• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 11:36:55
Алматы
+35°

Қоғамдық көлік транспорт құралы ғана емес, қоғамның моральдық айнасы іспеттес. Ол жерден түрлі адам, түрлі мінез көресің.

Сыпайы да, дөрекі де, мәдениетті де, мәдениеті төмендеу адамдарды да күнбе-күн қоғамдық көліктен кездестіруге болады. Жасы келген қарияларға орын бергісі келмейтін жастарды да, өзінің үлкендігін көлденең тартып, жастарға зекіп, нұқып сөйлейтін үлкендерді де аз байқап жүргеміз жоқ.

Автобуста жанындағыларға бөгет жасап сағаттап әңгіме соғатындар да ұшырасып тұрады. Кейде сондай кісілердің әңгімесін еріксіз естігенің үшін өзің ыңғайсызданып қаласың. Немесе видео қарап, онысының даусын қатты зорайтып қоятынын жолаушылар да болады. Жарысып жолаушылардың денсаулығына, кейде тіпті өміріне қауіп төндіретін жүргізушілер де жетіп артылады.

Осындай қарапайым әдеп, жол ережелерін сақтай бермейтін адамдардың басым көпшілігінде агрессия басым екені байқалады. Бойымызды билеп тұратындай ашушаң болып кеттік пе, әлде басымыздан сөз асырмайтын мінез пайда болды ма, әйтеуір әдепсіздеу жолаушыларға бірдеңе десең дені жанжалдаса кетуге жақын. Бұл жөнінде мамандар не дейді? Адамдардың агрессияға жақын болуына не себеп екенін білу үшін психология ғылымдарының PhD докторы Балабек Сақтағановқа жүгіндік.

– Адам бойындағы агрессияның жалпы табиғаты туралы айтыңызшы?

Ашық дереккөз

– Агрессияның өзі физиологиялық агрессия, психологиялық агрессия болып екіге бөлінеді. Физиологиялық агрессияға күш көрсету, ұрып соғу, денеге зақым түсіру жатады. Психологиялық агрессия дегеніміз – ашумен қорқыту, сөзбен қорқыту, балағаттау, ренжіту. Сондай-ақ ер адамның агрессиясы, әйел адамдардың, балалардың агрессиясы болады. Ер адамдардың агрессиясы көбіне физиологиялық болады. Яғни ұрып-соғу, жарақаттау түрінде көрініс табады. Әйел адамдардікі көбіне вербальді түрде болады. Вербальді дегеніміз – ұрсысу, айқайлау. Балалардың агрессиясы – кейде буллинг арқылы, біреуге күш көрсету арқылы көрініп жатады, олар көбіне отбасындағы қиыншылықтар, проблемалар, тұрмыстық қиыншылықтар салдарынан шығады.

– Агрессияның мөлшері адамның біліміне, таным көкжиегіне байланысты ма?

– Иә, адамның дүниетанымына, біліміне көп нәрсе байланысты. Алайда оқыған адамдардың бәрін сауатты дей алмаймыз. Сауатты дегеніміз – оқыған алған білімінен бір нәтиже көрсету. Сонымен бірге адамдар әр түрлі. Кейде жоғары білімді адамдар, жоғары жерде қызмет жасайтын адамдар, орташа деңгейде жұмыс жасайтын адамдар, белгілі бір қоғамда өзінің беделі бар адамдар көбіне агрессияны тежей алады, агрессияны көрсетпеуге тырысады, агрессиямен күреседі. Өйткені қоғамда оларда бедел бар, сол беделді түсіріп алмау үшін, басқа адамдардың алдында өзі жаман боп көрініп қалмауы үшін олар үнемі агрессияны тежеп отырады. Адам агрессияны, мінез-құлқындағы ашу-ызаны тоқтата алатын болса, оны игере алатын болса, басқа арнаға бағыттай алатын болса, онда ол біліміне байланысты болады. Бұл жерде дүниетаным мәселесі де аса аңызды. Дүниетанымы кең адамдар агрессияны "бұл адам теңім емес, мүмкін өзінің проблемасы бар шығар" деп түсініп рахыммен жеңдіріп қоя салуы да мүмкін. Мұндай адамдар басқа адамдарға агрессия тудырмайды және өзінің бойындағы агрессияны қажетті жеткілікті деңгейде мөлшерінен шығармай тежей алады.

– Соңғы жылдары қымбатшылық халықтың қалтасын қатты қақты. Тұрғындар тұрмысының төмендеуі олардың мінез-құлқына, іс әрекетіне әсер етіп, ол қоғамдық көліктегі оқиғаларда көрініс тауып жатуы мүмкін бе?

– Мүмкін. Тұрмыстық жағдай, кредит алу, балаларының оқуының ақшасын төлеу, кредитке той жасау, кредитті төлей алмай, соны қалай төлеймін? деп үнемі уайымдаған адам мінез-құлқында бұзылыстар пайда болады. Соның салдарынан сәл нәрсеге өзін-өзі ұстай алмай қалып айқайлап, агрессия, нашар мінез-құлық көрсетіп жатады. Мысалы, отбасылық проблемалар, жанұяда ерегесіп қалу, келісе алмау, жаңа айтып кеткен қаржының жетіспеуі, кредитке кіріп кету, әр түрлі ойындар ойнау осының бәрі адамдардың психикасына қатты әсер етеді. Бұл – дүниетанымды дамытудың орнына, адамда агрессия тудырып, психикалық процесстердің жұмыс жасауына мүмкіндік бермейді. Агрессия алдыңғы орынға шығып кеткендіктен, доминантты түрде адамдардың өмір сүру барысында көрініс тауып отырады. Бірақ қоғамдық көліктердегі ерегес, айқайдың бәрін агрессияға жатқыза беруге болмайды. Кейде ашу спонтанды түрде де шығады. Оған психиканың шаршауы, ақша жетіспеуі, ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелер, балалардың проблемасы, жұмыстағы проблема, тіпті өзі қалайтын қымбат киімді кие алмау, қымбат телефонды ұстай алмау сияқты факторлар да әсер етуі мүмкін. Жалпы, біздің қоғамда тұрмыс дүниетанымымыздың қалыптасуына, дамуына, басқа адамдармен, ортамен қарым-қатынасқа түсудегі мәдениетімізді көрсетеді.

– Адамдардың санасында, тәжірибесінде әуелі тұрмыс түзеліп, мәдениет кейін қалыптаса ма, әлде екеуі қатар жүре ме?

– Қазіргі қоғамда дүниетанымның қалыптасуына, дамуына, басқа адамдармен, ортамен қарым-қатынасқа түсу мәдениетін түзуде тұрмыстың маңызы зор. Тұрмысы түзу адамдарда білім алуға, өзін дамытуға, шетел көріп таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік көбірек. Сол сияқты әлеуметтік әл-ауқаты жақсы мемлекеттерде ғылым-білімді дамытуға, мәдениетке, денсаулыққа көңіл бөлуге ресурс та, бас қа да көп болады да жалпы мәдени деңгей жоғары екенін байқаймыз. Оның үстіне бүгінде тұрмысың төмен болса, қанша мәдениетті болғаныңмен, мәдениеттілігің байқалмай жатады. Ал тұрмысы жақсы, қымбат телефоны бар, қымбат машинасы бар, үлкен үйлері бар адамдар қандай әрекеттер жасап жатса да, мәдениеттің бір түрі сияқты болып кетті. Әрі олар сол арқылы өздерін жоғары мәдениет тұрғысынан көрсете алады.

– Әңгімемізді, қоғамдық көлік әдебінен бастадық қой, сонымен түйіндей отырсақ. Алматыда электрондық төлем жүйесі енгізілгелі жүргізушілер бұрынғыдай "планнан", жанармайдан артылған ақшаға емес, тұрақты жалақыға жұмыс істей бастады. Үнемі қоғамдық көлікпен жүретіндіктен осы электрондық жүйе енгізілгелі жүргізушілер көп дөрекілік танытпайтытын байқаймын. Сондай-ақ кең, жаңа автобустар көбейген сайын жолаушылар да салыстырмалы түрде жиі жанжалдаспайтынын аңғарамын. Демек комфорт, жүйелі тәртіптің адам мінезі мен әрекетіне үлкен әсері бар болып тұр ғой?

– Әрине, қоғамда белгілі бір дамудың жаңа формалары, жаңа технологиялары жұмыс барысында оң ықпал етеді. Жүргізушілердің жалақысы реттелгендіктен олар автобусты айдап қана жүріп, басқаға басын ауыртпайды. Ал бұрынғыдай болғанда ол үнемі бүгін қанша табар екем, адамдарды қалайда көбірек тиеп алуым керек деген сияқты пендешілік ойларда болады. Жолаушылар да өзіне ыңғайлы жағдай жасалған сайын жайлы болады. Автобус кең болса, адамдар да кең тұрады, ешкім ешкіммен көп соқтықпайды, бірі-бірінің аяғын мыжып кетпейді. Сондықтан адамға жасалған жағдай оның мінез-құлқына, әрекетіне әсері үлкен.

Шуақ Қайратқызы

Шуақ Қайратқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір