• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 22:19:51
Алматы
+7°

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, түрлі айып бойынша тергеліп жатқан адамдардың жағдайын, олардың тергеу изоляторларында көріп жатқан азабын көпшілікке жеткізу, ұсталғандардың жақындарына қолдау көрсету мақсатында "Тамшы" әлеуметтік қайыр қоры құрылып, жұмысын бастап кетті. Қоғамдық негіздегі қорды құруға Бақытжан Қосбармақов, Махмұт Қосмамбетов, Гүлайым Сиязбай секілді журналист, белсенділер бастамашыл болған.

Бақытжан Қосбармақов қор құруға Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайлар мәжбүрлегенін, қоғамдық ұйым мақсаты қамауда негізсіз отырған адамдардың жақындарына материалдық, моральдық, заңдық көмек көрсету екенін айтады. Қор қамалып, азапталып жатқан адамдар, зардап шеккен өзге де азаматтар туралы ақпаратты жинап, оларды жариялау арқылы мәселеге қоғам назарын аударып, жағдайға қандайда бір оң ықпал етуді көздейтінін жеткізді.

Журналистің сөзінше, бүгінде "Тамшы" қорына он шақты адам жүгініп үлгерген. Көпшілігінің туысы Қаңтар оқиғасынан кейін түрлі айып тағылып, қамауда отыр. Жүгінген әр адамның айтқандары видеоға түсіріліп, әлеуметтік желіге салынады. Мәліметтер қатталып деректер, ақпараттар жиналады.

 

– Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан, Ащыбұлақ ауылының 5 тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олар Нұрәлі Ержан, Нұршат Ержан деген ағайынды жігіттер мен олардың Фархат Аширов, Нұрболат Смағұлов, Бақтияр Таишев атты достары. Бұл жігіттер қазір Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында жатыр. Бесеуіне де қылмыстық кодекстің 287-бабы 4-тармағы бойынша "қару тасымалдады" деген айып тағылған. Олардың жақындары – әйелдері, шешесінің айтуынша, жігіттердің ешбірі алаңға бармаған, үйде – бала-шағасының қасында болған. Бар айыбы – намаз оқитыны болса керек. Біз жігіттердің жақындарына адвокат тауып беріп, ақпараттық көмек көрсеттік. Тұрмысы төмендеу екі жігіттің отбасына материалдық көмек бердік. Адвокаттары жігіттердің беті-аузы көгеріп, сырылғанын, қабырғалары сынғаннан ба тыныс алуы қиын екенін айтады. Соған қарағанда оларды тергеу изоляторында азаптағанға ұқсайды.

 

Сондай-ақ қор қызметіне Светлана Серсембаева деген қызылордалық келіншек жүгінді. Оның күйеуі 5 қаңтарда үйінен шығып кеткелі із-түссіз жоғалып, 31 қаңтар күні денесі мәйітханадан табылыпты. Қазіргі кезде келіншектің айтқандарын жариялап, материалдық көмек көрсету үстіндеміз, – дейді ол.

Журналист "адал, өз кәсібін білетін, принципіне берік адвокат табу өте қиын, әрі осындай жағдайда қызметін асыра айтатын заңгерлер де табылады" деп отыр.

Бақытжан Қосбармақов осыған дейін жиналған, баспасөзде, әлеуметтік желідегі ақпараттар негізінде ұсталған адамдарды 4 классификацияға бөліп қарауға болады деп топшылайды.

 

– Қуғындалып жатқан адамдардың көбі біріншіден намазхандар. Одан кейінгі көбі оралмандар. Ішінде Өзбекстаннан, Қытайдан келгендері бар. Одан кейінгілері әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған, тұрмысы нашарлау, қарапайым жұмыстармен айналысатын адамдар. Төртіншісі – белсенділер, – дейді ол.

 

"Тамшы" қоры бастамашыл тобының өкілдері өз қаражаты, жұртшылықтан жиналған қаржы есебінен істі болып жатқан адамдардың жақындары арасында материалдық көмекке зәру жандарға да аз-кем көмек қолын созып жатқанын жеткізді.

– Материалдық көмекті екі категорияға бөлдік. Бірінші категория бойынша отбасы жағдайы ауыр, 4-5 және одан да көп баласы бар жанұяларға 25-30 мыңнан бір рет береміз. Одан кейін оларға бір-екі ай қамқорлық көрсететін патронаж іздеп жатырмыз. Бір отбасының пәтерақысын төлеп тұрайын деген азамат шығып жатыр. Екінші категория бойынша 1-3 баласы бар, тұрмысы тәуірлеу отбасыларға 15-20 мың теңге көлемінде бірреттік көмек бердік. Бұны "біреуге аз, біреуге көбірек беріпті", "анау танысына беріпті" деген әңгіме болмас үшін хаттамамен осылай белгілеп, үлестіріп жатырмыз. Өзіңе де манағыдай әңгімелер тумасын дап айтып жатырмын, – дейді ол.

Әлеуметтік қор мүшелерінің тергеу изоляторына кіруге, қылмыстық іс құжаттарымен танысуға мүмкіндігі, өкілеттігі жоқ. Алайда "өкілеттік алған қоғамдық комиссиялар "Тамшыда" жиналған деректерді сұрап, мәселене үн қосамыз десе, болмаса материалдық, заң тұрғысынан көмек көрсетуге ниетті адамдар табылып жатса, өзіміздегі ақпаратты ұсынуға әзірміз" дейді журналист Бақытжан Қосбармақов.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір