11 Қараша, 2021 Әлеумет
Көрнекі сурет
Тұрмысқа әзірге шыға қоймаған қыздарға ел-жұрттың "тұрмысқа неге шықпай жүрсің? Өзің шығар менсінбей жүрген" дейтіні жасырын емес. Қай қыз да біреуге жар, біреуге келін, біреуге жеңеше болғанын қалайды деп ойлаймын. Ал жігіттерге сөз берсек, "қыздар көлік пен үйіңді сұрайды, ақша сұрайды" деп шығады. Бес саусақ бірдей емес... Өзіңіз де жан-жағыңызға көз салып, "тыңдап" көріңіз. Сіз де түрлі жауап аласыз. Сосын қыздарға сұрақ қоярда көп адам ойланатын еді.
Кей қыздар тұрмысқа неге асықпайды? Қыздар жігіттерге сенбей ме? Немесе жігіттер ұсақталып кетті ме? Той болуы маңызды ма? Жігітте қандай қасиет болуы керек? Қыздар үшін карьера басты орында ма? Қыз бен жігіттің рөлі ауысып кеткен бе? Осы сұрақты құрбыларыма қойғанмын. Қыздардың жауабын оқып көріңіздер.
Айман
Өзім әуел бастан тұрмысқа ерте шықпаймын деп шешім қабылдағанмын. Жасырмаймын, карьераны бірінші орынға қойдым. Сол себепті талай ұсыныстан бас тарттым. Енді уақыт келді деп есептеймін. Бір жағы, ойымдағы азамат кездескен жоқ әлі. Екеуміздің ойымыз бір жерден шығатындай үндестік қажет. Жігіттің бір мінезі ұнамай қалса болды, бас тартатын әдетім бар. Жігіттің өтірік айтқаны, уәдесінде тұрмауы ұнамайды. Жігіттер шынымен де ұсақталып кеткен деген пікірге көп жерде келісемін. Нағыз ер азаматқа тән мінезден айырылып қалып жатыр. Отбасының қорғаны болудан, жауапкершіліктен қашады. Сол себепті отбасын өзі ғана асырап отырған келіншектер көбейген шығар. Тұрмысқа шыға жатармыз, одан трагедия жасамаймын.
Бақытгүл
Білетінім, мені сыртымнан мәнсап қуған адам деп ойлайды көбі. Жалғыз жүрген қыздардың бәрі бірдей саналы түрде қызмет қуып жүрген жоқ. Бір жағынан шаршап кеттім. "Неге тұрмысқа шықпайсың?" деген сұрақ қойғанда үндемегеніммен, кейде үйге келіп жылап аламын. Тұрмысқа шығамын деп жүрген жігітім қайтыс болып кетті. Сондықтан бұл сұрақ ауыр тиеді. Маған уақыт керек... Негізі өз адамыма деген армандарымды сандыққа салып тастаған сияқтымын. Айналамның түртпектеуінен шаршадым. Бір күні жан-жағыма қарап, сүйеу болатын, күйеу болатын адамға өзімді тапсырамын-ау... Уақыттың еншісінде.
Ботагөз
Өмірлік таңдау болған соң жан-жақты ойланып шешім қабылдауым керек. Оған өзімнен басқа ешкімді араластырғым келмейді. Ешкімді "неге ерте, неге кеш тұрмыс құрдың" деп кінәламау керек. Себебі, оның жауабын білетін адам жалғыз өзі болып, бөліскісі келмеуі мүмкін, не жауабын өзі де білмеуі мүмкін. Алланың бұйыртқан уақытында болады деп ойлаймын. Сәті түссе, тұрмысқа шығу үшін бір күннің өзі жеткілікті сияқты. Карьера – айтып жүрген сылтауым ғана. Азаматы қолынан ұстап, алып кетемін десе, қатып қалатын қыз жоқ секілді. Ең нәзік, ең осал жаратылыспыз ғой. Қасымызда ер-азамат жоқ болған соң мықты болып жүрміз. Кездескен күні-ақ нәзік бола саламыз ғой... Той болғаны дұрыс шығар. Азды-көпті қуаныш, халықтың қазынасы ғой. Қалыңдығына ақ көйлек кигізіп, той жасап бере алмаса, білмеймін енді...
Айсұлу
Қазір жігіттер өзіндік "мені" бар қыздардан қорқады. Олар үйдің қожайыны болғысы келеді, келіншегі сөзін екі етпей орындап, солардың дегенімен жүрсе дейді. Қазан-ошақтан шықпаса екен дейді. Сол себепті, сәл мінезі бар, өмірлік мақсаты бар қыздардан қорқады. Маған менен мықты, менен гөрі білімді жігіт керек шығар. Осал адамның жанында жүре алмайтын сияқтымын. Бірақ бір адамды таңдасам, барымды салып, соны бір жерден шығаруға тырысарым анық. Ондай адам кездессе өзімді ұмытып кетем бе деп тағы қорқамын. Алайда, әйел де адам, тұлға. Ол да қоғамға өз пайдасын тигізгісі келеді. Адамның өмірлік мақсаты алуантүрлі. Біреулер отбасы үшін жаралса, екіншілері ғылым мен білім қуып кетеді. Өмір сүрудің бәріне ортақ формуласы жоқ. Сонысымен де қызық. Отбасы мен карьерамды қатар алып жүргім келеді. Өзім тойшыл емеспін. Той жасау – шоумен тең. Маған ондай шоу жасаған ұнамайды.
Жазира
Соңғы уақытта той жасау міндетті емес деген ойға келіп жүрмін. Одан да сол тойдың ақшасына саяхат жасасаң күшті ғой. Тойға келген халықтың батасын алған жақсы. Бірақ екі есе шығын, қаншама жүйке кетеді. Соны ойласам, той жасағым келмейді. Бір күндік қуаныш үшін жарты жыл дайындаласың. Адамдар дайын тойға келіп ішіп-жеп, билеп кетеді де, сол тойда кімнің не айтқаны да есте қалмайды ғой. Келесі күні басқа той болады, сөйтіп сенің тойың көп тойдың бірі болып қала береді. Жігіттердің бәрі ұсақталып кетті демеймін. Нағыз жігіттер де жетерлік. Тек, кездеспей жүр-ау... Маған кездесуге ұсыныс білдірген жігіттер жоқ емес, бар. Бірақ, көңілім қаламаса уақыт өткізуге өз басым қарсымын. Қанша уақыт өтсе де өз ханзадамды күтуге бармын. Бір күні кездесетініне сенемін. Ал түртпектеулер, кінәлаулар көбейіп жатса, шетелге кетіп қалатын шығармын. Білмеймін...
Жайна
Жалғыз жүрсем, тағдыр болар, мүмкін өз таңдауым. Ешкімге есеп беруге міндетті емеспін", деймін сұрақ қойғандарға. Не, жақсы жігіт жоқ дей саламын. Мен өз адамымды сезуім керек. Мен үшін жұбайлардың бір пікірде болуы міндет емес. Өзіме ұқсайтын адам іздемеймін, кейін ұқсап кетерміз бәлкім?! Бастысы көзқарастарымызды сыйласақ, бір-бірімізді аса түсінбесек те, түсінуге тырыссақ, дос болсақ деймін. Яғни, бір-біріміздің талғамдарымыз түрлі болса да, ол мен үшін мәселе емес. Көре жатармын. Жалпы шығу керек деп өз-өзімді кез келгенге қимаймын. Жерде жатқан қыз емеспін".
Гауһар
Көп сенбейтін менің себебім бар, біршама жігіттер менімен қатар талай қыздармен жүрген екен. Жәй сөйлессе ештеңе емес қой. Жігіттердің үндемей жүріп таңдайтыны жаман да... Дәл қазір өзіме ұнайтын жігіт кездеспей жүр. Бұрын түріне, жағдайына қарайтын едім, дәл қазір шынайы махаббатымды тапқым келеді. Өмір жолыңда қатар жүретін адам болғандықтан, барынша өзіме ұқсайтын, жырым да, сырым да бір жігітті нәсіп етер деген үміттемін. Алматы өзі сондай қала ғой, ақша тауып өз күнімді өзім көріп, сол өмірге бейімделіп кеттім, жұмыс бар, достар бар, қыдыру бар. Жігітім жоқ екенінен мәселе жасамаймын. Бұйыра жатар! Ал сол адам бүгін кездессе, ертең-ақ тұрмыс құруға дайынмын өз басым.
Жасмин
Жігіттерге сенемін, небір мықты жігіттер көп қой. Ұсақтары да, ірілері де. Жеке өз басыма карьера керек болды, үй алдым, көлік міндім. Тұрмыс құру туралы енді ғана ойланып, ақымақ болуды үйреніп жүрмін. Шама жетсе, жақсылап той жасағанға не жетсін, жетпесе несие алып тыраштанып керек емес.
Көркем
Жүрегімнің ішіндегі жүрегімді" кездестіргенде деп айтамын көбіне. Көңіл-күйің болмай тұрған кезде "шатағыңыз не?" деп айқайлағың келіп кетеді кейде. Яғни, әзірге өзімнің адамымды жолықтырмадым. Мен ғашық болатын адамды көргенде бірден сезуім керек, сол сигналды күтіп жүрмін. Жолыққан жігіттерден өзімнің адамым деген белгі болған жоқ. Содан болар көбіне сенбеймін, мүмкін осы сенімсіздіктің арқасында жігіт те жоқ шығар, нақты білмедім. Болашақ жарымның бойында нағыз ер-азаматқа тән қасиет болғанын қалаймын. Әрқашан анасын қалай сыйласа, әйелін де солай сыйлайтын болса деймін енді... Жомарт жан болса, әр айтқан сөзін орындай алатын болса... Достарының арасында бөлек, отбасында бөлек, жұмысында бөлек адам емес, бүкіл жерде бірқалыпты адам болса деймін. Яғни, маска кимейтін, құбылмайтын адам керек маған.
Әдемі
Өзіммен бір толқындағы, бір үйлесімдегі, болашаққа деген ұқсас көзқарастағы, ақыл тоқтатқан шақта жүрекке дәл тиетін өресі биік азаматты кездестіре қоймадым. Әйтпесе, сөз айтатындар жетерлік. "Ет жіліктеп, мал бауыздай аласың ба?" деп оларды да қинап қоямын арасында. Рухтары мықты болсын, сағы сынбасын, қыздан беті қайтып қалмасын деп қатты айтпайды екенмін оларға. Қыздың назын көтере ме екен деп көп қыздар жігіттерді сынап жатады. Қызға қол жеткізу оңай болмасын деп сынайтындар бар. Бірақ орта жолда сол жігіттерді таппай қалып жатамыз. Сонда олардың қызға деген ғашықтығы демей-ақ қояйын, ұшқындары қайда кетеді екен? Соны жігіттер айтсыншы. Жалпы, бір үйдің түтінін түзу ұшыратын жандармыз ғой.
Ақмарал
Жігітім бар. Той жайлы айтатын болар, күтіп жүрмін. Кейде отбасы болудан қорқасың да. Бір қыз бен жігіттің бақандай он жыл кездесіп жүріп, үйленіп, сосын жылға уақыт тұрып ажырасып кеткенін естіп таңғалдым. Күйеуінің қызғаншақтығының кесірінен ажырасып жатқан құрбыларым бар. Ер адамға құлпырып жүрсе де, жақсы ақша тапса да жақпапты. Күйеуі әйелінен аз тапқан соң болар, ұрыс-керіске тап бола береді екен. Білмеймін. Тереңдеп кетсем шошып кетемін.
Жібек
Қашан шығасың?" деген сұрақ кімге болмасын ауыр тиетіні сөзсіз. Оны еститіндер ғана түсінетін болар. Көбіне көңіл-күйге жəне ол сұрақты қойған адамның жасы мен жынысына байланысты əртүрлі жауап беремін. Үлкен кісілерге "бұйырған күні шығам ғой" деп сыпайылап жауап беремін, әрине. Өзіммен қатар қыз-жігіттерге көңіл-күйіме қарай, жəне ол сұрақты қандай мақсатпен қойғанына қарай жауап беремін. Кекетіп қойғандарға тікесінен "Шатағың қанша?" деймін мен қалыспай. Бұрын ұзату тойымның болғанын армандайтынмын. Ұзату тойына киетін көйлегімді елестетінмін. Қазір оған мəн бермеймін. Егер жастардың ата-аналарының той жасайтын жағдайлары болмаса, тойсыз да қосыла беруге болады. Бастысы қазақтың салтымен беташар жасалса болды.
Зарина
Жігіттердің ұсақталып кеткені рас-ау. Көбі өз сөздеріне жауап бере алмайды, не өз сөздеріне өздері қарсы шығады. Бірізділік жоқ. Мәнсап қуып жүрмін деп айта алмаймын. Сол сияқты неге тұрмыс құрмай жүргенімді де білмеймін. Нақты себеп жоқ. Бұйырғаны ғой. Жалпы біреудің айтқанымен, стереотипімен өмір сүруге міндетті емеспіз. Кейде ақымақ кезде бұрынғы бір жігітіме шығу керек еді деп ойлаймын да, біраздан соң есімді жиып аламын.
Сұлушаш
Менің жасым қазір 28-де. Маған келетін жігіттер отыздың айналасында. "Жұмыс іздеп жүрмін", "үйім жоқ, көлік жоқ" дейтіндерге шыны керек жоламаймын. Жасы 18-24 шамасында болса, әрине бірге аламыз, бірге жетеміз дейсің. 20 жастағы жігітте қайдағы үй?Ал 30-35 жаста не үйі, не көлігі, не тұрақты табысы болмаса, бара ғой деймін. 35-ке дейін бір баспана ала алмаса, білмеймін енді... Бұны материалдық байлыққа қарайды дейтіндер болар. Мейлі. Күйеуге тиіп алып, ақшасын жаратыыып жүруге ғана лайықтымын ғой)))) . Маған асқан табысты емес, тұрақты табыс табатын азамат ұнайды.
Айя
Осы сұрақ өнерде жүрген аруларға қатты тиеді деп ойлаймын. Ештеңе білдірмеуге тырысамыз. Сөз салатындар баршылық қой, дегенмен әлі жұбымды тапқан жоқпын. Көп жігіттер актриса екеніңді білгеннен кейін жоқ болып кетеді. Өнер жолында жүрген қыздар үшін қиын екенін осыдан-ақ байқаған боларсыздар? Күтіп жүрмін. Өнерімізге шектеу қоймайтын, қолдайтын жүректі, жігерлі жігіт кездесіп қалар деген үміттеміз.
Бәрі сұрақты төтесінен қойып, қыздың да көңілі бар екенін ұмытып кетеді. Бір құрбым солай деген адамға жігіт жоқ дегенді айтқан, ол адам бір жігітпен таныстырмақ болыпты. "Кейін таныстырды, бірақ ана жігітпен екеуміз екі әлембіз. Таныстарған адам "ақыры жүр ғой, оған осы да жарайды" деген ойлағандай сезілді. Әңгімеміз жараспады. Адам біреу мен біреуді таныстырғанда өз баласына, өз жақынына адам іздегендей болмай ма екен? Ешкімде шын жанашырлық жоқ" дегенді айтып еді. Бұл сөзге ары тереңдеудің өзі қорқынышты...
Дастархандас болып қалған кезде бір үлкен апамыз: "Ұрпақты ойлаңдар, карьераны басты орынға қоймаңдар, жақсы жігітті өздерің жасап аласыңдар. Қазақтың кең даласында қазақтар көп болуы керек. Себебі, ел мен жердің иесі – бізбіз. Сол үшін саналы ұрпақ көбейту, өсіру, сендердің ең бірінші міндеттерің!", – дегенді айтып еді. Ұрпақ демекші, жақында әуежайда Америкаға кетіп бара жатқан екі қызды кездестірдім. "Ақ жол" тілегеніммен, іштей ұрпақ кетіп бара жатыр-ау деп ойладым...
Хош. Қазақ қызының үнемі жарқырап, бақытты болғанын көргім келеді. Әйтпесе, қазақ әйелі дегенде күйеуінен таяқ жеген, болмаса жалғызбасты ана, бар жауапкершілікті өзіне алып алған деген көзқарас бар екені шындық. Қоғамның оңды-солды түртпектеуі азайса, сосын қазақ жігіттері мықты болғанда, қазақ қыздары өзге ұлттарға кетпейтінін айта кетсек де артық болмайды-ау...
Эльенора ӘМІР
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір