• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 22:29:38
Алматы
+35°

Ұлы Абайдың әкесі Құнанбаймен замандас болған Орта жүзге қадірлі болған Тана мырзаның інісі Есенгелдінің ұлы Қоқаш қажы көзі ашық, көкірегі ояу, әділетті жақтаушы адам болған. Сонымен қатар ол әрі ақын, әрі халықтың арғы-бергі тарихын көп білетін шежіреші, ел қамын көксеген парасатты адам деседі. Оған дәлел орыс патшасының 1916 жылғы қазақтан 19-31 жастың арасындағы азаматтарды әскерге қара жұмысқа алу жөніндегі Жарлығына қарсы шығып, қалың бұқарамен бірге болғандығы.

Соған байланысты патша әкімшілігінің тегеуіріне шыдамай Мүрсәлім бастаған көтерілістен кейін ата-мекенінен, кіндігін кесіп, кірін жуған туған жерден ауа көшкен елмен бірге ұзақ жол, азапты сапарда талай қиындықтарды да бастан кешірген. Сондағы ел басынан кешкен ауыр күндерді Қоқаш қажы өлеңмен артына қалдыра кетіпті.

Қарғыба, Базар еді туған жерім,

Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.

Адамзат басы жұмыр не көрмейді,

Жазған соң маңдайына құдірет-кәрім.

 

Қарғыба, Базар еді көшкен жерім,

Бұралып талшыбықтай өскен жерім,

Қайтейін амал бар ма қалды бәрі,

Өлгенше айырылмаймыз дескендерім.

 

Қарғыба, Базар қалды бізден аңырап,

Біз көштік Қарғыбадан қойдай маңырап,

Алады ел жақсысын, жер жақсысын,

Жақсы деп ата-бабам алған таңдап.

 

Аман бол, Базар, Боғас, Қилы, Бөкен.

Атамыз таңдап жүрген қонған екен

Қара орын, қарындастың бәрін тастап,

Орыстан не қылғалы қаштық екен.

 

Аман бол, қара Байыс қалың қауым.

Немене патша емей қашқан жауым.

Сүйікті ағайынның бәрі қалды

Көрмесе сағынатын бие сауым.


Аман бол, қалды кейін, қалың Назар

Деуші еді атам Базар мен кімге зар?

Манаста мал жұтатып жаяу жүріп,

Қалмады азаматта бетте ажар.

 

Аман бол, Қарабұлақ, Ақсуатым,

Айнала тола қонған Жанболатым.

Манаста малдың бәрін қырып алып,

Жүдеді-ау жаяу-жалпы азамаТтым.

 

Аман бол, қалдың кейін қалың жұртым,

Сөйлеспей қуанар едім көрсем сыртын.

Әр уақыт бізді ойына алады ма екен,

Отаршы бір жыл бұрын туған Тұрсын қартым.

 

Аман бол, қалың Жанай қалдың кейін,

Тәңірім сақтамаса мен не дейін.

Кейінгі көшпей қалған қарындасты,

Айналып кім бар, кім жоқ көрген шейін?

 

Аман бол, Ертіс пен құм Жайсан көлім,

Аққазы жаста болса асқар белім.

Орыс әкім қаттылық қылған күнде,

Тілеген тілегімді қайран елім.

 

Аққазы елге тұлға жас та болса,

Дұшпанды дос көреді қас та болса.

Жанның бәрі Аққазы болар еді

Бармақтай маңдайына бақыт қонса.

Аққазы үш Жанайдың тиянағы,

Кетпесін маңдайына біткен бағы.

Дәуітбай үш мәрте Меккеге барған,

Не білмес надандарды жолға салған?

Жазу жазса баспалап артық еді,

Содан да қалды-ау кейін шіркін жалған.

Сағынып, сарғаямын еске түссе

Көрсет деп тіленемін бір Құдайдан.

 

Қыл арқан шірімейді ер мойнында,

Белгібай Жанбай бидің ескі орнында.

Аққан сайын су ағар деген сөз бар

Айырылмай атасының жүр жолында

Сағынып, сарғаямын бес Торғайды,

Көрісіп мәз болатын күн бола ма,

Бір жыл туған Кешубай, Баянбайды

Түсіппен дәмдес болдым Көктырнақта,

Қайғы жоқ бірге ойнап жүрген шақта.

Деуші едік тірі күнде айырылмалық,

Тірідей-ақ айырылдық осы шақта.

Көрмеген елі, жүрмеген жерді көрдік,

Құдая пақырыңды өзің сақта.

Түсіппен Көктырнақта болдым жолдас,

Қас қылған жолдасына жігіт оңбас,

Күн бітпей, дәм таусылмай жүрмін тірі,

Жолдастың бәрі кетті, құрбы-құрдас

 

Бір күнде ел жоқ еді бізден өткен

Түбіне қайран елдің қуғын жеткен

Бір барып намаз оқыр заман бар ма,

Мырзаның мешітіне салып кеткен.

Манабай замандасым жасы кіші,

Меккеге екі барған жақсы кісі

Әпсейіт, Мұхамәди дос-ақ еді

Өсекке ермеуші еді, піші-піші.

Қасымхан, Оразғалы және қазы,

Сәлемін үзбеуші еді қысы-жазы.

Хайыр-хош жақсы-жаман болса-дағы,

Алланың бұйрығына біз разы.

 

Құт болған Байболға бай Тонаша,

Қарғыба, Базар бізден қалды оңаша.

Баламызды қызметке алады деп

Манас келдік, орыстан қаша-қаша.

Манасқа қашып, босып келіп едік,

Әркімнен зорлық көрдік халден аса.

Қарасу, құр Қарғыба, қалды Көкен,

Қанқожа, Есенаман қылған мекен.

Серікбай, Құсайын мен Ыдырыс, Жақып.

Әулеті Қосекемнің аман ба екен?

Байсеке бірге туған жақынымыз,

Жылқы өлді, құтсыз болып тақымымыз

Манасқа байимыз деп көшіп едік

Бүйтерге жетпеді ғой ақылымыз.

 

Торайғыр, Жанторы мен Шора балуан.

Манаста бейнет көрдік алуан-алуан.

Сағынып Торайғыр бай көріп еді

Жүр ме екен Шайқысіләм аман-есен.

Ұябай Жүніс мола имамымыз

Шашылып жұртта қалды жиғанымыз.

Қарындастан топырақ бұйырмай,

Мұнда өлсек жолдас болсын иманымыз.

Есмұхамбет, Ержігіт, Арап қажы,

Соларды келіспеді қиғанымыз.

Кенжалы, Кенемолла татуымыз,

Татуды жарамады сатуымыз.

Кейінгі ағайынға білінді ме?

Манастан жүдеп-жадам жатуымыз.

 

Сүлеймен, Әшімханмен қадірлесім,

Сағынып ағайынды қалмайды есім.

Байлардан жиырма мен он бес қалды,

Тауысты жұпаналар он-он бесін.

Құрдасым алты қалмақ Оқыш қажым,

Бетіме жүдеген соң кірді әжім.

Дуан, Мұса ақсақал ағаларды

Көрмеске Құдай жазса бар ма лажым.

 

Момынбай, Мүсәпірге салған егін,

Тірі ат болады, өлсе кебін.

Үйіне келген кісі қатар тойып,

Дәулеті Уәлінің судай тегін.

Сәләмат набақтыдан шықты ма екен,

Секілді жолбарыстай Дәуітбегім.

Атам Торғай, Қаракөк арғы тегім,

Қытай талай ақшаны алды тегін.

Орыстан қашамыз деп мұны көрдік,

Патшадан қайтар ма екен осы кегім.

Содан соң көшке қаштық елге тастап,

Кір жуып, кіндік кескен жерді тастап.

Кейінгі ел не болса, сол болмас па ек,

Шығынға біз шығыппыз Құдай бастап.


Содан соң елді тастап көше қаштық,

Жеті күн ұдайы көшіп, таудан астық.

Таудан асып бауырға түскен шақта,

Қалмақ пен төртуылға араластық.

Төртуыл қалмақтармен бірдей болды,

Біздерге екеуі де қылды қастық.

Қыстап шыққан жеріміз Дағай-Шөгей.

Уақтың кісісінің бәрі өгей.

Мақтанса аузынан от шығады,

Енді оларды не дейміз өгей демей.

Бір теңгелік киімі жоқ үстерінде,

Малын бағып жүреді ішпей-жемей.

Төсегінде болмайды көрпе-жастық,

Киіміне қарасаң әбден кедей.

Малы бар ниеті жоқ бір жаһил ел.

Күн көрер еш адамға тамақ бермей

Манастың тораңғысы киімге жау

Жалғыз-ақ киім жыртпай мен жүрмін сау

Жесе де шөбі құрғыр тамақ болмай

Қырылып, сиыр-жылқы жүрміз жаяу.

 

Әбден малдан айырылып қалғаннан соң

Болып жүр қайғыменен көңіл қаяу.

Құтылып қайғыменен қасіреттен,

Жақсылық келер ме екен ізге таяу.

Уақтың Әкебайдай жамандары

Жерімді жеп қойдық деп қылады дау

Ұрысса да сөзіне жауап бермей,

Елемеген кісімсіп күлеміз-ау

Шыдамайын десең де амал бар ма

Кісінің бәрі жуан, бәрі асау.

 

Құдай бізді қойды ғой кезбе қылып

Қара орын қарындастан безбе қылып

Амал-самал қылдық та қыстап шықтық,

«Ешкіні апа, текені жезде қылып».

Манаста жиырма күн қызыл соқты,

Дөй түбек, қалың қамыс соры жоқты.

Соғып тұрған қызылға шыдай алмай,

Қойдан да шығын болды саулық, тоқты.

Кемшілік, кедейшілік келді басқа,

Кем болдық киер киім, ішер асқа,

Көше қалсақ жылқы жоқ мінетұғын.

Артуға көлік керек одан басқа.

Мұның бәрін отырсам міндет қылып,

Жексұрын көрінемін қарындасқа,

Ауырлық көтеретін жас күн емес,

Қиын болып кез келді сексен жасқа.

 

Жарлылығын жасырған бай болмайды,

Кедейдің өзі болдық қарақасқа.

Құдайым құдіретіменен жеткізбесе,

Көздегі рахым қылып аққан жасқа.

Сексеуіл, торанғы мен жыңғыл, жиде

Қу қамыс қусақ деген біткен бірге

Теріскен, кекіре, мия бәрі де бар

Малға тамақ болмайды шіркін дүние

Жеген шөбі ас болмайды малымызға

Құдай бізді түсірді мұндай күйге

Ел едік ел секілді баяғыда

Әр елдің енді түстік аяғына.

 

Қарасам бір жігіт жоқ елімізде,

Тартпаған тері шарқай аяғына

Манастың аязынан кетті маза

Өзіміз тірі жүрміз жетпей қаза

Құдайдың бұл да болса бұйырғаны,

Жылқыдан, сиырменен болдық таза

Көп келді басқа бейнет, малға ажал

Бұл дертті өлімінен қашан жазар,

Өлімнен қалған малды жаяу бағып,

Қалмады боз далада біттей ажар

Бозбала мал көздейді жаяу жүріп

Беліне екі етегін мықтап түріп.


Қалмақтың қазақпенен мазағынан,

Құтылып ел боламыз ба ойнап-күліп.

Қой деген малымыз да аман емес.

Құтылсақ мұныменен жаман емес.

Қысының екі айы бар алдымызда

Құтылдық қой дей-тұғын заман емес.

Бір күнде жүйрік едім жүлде алған,

Атағым алыс, жуық жерге барған.

 

Бақыт қайтып кәрілік жеткен күнде,

Биыл артын көрсетті дүние жалған.

Сағынып өлең қылдым қалған елді

Көрмей-ақ кетеміз бе туған жеоді.

Құдіреттің ісіне көнбек керек,

Ауыр-жеңіл болса да Құдай қылды.

Ауыр-жеңіл болса да Құдай салды,

Манаста қырып алдық талай малды.

Кейінгі ағайынды сағынған соң,

Қажекең біраз өлең жаза салды.


Бұл - 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 75 жылдығына орай жарияланған Қоқаш қажының сол оқиғаға байланысты «Қарғыба, Базар еді туған жерім» деп басталатын өлеңі. Есенгелдіұлы Қоқаш қажының аталған өлеңін оның немерелес туысы, Ақусат ауылында тұрған марқұм Хисамеддин Манабайұлының қолжазба архивінен алынған.

Ж. Тайшөгелов, КСРО Журналистер одағының мүшесі.

«Ақсуат арайы» газеті, 24 шілде 1991 жыл.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: қазақ көші Ақсуат

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір