• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 16:02:55
Алматы
+35°

Журналист, жазушы Дәурен Омаров "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы журналист өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

"Бүгіннен бастап "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалып, жаңа жұмысқа кірістім. Еліміздің ірі компаниясының тыныс-тіршілігі туралы халықты және БАҚ өкілдерін уақтылы хабардар етіп тұруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Осы орайда, жауапты қызметті сеніп тапсырған "ҚазМұнайГаз" ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Маратұлы Мырзағалиевке ризашылығымды білдіремін. Жаңа міндеттеріме жауапкершілікпен қарап, абыроймен атқаруға тырысамын. Сіздермен үнемі байланыста боламыз!" делінген журналист жазбасында.

Дәурен Бауыржанұлы Омаров Алматы қаласында дүниеге келген

ҚазҰУ шығыстану факультетіне оқуға түсіп, ұзамай іріктеу сындарынан өтіп, Қытайға оқуға жолдама алады.

2005-2006 жылдары Шығыс-Қытай педагогикалық университетінде қытай тілі курсынан өткен.

2006-2010 аралығында Шығыс-қытай ғылым және теxнологиялар университетіне инженерлік менеджмент мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған.

2010-2012 жылдар арасында атаулы білім ордасында магистратурада оқып, экономикалық құқық магистры дәрежесін алған.

Білім алумен қатар республикалық "Айқын", астаналық "Астана ақшамы" газеттерінің Қытайдағы тілшісі қызметтерін қоса атқарған. Атаулы басылымдарға 100-ден астам танымдық мақалалары шыққан.

2012 жылдан бастап "Қазақстан" ұлттық арнасының Қытай Халық Республикасындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған. Жұмыс бабымен Қытайдағы қандастарымыз тұратын бүкіл мекенді аралап, олардың тұрмыс-тіршілігімен жете танысады. Аталған қызметті 2015 жылдың желтоқсанына дейін жүріп, 600-ден астам бейнематериалын жариялаған.

2015-2016 жылдар аралығында ҚР Шанxай (ҚХР) қаласындағы бас консулдығында қызмет істеген.

Артынша Шығыс-қытай ғылым және теxнологиялар университетін қоғамдық менеджмент және әлеуметтік  саясат факультеті докторантурасын тәмәмдаған.

Осы уақытқа дейін қытайтану тақырыбында "Ерте тұратын ел", "Мерекесі мол мемлекет",  "Жаһанға жайылған жұрт" атты кітаптары жарық көрген.

Дәурен Бауыржанұлының ізденімпаздылығы жоғары бағаланып, мемлекеттік басылымдарда жарияланған  еңбегі үшін  "Жастар – 2011" республикалық жастар премиясының "Жылдың жас журналисті" номинациясының, 2012 жылы "Шабыт" халықаралық фестивалінің проза жанры бойынша гран-приінің, 2017 жылы "журналистика номинациясы бойынша "Дарын" мемлекеттік жастар премиясының иегері атанды.  

Білім-ғылым жолында жетістікке жетіп қана қоймай, 2016 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысқан. Қытай мен Қазақстан кәсіпкерлеріне халықаралық бизнес және инвестициялар  бойынша консалтинг, кедендік рәсімдеу, жүк тасымалы қызметтерімен айналысатын жеке компания жұмысын жүргізген.

Қамшы порталы Дәурен Омаровты жаңа қызметімен құттықтай отырып, жауапты жұмысында жемісті еңбек етуін, абырой биігінен көрінуін тілейді.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Дәурен Омаров

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір