• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:36:02
Алматы
+12°
Павлодарлық белсенді, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп жүрген Руза Бейсенбайтегі өзін полиция қалай ұстап алып кеткенін айтып берді. Бұл туралы ол Диас Құзайыр youtube арнасына мәлім етті.
 
Кеше белсенді ұсталып, бірнеше сағат полиция бөлімінде отырған.
 
Ол сыртқа жұмыстарымен шыққан уақытта екі полицей еш ескертпестен, күштеп көлікке отырғызғанын айтады. 
 
– Күштеп машинаға тықты да жәйден жай алып кетті. Ешқандай себепті айтпады. Мен прокурорды шақыруды талап еттім. Кезекші прокурор келген жоқ. Соған қарағанда облыстық прокурор Абдыханов (Қайрат Абдыханов - ред) та мені заңсыз ұстауды құптап отыр. Сосын маған "сіз 134-баппен орыс тіліндегі ақпаратты жұлып алғаныңыз үшін сотталасыз" деген хаттама келді, – дейді ол.
 
Белсенді өзінің үстінен арызданған көші-қон полициясының қызметкерлері "үкімет қағазын жыртып тастады" дегенді айтып отыр дейді. Руза Бейсенбайтегі бұл әрекетке мәжбүрлі түрде барғанын айтады. Өйткені бұған дейін талай мәрте өтініш, ескерту жасап жүріп, өтініш бланктердің қазақ тіліндегі үлгісін ұсынуға қол жеткізе алмаған. Ол Қытайдан, Монғолиядан келген орысша білмейтін қандастар мұндай құжаттарды түсінбей, түрлі қиындыққа тап болады дейді. Белсендіге бұған дейін есімін атамауды өтінген шетелден келген қандас көші-қон полициясы ықтияр хаттан бастап, өзге де құжаттарды жасауға 200 мың теңге сұрағанын жеткізген. Сөзінше, көші-қон полициясы пара алу үшін әдейі қазақша қызмет көрсетпей, тек орысша ғана сөйлейді. Ол азаматтардың Қазақстанда мемлекеттік тілде қызмет алу құқығы тапталып жатқанына, құзырлы органдардың сол құқықтың сақталуына бей-жай қарайтынына ашынады.
 
 
Руза Бейсенбайтегі жуырда әлеуметтік желіге көші-қон полициясы қызметкерлерінің қазақша қызмет көрсетпегені туралы видео жариялаған. Артынша видеодағы адамдар тарапынан өзіне ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын мәлім еткен.
 
Белсенді бұған дейін Қамшы сайтына соңғы уақытта халықтың ұлттық сана-сезімі оянып жатқанын байқағанын, бұрын қазақ тілінде қызмет сұраушыларға қатысты ара-тұра өрескел заң бұзушылықтар болып тұрғанын, қазір ондай әрекетер жоқ екенін айтқан.
 
Алайда соңғы уақытта елде қазақ тіліне байланысты дау жиілеп кетті.
 
Қыркүйекетің басында Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған. 

Ал оған дейін "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.

Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір