• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Қараша, 04:10:56
Алматы
+12°

Қазақ тарихында қазақ халқы ұмытпайтындай қасіретті тарихтың бірі "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" кезеңі. Тарихшылардың айтуынша, сол кезеңде қазақ халқы ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Тұтқиылдан шабуылдаған жойқын жоңғардың қолы халқымызды біраз жылдар бойы ата қонысынан айырып, "елім айлап" бостырды. Өкінішке қарай, қазақ тарихында Абылай дәуіріндегі ес жиып, қалмаққа қарсы шапқан дәуірдегі қолбасшы батырлар жақсы зерттелсе де, одан бұрынғы "ақтабан шұбырынды" кезіндегі жанкешті батырлар жеткілікті зерттелмегендей. 

Мақаламызды сол үшін "ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" кезеңінде өз жандарын беріп, елін аман алып қалған қазақ батырларының көп ел біле бермейтін тарихи деректеріне арнадық. Бұл мақалада шежірелерден, дастандардан қалған деректер бойынша, 70 мың қалмақ қолының жолын тосып, жан кешіп шайқасқан және түгелдей қазақ тапқан жүз сарбаз және Игілік батыр туралы болады.

Игілік Бексейітұлы мөлшері 1700 жылы, солтүстік қазақ даласының Қызылжар, Қызайтауы атанған өңірде дүниеге келген. Ол тоғыз таңбалы Найманның Матай бұтағынан өрбитін "алты Бегімбет" атанған Қызай тайпасының Бегімбет атасынан тарайды, Бегімбеттен Бексейіт, Бексейіттен Игілік болып жалғасады. Қызайдың (Қойшыағаның) шөбересі, атақты Құдайназар батырмен жасы кіші болса да, жолы тең, бір дəуірде жасаған, тізе қоса жауға шапқан, қазақтың ерлік дəуіріндегі елі үшін еңіреп туған ерлерінің бірі.

Бексейт бабадан Игілік, Сақау, Соқыр, Тəнік атты төрт ұл тарайды. Бұл кез Ұлы далаға бірінен соң бірі қожалық етіп жатқан көшпенді дала империяларының өріс-қоныс кеңейтіп, Ұлы қаған Шыңғыс ханнан қалған ұлан-байтақ жерге енді кім əмірін орнатады дейтін саяси мүдделердің мүйіздескен, батырлар түн қатып, түс қашқан, жау қайдалап етігімен су кешкен аумалы-төкпелі заман еді. Батырды заманы тудырады дегендей, Игілік те бала жастан бес қаруға төселген, жеті өнерге жетілген, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болып өседі. Бексейіт баба Үлкені Игілікке қоңсы отырған, алыс-жақынға даңқы жеткен Ерасыл (Қабанбай) батыр шыққан, "батыр ауылы" саналатын, іргелі Қаракерей-мəмбет еліндегі Күшікбаймен қалың беріп құда болып, құйрық-бауыр асасып, жол-жоралғы жасасып, Нұрқия дейтін ақылы көркіне сай инабатты қызды айттырып, тойын жасап, келін түсіріп, отау көтереді.

Дəл осы тұс, қазақ ханы Əз-Тəукенің қайтыс болып, Үш жүздің дербестеніп, бір-бірінен алшақтай бастауы Қазақ хандығының əскери-саяси қуатын айтарлықтай əлсіретеді. Оның үстіне, жұт жеті ағайынды демекші, бірнеше жылға созылған соғыс пен тəбиғи апаттар елдің сағын мұқатып, малын жұтатып, еңсесін басады.

Батыс моңғолия жерінде ірге көтерген жауынгер Ойраттар одағы, 1635 жылдарға келгенде, шығыс Халқа моңғұлдары мен Цин империясының соққысынан батысқа ығысып, батыс Моңғолия, шығыс Тарбағатай, Моғолстан иелігіндегі шығыс Жетісу алабында екінші рет əскери одақ құрып, тарихта Жоңғар хандығы делінетін іргелі, көшпенді, қуатты хандықтың негізін қалайды. Қазақ қиса- дастандарында Құба қалмақ атанған, Қазақ хандығымен бірде тату, бірде қату боп келген, құрым тоқымды, тапал атты осы қалмақтар, 17 ғасырдың соңы мен 18 ғасырдың басында, өздерінің ішкі қайшылықтарын реттеп, түмен-түмен əскер жасақтап, патышалық Ресеймен қарым-қатынас орнатып, от қарулар сатып ала бастайды, 1715 жылы орыстарда тұтқында жүрген Швед шебері Ренатты қолға түсіріп, зеңбірек құю техникасын меңгереді. Тарихи мəліметтер бойынша, Жоңғар хандығының билік тізгінін Сыбан Раптан ұстаған (1697~1727) 30-жылда, қазақ жеріне жеті рет (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдар) қанды жорық жасап басып кіріпті. Бұл соғыстар Елдің шеті, желдің өтінде отырған қазақ ру-тайпаларын қырғынға ұшыратып, елден айырып, жерден кетіреді. Тарихи деректерде, Құдайназар батыр қызы Гұлайммен бірге жүз сарбаз 1718 жылы, Қызылжар асуындағы бір кезекті Жоңғар шабулына қарсы соғыста, үш күн жаудың алдын тосып атысып, соңында түгел шейт болатыны айтылады. Ол кезде 18-ге толған Игіліктің осы қырғынның басы-қасында болғаны, елге ие боп қорған болғаны белгілі .

1723 жылы көктем қараөзек шақта, ел жайлауға көшуге дайындалып жатқан ел шетіне, Құба қалмақтың жеті бағытқа бөлінген 70-мың қолы тұтқиыл басып кіреді. Абдырап қалған ел, аттандап əр тұстан топтасып, жасанған жауға қарсы асығыс атқа қонады. Осы топтың шабуылшы шебінде енді ғана 23-ке шыққан жас батыр Игілік те бар еді. Жары Нұрқия мен енді ғана екі жасқа толған тұңғышы Əбікенді ел-жұртына табыстап, ел мен жерді қорғау үшін, өртше шарпыған жау шебіне ширыға аттанады, осыдан бес жыл бұрын осы Құба қалмақпен соғыста опат болған аталас туыс ағасы Құдайназар батыр мен əпкесі Гұлайым сынды санмыңдаған боздақтардың бодауы үшін, кеткен кек, төгілген қан, елдік намысы, кіндік қаны тамған жер үшін, кектене ақырып, аруақтарын шақырып, бір Тəңірге сиынып, "Қаптағайлап" жауға шабады. Ол өз тобымен бірге, анталаған жаудың алдын торып, тоса-тосқауылдай соққы беріп, ел мен жерді, ата-мекенді, отанды қорғау жолында ерлікпен ұрыс салады. Жасанып келген жарақты жаудың қатты соққысынан қансыраған ел ес жия алмай жаппай Сыр бойына ауады. Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының бір бөлегі Шыршық өзенінен асып құласа, бір бөлігі Алқакөл басып, Бұхара мен Самарқанға қарай босты. Кіші жүз қазақтары Сауран айналып, Хиуаға қарай ағылды. Ата-мекен, кіндік қаны тамған туған жерін жау қолына тастап, жаздың аптап ыстығына ұрынған ел, жат жерде шөлден қырлды. "Əуелі ел ауғанда қызай ауған, көлінен Итішпестің қайың сауған." деп келетін Досбер Сауырықұлының қисасындағыдай, қызай елі де қасіретті "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" жылдардың куəсіндей болған <<Елім-ай>> зарын егіле айтып, ауған елмен бірге Сыр бойына шұбыра көшті.

Қаптаған жаумен қаша соғысып, көзбайлап қоянбұлтаққа салып, алдын тосып аңдысып андыздап ұрыс салып жүрген, əр топтан құралған құрама қазақ сарбаздары ел-жұртты, қатын-бала, мал-жанды неше күндік жерге жөнелтіп жібергесін, енді аянбай ұрысқа араласады. Бұл топта матай Бөрібай батыр бастаған найманның бір қанаты "Қаптағайлап" ұрыс салса, қызай батырларынан, Дербіс атасынан Бөгенбай бидің ұлы Сағындық батыр, Құттыбай, Қарағай, Жақабол, Тұманбай, Тастемір батырлар, Меңіс Құдайназар батырдың ұлы Есенкелді батыр, Солтанкелді, Қараменде, Торғай, Қоңырбай, Қуназар батырлар, Бегімбеттен жасы келіп қалса да жаудан қайтып көрмеген "жау қабақты" Жарас батыр, Ырысбай, Аман батыр, Андас т б батырлар бір апанның бөрілеріндей бірігіп, тізе қоса жауға қарсы ұрыс салады. Сағындық батыр туралы халық аңыздарында былай баяндалады, "біздің қызай елі жаукершілік заманда əбден сансырапты, тоз-тозы шығып, бармаған жері, баспаған тауы қалмай, қайда барса да "Қорқыттың көрі" болыпты. Сонда қызайдың еркөкірек батырлары бірін- бірі іздеп тауып, қалмақтан кек алуға əрекет жасапты..." делінеді. Демек, жау тигенде асығыс атқа қонған батырлар, тактикалық ұрыстан соң, бір бірін іздеп тауып, бірге қимыл жасап, жауға соққы беріп отырған. Сол сияқты, "ақтабан шұбырынды" жылдары, қазақтың бірі қалмай босып кетті деуге негіз жоқ, ол туралы былай баяндалады, "ақтабан шұбырынды кезінде қазақтың бəрі бірдей өз мекенін тастап, жалпы беттік қоныс аударып кеткен жоқ... Жоңғар феодалдары басып алған жерлердегі қазақтар да жаудың артқы шебінде көтерілістер жасап отырды, бұл көтерілістердің негізгі күші феодалдар емес, халық бұқарасы еді, оны ұйымдастырушылар халық ішінен шығып, ел-жұртына деген адалдығымен, еңіріеген ерлігімен танылған халық батырлары болды..." (<<Қазақтың қысқаша тарихы>> 423~424 б). Міне, артқы шепте атой салған осы батырлардың бел ортасында Игілік батыр да болды.

Күнді түнге жалғаған жырынды соғыс апталап, айлап жалғасып жатты, саны көп жарақты жау да аянып қалмады, кезікті бір қоян-қолтық сұрапыл соғыста, Игілік батыр жауды жарып кіріп, қанды аңсаған абаданша құнығып алған жас батырдың көзіне ештеме көрінбей, жауының басын алмадай қағып, арыстандай ақырып, жолбарысша жапырып аралсқан сəтте, көзге ерекше түскен батырды бақылап отырған қалмақ қолбасшысы, 20~30 шақты жасауылына бұйрық беріп, батырға лап қояды да бөліп алып кетпек болады. Мұны байқаған қарт батыр Жарас бастаған топ келіп араласады, Жарас батыр жауырыннан жарақат алып, бірнеше сарбаз опат болады. Осы шайқаста Игілік батырға тасада тұрып көздеп атқан жау оғы тиіп, ауыр жараланады, батырлар Игілікті ортаға алып, шепті бұзып шығып, қосынға оралады. Осы алған жарақаты асқынып, соғыс даласында қыршын жас мезгілсіз шейд болады. Бұл кез 1723 жылдың күзі еді. Бірге жүрген қандыкөйлек батырлар мен туыстары, жас батырдың денесін Қызылжар өңіріндегі таспен өріп қалаған "жүз оба", "қызай бейті", "Құдайназар обасы", "қырық оба" делінетін қызай зирараттары мен "қызай тауы" атанған жерлердің біріне арулап жерлейді. Артында жалғыз ұлы Əбікені қалады, Əбікенді шешесі Нұрқия "Игіліктің атын өшірмеймін" деп, атасы Бексейіттің рұқсатымен төркіні Қаракерей-мəмбет еліне апарып тəрбиелеп өсіреді. Əбікен ат жалын тартып азамат болғанда, аңыз бойынша, қызайдың атақты Қарабиі -- Есіркеп би бір жолғы Қаракерейлермен болған дау-шар сапарында, Нұрқия жеңгесі мен Əбікенді кезіктіріп, елге алып келеді. Сол Əбікеннен 14-ата ұрпақ тарап, бүгінде Игіліктей батыр бабаларының атын өшірмей, саны мол, іргелі ру, ұялы бəйтерекке айналып отыр.

Пайдаланған деректер: <<Сасан би>> Қасымқан Уатқанұлы; <<Игілік шежіресі>> Нұрмұқамет Қуанбекұлы; <<Қыл байрақты, құрым тоқымды қалмақтар кім?>> Жылқыбай Жағыпарұлы

Дайындаған: Қуаныш Армия

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Игілік батыр

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір