жылы босап шығады да, бір жылдан соң қайта тұтқындалып, Сталин өлгеннен екі жылдан кейін 1955 жылы бір-ақ босап шығады.

 

Шежіреші Тұңғышбай Мұқан Әлімхан Ермековке түрмеде білімі, заңды терең білетіні көп көмектескенін айтады. Ол сотталушылардың ерте босап шығу туралы өтініштерін сауатты жазып, оларға рақымшылық жасалуына септігі тиген. Түрменің өзінде сый-беделі мол адам болған. Бірде түрме басшылығына әлденені есептеуге көмектесіп, соның арқасында түрмедегі жағдайы өзгелерден жақсы болған.

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің әкесі Мұқан Мағауин Әлімхан Ермековпен түрмеде бірге отырып, Ермековті өте ақылды, ұстамды, менмен де емес, соншалықты жадағай да емес, артық сөз айтпайтын өте сақ, өзгелермен пікір таластырып, жаға жыртыспайтын адам ретінде сипаттаған.

«Жалпы, Әлекең мен біздің көпшілігіміз көмір шахтасында жұмыс істеудің арқасында лагерден аман шықтық» деп түрмеде ажал құрығынан аман қалуының сырын бөліскен.

Әлімхан Ермеков абақтыда аман шыққанымен ұдайы НКВД-ның бақылауында болған. Құзырлы орган оған дамыл бермей, ұдайы қысым жағдайында жүрген.

 

Тұңғышбай Мұқанның айтуынша, Ермековке 58-баптың 8-тармағы «Халық жауы» деген айып тағылып, Кеңес билігі соны үнемі есіне салып тұру үшін Ермековке Қарағандыдағы Ленин көшесіндегі 58 үйден пәтер береді. Онымен қоймай, алаш өкілін қалай да сегізінші пәтерге орналастыруды көздеп, кіріп қойған пәтерден көшіре алмай, бірінші, екінші, үшінші және төртінші нөмірлерді үйдің екінші қабатындағы пәтерлерге беріп, Ермековтің пәтеріне сегізінші нөмірді таққан.

 

Әлімхан Ермеков алаш үкіметі өкілдерінің арасында қызыл террордан аман қалған жалғыз ұлт зиялысы. Шешіреші Тұңғышбай ақсақал Ермековтың бүкіл алаш қайраткерлерінің ішінде кеңес үкіметінде елу жыл өмір сүріп, алаштың кім екенін, алаштың соңғы тұяғы екенін дәлелдеп кеткені оның бақыты екенін айтады.

Ермеков түрмеден шығып, толық ақталғаннан кейін Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінде математикадан дәріс оқып, 1970 жылы қайтыс болған.

 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы

Фото: Qamshy.kz

Ермеков зиратынан соң бағдарлама бойынша пресс-тур Қарағандыдан оңтүстік-батысқа қарай 45 шақырымдай жердегі Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайына барумен жалғасты. Музей бұрын Қарағанды еңбекпен түзеу лагеріндегі (ҚарЛАГ) «НКВД» басшылығы отырған ғимаратта орналасқан. ҚарЛАГ 1931 жылы құрылған. Аумағы солтістіктен оңтүстікке қарай 300 шақырым, шығыстан батысқа қарай 200 шақырымды алып жатқан. Музей орналасқан ғимарат 1933-1935 жылдары мыңдаған тұтқынның күшімен салынған.

Мұражай 2 қабаттан, ондаған экспозициялық залдан тұрады. Ол жерлерде саяси қуғын-сүргін тарихынан хабар беретін жәдігерлер, мұрағат құжаттары, хаттар, фотосуреттер, ҚарЛАГ тұтқындарының жеке істері, тұтқындар қолынан шыққан өнер туындылары бар. Мұражайда жалпы 6 мыңнан астам жәдігер болса, соның 2 мыңнан астамы ҚарЛАГ уақытының жәдігерлері.

Фото: Qamshy.kz

Әр залдың ерекшелігіне қарай қойылған музыка мен бөлменің жарығы сол дәуірдің атмосферасына еріксіз жетелейді. Мұражайдың жертөлесінде орналасқан тергеу изоляторының инсталляциялары түріндегі карцер, ерлер мен әйелдердің камералары, тергеуші кабинеті, азаптау бөлмесі, бақылаушылардың, тұтқындардың мүсіндері, зарлы әуен мен ауадағы дымқыл сызға дейін қапастағы жағдайды мейлінше шынайылыққа жақындату үшін жасалған.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Мұражайда тек көрме ғана өтіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі. Түрлі конференциялар, семинарлар ұйымдастырылады. Ғылыми қызметкерлер республика архивтеріндегі саяси қуғын-сүргін тарихы материалдарын зерттеумен айналысады.

Пресс-турдың алғашқы күні Қарағандыдағы «GOOD ZONE» коворкинг-орталығында қайнар бастауын Алаш идеясынан алатын «Есеп» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясы туралы ақпарат берілумен, күнді қорытындылаумен түйінделді.

Сапардың ІІ күні

Өзі салдырған қорымға Әлихан емес, қалпағы жерленген

Пресс-турдың екінші күні ерте басталды. Тілшілер таңғы 3:00-де жиналып арнайы көлікпен Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермеков туған Ақтоғай ауданына қарай тартты. Түн ортасында аттанудың сырын 257 шақырымдық жолмен 6-7 сағатта жүргенде барып ұқтық. Сөйтсек, алаш арыстарының ауылына апаратын жолдың сапасы сын көтермейді екен.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Ақтоғайға жеткен соң көлік тұмсығы бірінші болып Әлихан Бөкейханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген Жіңішке өзенінің жағасындағы «Талды Бейіт» қорымына келіп тірелді. Ата-баба әруағына құран бағышталып, дәстүр бойынша сөзді Тұңғышбай ақсақал алды.

Фото: Qamshy.kz

Бейітті Әлихан Бөкейхан әулетіне деп өз қолымен қазақтың сегіз қанатты үйінің үлгісімен сегіз қырлы етіп салғызған. Зиратты әулетіне топырақ бір жерден бұйырса деген ниетпен тұрғызған. Бейіт кірпіші топыраққа қамыс пен ши турап, шиыршық таспен араластырып құйылған. Ол жерге алғаш 1901 жылы Әлиханның әкесі Нұрмұхамед жерленген. Одан бөлек, атасы Мырзатай, анасы Бегімай, бауырлары Әзіхан, Тәтіхан, Смахан, қарындасы Нұрбекке сол жерден топырақ бұйырған. Бейіт ішінде осы әулетке қатысы бар өзге де адамдардың қорымы байқалады. Алайда олардың аты-жөні белгісіз.

Зираттың дәл ортасында ағаш өсіп тұр. Оны Әлихан арнайылап Омбыдан алдырып отырғызған деседі.

Фото: Qamshy.kz

Шежіреші ағаш Бразилияда өсетін Сәмбі талы екенін айтады. Қазіргі уақытта ағаш бұтақтары жан-жаққа тармақталып жайқалып тұр. Қорым бертін келе Талды бейіт аталуы осы жағдаймен байланысты. Қазір бейіт төрелердің қорымы болғандықтан, ел аузында Ата қорым деп аталады. Қорымға араб әріптерімен жазылған құлпытастар қойылған. Сол құлпытастардың бірінде «Қыр баласы, ел ағасы, жел жағында қаласы, ық жағында панасы, Әлиханды ұмыта ма, қазақтың бар баласы» деп жазылған екен. 1962 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы жазуды «буржуазиялық идеяны насихаттайды» деп қашап өшірткізбек болған. Алайда жазу толық өшпеген.

 

Аталған қорымды Әлихан Бөкейхан салдыртқанымен өзіне бұл жерден топырақ бұйырмағаны көпшілікке мәлім. Әулеті Әлихан Бөкейхан атылып, сүйегі қайда қалғанын білмеген соң ырымдап қорымға оның қалпағын әкеліп жерлеген.

 

Ал Әлихан Бөкейханның өзі қайда жерленгені ұзақ жыл беймәлім болып келген. 1937 жылғы 27 қыркүйекте Мәскеуде өлім жазасына кесіліп, атылғаны ғана белгілі-тін.

 

Тек 2010 жылы алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы журналистер Болат Мүрсәлім мен Әділ Нұрмақовтың көмегімен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов пен Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі Дон деп атанатын бауырластар зиратында жерленгенін, анығын айтқанда көмілгенін анықтаған. Оны Дон қорымының директоры тиісті құжаттармен растаған. Ұлт қайраткерлері аумағы шамамен 2-3 шаршы метр болатын жерге басқа адамдармен бірге көмілген. Әлихан Бөкейхан және Нығмет Нұрмақовпен қатар көмілгендердің саны, аты-жөні молада көрсетілмеген. Тек кейін анықталған деректер негізінде мола басына адам аттары жазылған ескерткіштер пен тақтайшалар қойылған.

 

Қорымнан шыққан топ Бөкейхан әулетіне тиесілі болған Жекежал қыстағының орнын көріп, Әлихан басына шығып, ойға шомып отыратын жартасқа шықты.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

«Арқа арыстары» пресс-туры Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры сахнасында қойылған алаш тақырыбын арқау еткен «Ұлтқа қызмет» спектаклімен аяқталды.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір