15 Шілде, 2021 Саясат
Фото: Qamshy.kz
Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі, белсенді Жанболат Мамай билік тарапынан өздеріне қарсы ашық шабуыл басталғанын мәлім етті.
Жанболат Мамай белсенділерді қамау, абақтыда азаптау, әкімшілік, қылмыстық іс қозғау секілді әрекеттердің саяси астары бар деген пікірде. Ол билік мұндай әрекеттері арқылы өздерін сындыра алмайтынын, күрес жолын тоқтатпайтындарын хабарлады.
Белсенді кеше 6 тәулікке қамалған екі жақтасының бірі Абзал Достияровты Алматы полиция департаментінде азаптағанын айтты. Достияров адвокатына полиция қызметкерлері өзін ұрып-соққанын, камера алдында Жанболат Мамайға қарсы куәлік етуге мәжбүрлемек болғанын, ол үзілді-кесілді қарсылық танытқанын жеткізген. Белсенді полицейлер әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялаған. Достияровтың жақтастары оның денсаулығы мен өмірі үшін алаңдайтынын, оған медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз етіп, дін-аман екеніне көз жеткізу үшін ертең 16 шілде сағат 14:00-де Алматы полиция департаментіне жиналатынын мәлім етті.
Сондай-ақ бүгін Шымкент қалалық Мәдениет үйінің басшысы, әнші, Музарт тобының мүшесі Сәкен Майғазиевтің "Демпартия" белсендісі Аружан Дүйсебаеваның үстінен қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабына сай түсірген арызы бойынша сот отырысы өтті. 25 наурызда "Демократиялы Қазақстан" youtube арнасында Аружан Дүйсебаеваның Шымкент әкімдігі Наурыз мейрамын атап өтуге жарты миллиардқа жуық қаржы бөлгені туралы видеосы шыққан. Белсенді видеода Наурыз мерекесін атап өтуге бөлінген 595 млн теңге қаржының орынды жұмсалғанына күмән келтіріп, қаражатты жарату бойынша келісім-шарттарға қол қойған Сәкен Майғазиевті "құрметсіз", "жемқор" деп атайды. Видео соңында Майғазиевтен 595 млн теңгенің жұмсалуы бойынша есеп беруді сұрайды. Сәкен Майғазиев қаржының жұмсалуы бойынша есеп бермеді. Арада бірнеше ай өткенде "ар-ожданымды қорлады" деп белсендіні сотқа берді. Белсенділер Майғазиевтің 4 айға жуық уақыттан кейін сотқа шағымдануының артында билік тапсырмасы тұр деген пікірде.
Аружан Дүйсебаева бүгінгі сот отырысы татуласу, келісімге келу бойынша өткенін, Сәкен Майғазиев өзінен әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, видеоны өшіруге шақырғанын, арызданушы тараппен татуласпайтынын, соңына дейін баратынынын мәлім етті. Айтуынша, Майғазиевтың қорғаушылары судьядан процеске журналистерді қатыстырмауды сұраған. Сондай-ақ ол судья "шешімнің қандай болатынын іштей біліп тұрмын, оны кейін айтамын" деп айтқанын жеткізген.
Бұған дейін "Демпартия" белсенділерінің 6 шілде күнгі Алматыда өткен митингінде Ырысбек Тоқтасын, Дәурен Достияров, Уәлихан Сұлтанов есімді үш белсендісі ұсталған болатын. Бүгінде Уәлихан Сұлтанов бостандықта болса, қалған екі белсенді уақытша ұстау изоляторында отыр.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір