21 Қаңтар, 2022 NEWS
Фото: m.azh.kz
Белгілі заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің және бірқатар құқыққорғаушылардың атынан бейбіт митингке қатысқаны үшін ұсталып, соққыға жығылып, азаптауға ұшырап жатқандардың жайын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады.
– Қазіргі таңда "Қаңтар дүрбелеңіне" байланысты құқық қорғау органдары тарапынан қамауға алынған азаматтардың құқықтары жиі бұзылып жатқаны туралы БАҚ, әлеуметтік желі арқылы және ел арасында кеңінен хабар тарауда. Соның ішінде көптеген өңірлерде сол азаматтар соққыға жығылып, түрлі азаптауға ұшырап жатқаны жайлы да хабарлар тарап жатыр. Біздің қолымызда қазір 10-ға жуық істі болған адамдардың туыстарынан түскен арыз бар. Кешегі бейбіт митингке қатысушы азаматтардың барлығын бірдей "экстремист", "террорист" деуге болмайды. Олар бірінші кезекте біздің азаматтарымыз және олардың қандай да бір құқықбұзушылығы болатын болса қолданыстағы заңның аясында, заңмен кепілдік берілген құқықтары сақтала отырып, тергелуі тиіс, – деді А. Құспан.
Заңгер алаңдаушылығын білдіре отырып, әділ тергеу жүргізу үшін "қоғамдық комиссия" құруды сұрайды.
– Қазір полиция және өзге де құқыққорғау органдары тарапынан сенімнің аздығын ескеріп бұл комиссияның құрамы ел, жұрт алдында беделі бар азаматтардан жасақталғанын қалаймыз. Құқыққорғау органдары, күштік құрылымдар тарапынан орын алған заңсыздықтар құқықтық бағасын әділ, толық және мүмкіндігінше шұғыл алмаған жағдайда осы әділетсіздікке қарсы халықтық толқулардың туындау ықтималдығы жоғары болып қалатынына назарыңызды аударамыз, – деді Абзал Құспан.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір