• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Қыркүйек, 11:21:57
Алматы
+35°

Қазақстанда мемлекеттік қызметке барғысы келетіндер үшін қазақ тілін білу шегін белгілеу көзделіп отыр. Бұл туралы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚазақстанРеспубликасы Заңының жобасында айтылған.

Құжат Ашық НҚА порталында жарияланды. Заң жобасын талқылау 22 қыркүйекке дейін жалғасады.

 

"Мемлекеттік органдарда қазақ тілінің қолданылуын кеңейту мақсатында мемлекеттік қызметке түсу үшін мемлекеттік тілді білуге шек қою мүмкін деп ойлаймыз. Мемлекеттік қызмет жүйесінің дамуы қоғамдық қатынастардың трансформациялануымен тығыз байланысты. Қоғамда қазақ-орыс билингвизімінің даму қарқыны мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға әсер етпей қоя алмайды. Бүгінгі күні елде қызметтері біздің көпұлтты қоғамымыздың тыныс-тіршілігінің барлық саласын қамтитын 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің қандай да бір тілді қолдану белсенділігі көбінесе қызмет саласына және олар жұмыс істейтін аймаққа байланысты. Біздің ойымызша, бұл тілдерді еркін меңгеру жөніндегі талаптарды енгізу кезінде ескерілуі тиіс. Бұдан басқа, халықтың мемлекеттік аппаратқа қатынасы көп жағдайда билік органдарынан алынатын ақпараттың және мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қол жетімділігіне байланысты болады" боленген заң жобасында.

 

Қазақстанда қазақ тілінің мәселесі қозғалған сайын мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді заң жүзінде міндеттеу мәселесі көтеріліп келеді.

Айталық, Кәрім Мәсімов үкіметті басқарып тұрған тұста көрнекті заңгер Мақсұт Нәрікбаевтың жетекшілігімен Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ мемлекеттік заң университетінің заңгерлері "Мемлекеттік тіл туралы" заң жобасын жасап, үкіметке ұсынған. Ол жерде мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті деген бап болған. Бірақ сол кездегі үкімет жобаны парламентке ұсынбай қойған.

Сондай-ақ мәжіліс депутаты Қазыбек Иса парламентте соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керектігі туралы мәселе көтеріп, үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған. Ол "суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес" деп санайды.

Соңғы уақытта тіл мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Жуырда "Тіл майданы" қозғалысы белсенділерінің қазақша қызмет көрсетуді талап еткен әрекеттеріне байланысты Ресейдің бірқатар баспасөз құралдары "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып отыр" деп ақпарат таратты.

Ұзамай президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін "үңгір патриотизмі" деп атады. Кей саясаттанушылар Абаев мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағанын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді.

Артынша Тіл майданы қозғалысының жетекшісі Қуат Ахметовтың үстінен бас прокуратура қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) бойынша қылмыстық іс қозғап, белсенді бірер күн бұрын Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.

Ал кеше президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауы барысында Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас пен тіл мәселесі туралы айта келіп, "орыс тілі Қазақстандағы ресми тіл" деп мәлімдеді. Бірақ конституция бойынша орыс тілінде ондай статус жоқ.

Заңгер Абзал Құспан президенттің бұл мәлімдемесі Қазақстанда құқықтық нигилизмнің асқынып тұрғанын білдіретінін айтады.

Сондай-ақ Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында қазақ ата-аналар баласын орыс сыныбына, орысша білім беретін мектепке беріп жатқаны туралы әңгімелер әлеуметтік желіде жиілеген. Әңгімені статистикалық деректер де растаған. Соңғы 5 жылда қазақ мектептерінде оқитын бала саны 18 пайызға, орыс мектептерінде оқитын бала саны 20 пайызға артқан.

Бірнеше сарапшы мұның себебін "билік басындағылар қазақ тілін талап етушілерге деген көзқарасын "үңгірдегі ұлтшылдар" деп ашық білдіріп отырған кезде, жұрт қазақ тілінің болашағына сенбейтінімен байланыстырады.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: мемлекеттік тіл

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір