• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 06:01:24
Алматы
+12°

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса бүгін мәжілістің жалпы отырысында мәдениет саласындағы шығармашылық орталықтардың жұмысын жүйелендіру мәселесін көтеріп, вице-премьер Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Ол рухани жаңғырудың негізі ұлттық мүддені қорғайтын ұлттық болмысты қалыптастыратын ең алдымен ұлт руханияты мен мәдениеті – ұлттың зиялы қауымы біріккен шығармашылық одақтар екенін атап өтіп,  мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатқанын айтты.

– Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор! Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол "Мәдениеттің шығындары қайда?" деп сұрайды. "Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?" депті министр. Сонда Черчилль: "Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?" деген екен. Иә, "Егер тілің мен мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!" деп, Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны – тілі мен мәдениеті, – дейді депутат.

Оның айтуынша, былтыр президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған. Алайда қор жұмысы жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар қаржы жоқ десе, Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге игерілмей қалды деп отыр.  Министрлік мұның себебі  шығармашылық одақтардың құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеуімен түсіндіреді. Депутат бұл жағдай мәселе заңдық тұрғыда реттелмегендіктен туындап отыр деп санайды.

– Мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр. Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей. Мұндай, 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Сондықтан, ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз. Биыл тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз, –  деді Қазыбек Иса.

Депутат ресми сауалында төмендегідей ұсыныстар айтады:

1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек.

2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет.

3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір