29 Қараша, 2021 Барлық аймақтар
«Жауһар» көрерменге жол тартты
“Jauhar” – ұлттық музыканы заманауи форматта ұсынатын жаңа жоба.
көрнекі сурет
Алматыда «ÖzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі Jauhar» дәстүрлі музыка жобасының тұсаукесері өтті. “Jauhar” – ұлттық музыканы заманауи форматта ұсынатын жаңа жоба.
«ÖzgeEpic» - тәуелсіз қазақ өнерін дамытатын кеңістік.
Заманауи театр, музыка, көркемөнер, әдебиет, кино жанрлары бойынша жобаларды жүзеге асыратын өнер платформасы. Ұлттық өнерді оюға ғана орап көрсету, әлемдік тенденциялармен кіріктірмеу - оны жас буыннан алыстатып, заман көшінен қалдырып барады.
Жоба ұйымдастырушылары Мақпал Жұмабай мен Тоғжан Құрманжанованың айтуынша, негізгі мақсат – заманауи технология көмегімен нағыз қазақ әуенін жандандыру, сол арқылы дәстүрлі ән-күй мектептерін жастар арасында кең тарату. Сол үшін жоғары деңгейлі дыбыс жазу, өңдеу процесімен заманауи видеотүсірілім қатар ұсынылған.
Жоба аясында еліміздің ұлттық музыка мектептерін толығымен қамту жоспарланған. «Jauharдың» алғашқы кезеңінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау көзделіп, көрерменге он жыршының өнері көрсетілген. Алғашқы маусым 10 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір жыршының шығармашылығын қамтиды, хронометражы 35-40 минут.
Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау нәтижесінде, жобаға Амандық Көмекұлы, Ұзақбай Сахиев, Жеткізген Сейітов, Ахмет Байекешов, Арғын Бисенұлы, Аманбек Сәуірбаев, Оңдасын Қалқан, Оспан Құлсымақов, Ризабек Серік, Бақдәулет Толыбекұлы секілді 10 жыршы қатысып, Маңғыстау өлкесінің елеулі оқиғаларын баяндайтын аңыз-жырларды ортаға салды. Абыл Тілеуұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы т.б шығармалары орындалды.
«Jauhar» дәстүрлі музыка жобасы Youtube платформасындағы «Jauhar live» каналында кеңінен дамытылып, жоғары сапалы дыбыс пен видеоконтент ұсынылады. Сонымен қатар, жыл аяғына дейін барлық музыкалық стримингтік платформаларда 10 музыкалық альбом жарияланып, тыңдау мүмкіндігі қоса беріледі.
“Жауһар” сөзі асыл, баға жетпес құндылық деген мағынаны білдіреді ғой.
Қазақ халқы қайталана бермейтін даралықты жауһарға теңеген, әлемдегі ең көркем сұлулықты жауһарға балаған, дүниедегі жан тебірентер сезімді жауһар деп сипаттаған.
Осы себептен де қазақ жанының бар сырын, қазақ халқының бар болмысын ашатын ұлттық музыкамызды біз жауһарға теңестірдік. Дәстүрлі музыканың жас буын арасында насихаты кемшін екені жасырын емес. Сол үшін көрерменге ұсыну керек, көрсету керек. Жеңіл-желпі дүние жасап жатқанымыз жоқ. Сол үшін дәстүрлі музыканы заманауи форматта ұсынып, оның цифрлы қорын жасақтамақ ниеттеміз”, - дейді Мақпал Жұмабай.
Тұсаукесерге келген қонақтар да, өнер иелері де мұндай жобалар керек екенін, насихаты кемшін түспесе екен деген ниеттерін жеткізді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір