• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:24:18
Алматы
+35°

Президент Қ.Тоқаев елдегі халық наразылығынан кейінгі тәртіпсіздіктер кезінде жасалған түрлі заңсыздықтарға қатысты бас прокуратураға тапсырма беріп, күдіктілердің кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды жүктеген. Жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн екенін айтқан. Арада бір апта өтті. Алайда жазаны жеңілдету былай тұрсын, тергеу изоляторында күдіктілерді азаптау, алаңға бейбіт шыққан адамдардан "қылмыскер жасау" әрекеттері тыйылар емес.

Тіпті мәселеге әлемдік қауымдастықтар назар аударып, бүгін Еуро парламент  Қазақстандағы адам құқығының өрескел бұзылып жатқанын қатаң сынға алып, Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуға шақырды.

Наразылық акцияларына қатысқаны үшін қамалып, полиция қызметкерлері тарапынан азапталып жатқан адамдар жайлы күнде түрлі медиа жазып, журналистер, құқыққорғаушылар, белсенділер  әлеуметтік желіде дабыл қағып жатыр.

Мәселен, құқыққорғаушы Шынқуат Байжанов Алматы қаласыдағы 18 тергеу изоляторында болып жатқан азаптау фактілері туралы жазды.

"Бүгін СИ-18-ге Қаңтардағы қанды қырғынға байланысты жазықсыз жалаға ұшыраған екі балаға кіріп шықтым. Коридорда аяғы ақсақтаған, балдақпен жүрген, іштен, иықтан, бастан жараланып, таңылған жастар өз адвокаттарымен кездесу үшін күтіп тұрды.Тіпті біреуін носилкамен алып келді. Ішің қан жылайды, жәудіреген көздеріне қарап шарасыздықтан ерніңді тістейсің, ал сырттай "айналайындар шыдаңдар, еңселерің түспесін, бәрі жақсы болады"- деп қанаттандырған боласың. Ал менің қорғауымдағы екі бала да "аға өлтіріп тұрып бірнеше күн ұрды, қан сигізді, істемегенді істедім дегізіп хаттама жасады, қол қойғызды, митингіге шыққаннан басқа жазығымыз жоқ"- деп зар илеп отыр. "Дәлелдемесіз соттай алмайды, заңсыз толтырылған хаттама үкімге негіз болмайды"- деп үміттендіріп кеттім. Әрине барлық күш жігерімді оларды ақтауға жұмсаймын, бірақ әттең..." дейді құқыққорғаушы шарасыздықтан.

Шынқуат Байжанов "осындай жағдайлар туралы үнсіз қалуға болмайды, қазіргі уақытта азаптау, қуғындау деректерін тек әшкерелеу, жариялау арқылы тоқтата аламыз" дейді.

 

– Қорғауымдағы екі баланың таяқ жегені туралы жазбам әлеуметтік желіде біраз резонанс тудырды. Артынша бүгін маған хабарласып, екі баланың бірінің шағымына байланысты оларды ұрғандардың үстінен іс қозғалғанын айтып жатыр. Өкінішке қарай, митингке шыққаны үшін ұсталып, соққыға жығылып жатқандар көп. Құзырлы органдар шаш ал десе, бас алып жатыр. Мұндай жағдайларды тоқтатудың бірден бір жолы – айту, жариялау. Заңсыздықтардың болып жатқанын жоғарыға жеткізу. Азаптауды қоғам болып жұмылғанда ғана тоқтата аламыз, – дейді құқыққорғаушы.

 

Шынқуат Байжанов қоғамдық комиссия құру туралы түрлі бастамалар көтеріліп жатқанын көріп жүргенін, ондай комияссия құрамына заңсыздықтарды жауып, бүркемелеуге көнбейтін, ымыраға келмейтін адал адамдар кіруі керек деген пікірде.

 
Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір