24 Қазан, 2021 Әлем
Фото: Ашық дереккөз
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 10 мемлекеттің елшісін "персона нон грата" деп жариялап, елден шығаруды бұйырды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
Басылымның жазуынша, Түркиядан АҚШ, Канада, Франция, Финляндия, Дания, Германия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция секілді елдердің елшілері шығарылады.
– Түркияның Сыртқы істер министрлігіне келіп, бізге бұйрық беруге болмайды. Осы мәселеге қатысты Сыртқы істер министріне дереу шара қолдану керектігін айттым. Яғни аталмыш 10 елшіні "персона нон грата" (елге кіруіне тиым салынған шетелдік саясаткер – ред) деп жариялауды тапсырдым, – деді Түркия президенті Эскишехир қаласында сөйлеген сөзінде.
Ал бұл елдердің дипломаттары наразылық шерулерін қаржыландырды деп айыпталған құқық қорғаушы Осман Каваланы босатуды талап еткен. Оған 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріске қатысы бар деген де айып тағылған болатын.
Осман Кавал құқық қорғаушы әрі этникалық және діни азшылық топтарын қолдайтын Anadolu Kültür AŞ мәдени қорының негізін салушы. Ол 2013 жылы Стамбулдың Гези саябағындағы наразылық шеруіне (үкіметті биліктен кетіруге талпыну әрекеті-ред) қатысты іс бойынша айыпталып, 2020 жылдың ақпан айында ақталып шыққан.
Алайда Стамбул прокуратурасы сол күні оны қайта қамауға алуға ордер берген. Бұл жолы Осман Кавал 2016 жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасауға қатысты деп айыпталған. Содан бері ол қамауда отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір