• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:13:03
+12°

Кейінгі кезде Қазақстанның ішкі саясатына қол сұғатындардың қарасы көбейе бастағаны жасырын емес. Жақында ғана «Лента.ру» сайтында мақала жарық көрді. Мақаланың авторы өзін дербес сарапшы санайтын, саясаттанушы, Еуразиялық талдау клубының басшысы, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің сарапшысы делінетін Никита Мендкович. Жалпы қазір әлеуметтік желіде жазылған жазбаның нөпірі ұшан теңіз.

Бүгін бар, ертең жоқ, ешкімнің есінде қалмайтып, тіпті санаға саңылау да салмайтын дүниенің қарасы да көп. «Ит үрді, керуен көшті» дейтін бабалардың  жолымен елең етпеуге де болар еді. Әйтсе де өзіне осынша салмақты міндеттер жүктеп  бір елдің атынан халықаралық істерге сарапшы саналып отырған адамның жазбасының жалғаны мен жаласына үндемеуге де үлкен шыдам керек. Автор жазбасына «Қазақстанда орыс тілі мен кириллицаға кезекті шабуыл жасалуда» деп айдар тағып, бірқатар дүниені айтқан болады. «Билік бірнеше жылдан кейін барлық оқушылар кириллицадан латын әліпбиіне көшірілетін қазақ тілінде ғана оқитынын мәлімдеді», – дейді. Ахуал дәл автор айтқанындай болса, алдымен Қазақстан қуанар еді. Шындығында латын қарпіне көшу деген шараның айтылып дабыра болып жүргеніне талай жылдың қарасы көрінсе де, әлі күнге бекітілген латын әліпби жоқ. Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» бағдарламасын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латынға өту кезең-кезеңмен жүреді деген болатын. Қ.Тоқаев та елбасының осы саясатын ұстанатынын мәлімдеген еді. Әйтсе де бүгінгі күні әліпбидің бекітілмей отырғаны өз алдына, әлі анық шешімі табылмай отырған мәселе көп.

Соның бірі – латын әліпбиінің тек қазақ тілді мектеп, мекемелерге ғана тиесілі болатыны, кирил жазбасымен қатар қолданылатыны. Меніңше латын әліпбиіне бүгін-ертең өте қоймайтынымыз әрі орыс тілді қазақстандықтар кириллицадан ажырамайтыны мақала авторына да былайғы көпшілікке де белгілі. Солай бола тұра алдын ала атой салып, «жалақордың жан дауысы шығадының» керін келтіру арнайы тапсырмалармен жүргізіліп жатқан іс-шаралар екенін айғақтай түседі.

Мақала авторы Орта азиядағы өзбек, тәжік, қырғыз мемлекеттеріндегі орыс тілі саясатымен салыстыруы тіпті күлкілі. Өз шеңгелінен шығып кеткен елдерді қатар жарыстырып, бәйге таластырғандай кейіп кигізеді. Қазақстанда 17,6%  таза орыс мектептері, 29,2 % аралас мектептер бары мәлім, аралас мектептердің көбі шындығында таза орыс мектептері деуге келеді. Сонда Республикамыздың жартысына жуық мектептер әлі қаймағы бұзылмаған күйі орыс тілін, яғни «Тіл – әрбір ұлттың жаны, сезімінің, ойының жанды көрінісі, халық тарихы, мәдениеттің даму жолы» десек, мүддесін де насихаттап келеді. Бұған жоғары оқу орындарын, өзге де мекемелерді қоссақ, автор келтіріп отырған пайыздық көрсеткіштердің қайдан шығып жатқанын болжау қиын емес.

Бір ғана мысал: Алматы қаласының №90 мектебінде бастауышқа 4-5 таза орыс сыныбын қабылдаса, 1 ғана «ә» сыныбы қазақ болып ашылады да, орта буын 5-сыныпқа барғанда тек орыс сыныптары болып жалғасады екен. Атауы аралас мектеп болып, мазмұны толығымен орыстілді осындай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Қалай дегенде де мемлекеттік тілде оқимын деген оқушыларға өз елінде дискриминация жасалып жатқандығы жасырын емес. Еліміздің білім беру ұйымдарындағы бұндай  мәселені мемлекеттік мүдде тұрғысында шешу кезегі келгелі қашан?! Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің: «Біз үшін бұл бірінші кезектегі міндеттердің бірі — мемлекеттік тілде оқытудың үстем болуына жағдай жасау... Бұл жерде ешқандай пікірталас болмауы тиіс, өйткені бұл мемлекеттік тіл және еліміздің азаматтары мемлекеттік тілде білім алуы тиіс екені анық» деген мәлімдемесі де тәуелсіз елдің  білім беру саласындағы ұзақ күткен шешілуі керек мәселесінен туып отыр. Ресейдің «құлағына» жақпайтын сөз болғаны үшін министрдің жеке басына жала жабу ауыл-үйдің өсекші әйелдері болмаса, ешбір саналы саясаткер бармайтын тәсіл.  Тіпті өзге елдің мүддесіне қол сұғу ретінде қабылдауға болады. Егер Қазақстан тарапынан «Ресейдің шығыс, оңтүстік-шығыс бөліктері тұтасымен қазақ қалалары мен ауылдары, жергілікті ұлттың көбі – қазақтар. Сондықтан қазақ мектептерін неге ашпай жатырсыңдар» десе қалай қабылдар еді?! Бұл да сол сияқты, ретсіз әрі сауатсыз талап деуге толық негіз бар.

Бүгінде Қазақстанда қазақ ұлтының саны 80%-дан асады. Қазақстанның Конституциясында жазылғандай «байырғы қазақ жерiнде  мемлекеттiлiк құрған» ел өзінің «еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық  қоғам» жолында «қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілікті» сезінуі де мемлекеттік ішкі және сырты саясатын үйлесімді жүргізумен түсіндірілсе керек. Қазақстан Конституциясының 7 бабының бірінші тармағында анық жазылған: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі». Дәл осы баптың 3-тармағында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» делінген. Шындығында  Қазақстан халқының басым бөлігі қазақ халқы екеніне қарамастан (Қазақстан көп ұлтты мемлекет еместігін, кезінде саяси ықпалдың басымдығынан  қалған түсінік екенін де түсінетін уақыт жетті) диаспораларға да ерекше көңіл бөліп тілін дамыту жұмыстарын үзбей жүргізіп келе жатқандығы айқын. Ал мемлекеттік тілді білу және үйрену қазақстандықтардың бәріне де бұлжымай орындалатын талап болуы заңды. Сондықтан А.Аймағамбетов  мемлекеттік тіл мәселесін жеке ұлттың емес, мемлекеттік мүдде тұрғысында қолдауы, қорғауы ешбір талас туғызбаса керек. Мақала авторының «На самом деле мотивы министра Аймагамбетова выступать за казахизацию школ достаточно ясны и имеют мало общего с заботой о национальном языке и культуре» деген мәлімдемесі мемлекет ісін араласумен шектелмей жеке тұлғаға заңсыз соқтығу деп қабылданады.

Мақала авторының келтірген статистикалық мәліметтерінде де қайшылық көп. Автор неліктен өзге емес  немістің («Фонда Эберта») ақпарат көзіне сүйенеді? Әлде өзге статистикалық мәліметтер тағы да «құлағына жақпады» ма екен?! Негізі Қазақстан халқының қай тілді көбірек қолданатынын адаспай айқындау үшін бірнеше салалы жұмыс жүргізілуі керек. Әдетте көпшілік мекемелердегі (банк операциялары т.т.) іс-әрекетімен тілдің тұтыну үлес салмағын анықтау біржақтылыққа соқтырады. Сонымен қатар қазір Қазақстанда ағылшын тілі де қолданысқа көше бастады. Автордың «При этом Единый национальный тест (аналог ЕГЭ) сдает на казахском языке лишь 51 процент выпускников. В прошлом году президент Касым-Жомарт Токаев был вынужден предложить официально перевести преподавание естественных наук в казахстанских вузах на русский язык, который является основным для большинства профессий» деуі де шындыққа жанаспайды. Біріншіден, ҰБТ тапсырушылардың басым бөлігі қазақ мектебін бітірушілер екендігі жылдағы конкурстан-ақ белгілі болып жүр. Орыс мектебін бітірушілердің көбі ҰБТ-ға қатыспай, колледждерге түсіп, кейін Ресей оқу орындарына бет алатыны жасырын емес. Ал жаратылыстану пәндері  ішінара біраз оқу орындарында ағылшын тілінде жүргізілуде. Біздің пайымымызша, жаратылыстану пәндері мектепте болсын, ЖОО болсын мемлекеттік тілде жүзгізілгені дұрыс, ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңіте түседі, техника тілі, технология тіліне айналудың да жарқын жолы. Сонымен қатар автордың қазақ тіліндегі оқулықтар, басылымдар, контент туралы пікірінде де біржақтылық басым. Кеңестік кезеңде орыстандыру саясатының басымдығы жекелеген тілдердің дамуына шектеу жасағаны, соның салдарынан қазақ басылымдарының еркін дами алмағаны көпшілікке аян. «Казахский язык довольствуется вторыми ролями и в публичном пространстве Казахстана. По статистике национальных библиотек, на государственном языке представлено лишь 35 процентов хранимых книг, 42 процента газет, 20 процентов журналов, а остальное — преимущественно на русском» деуі осының айғағы. Егемендік алғаннан бергі ширек ғасырдан асқан уақыт, әрине  көп салалы істерді жандандыруға жетімсіз екені де анық. Автор  кеңес өкіметінің  алғашқы отыз жылдығын елестетіп, сол тұстағы орыс басылымдарының санының қанша болғанын ойласа, бұл уәжінің де орынсыздығын түсінер еді.

Автордың қазақ тілінің әдеби және ғылыми мәтіндерді жазуда шектелуі туралы пікір де миф. Соңғы жылы жазылған және қорғалған ғылыми еңбектердің статистикасын алғанның өзінде бұл автордың қаншалықты шындықтан алыс кеткендігін көрсетер еді. Кейінгі кезде мемлекеттік мекемелерден құжаттардың көбінің орыс тілінен аударма мәтіндер болып келуі қазақ тілінің ішкі заңдылықтарын, грамматикалық ережелерін бұзуға ықпал етіп жүргені жасырын емес. Қазір қазақ тілін бұзып сөйлейтіндердің көбі орыстілділер, қазақ тілінен шала сауаттылар. Меніңше,  бұл олқылықтар мемлекеттік тіл саясатын күшейте түсу керектігін, барлық іс-шаралардың, құжаттардың мемлекеттік тілде жазылуын талап ету керектігін көрсетеді.

Никита Мендкович бізге беймәлім бір саясаттың ойынын ойнайтындай. Әсіресе «Партия «Нур Отан» потеряла 1 миллион избирателей, набрав 5,1 миллиона голосов против 6,1 миллиона пятью годами ранее, что стало одним из худших результатов за всю историю постсоветского Казахстана» дей отырып, егер орыс тілі саясатын көтермесең, биліктен айрыласын деп Қазақстандағы билікке, «Нұр-Отанға» сес көрсетеді. «Стратегия президента Токаева во многом основана на лавировании между националистами и основной массой населения Казахстана», дегені де сарапшылық «сәйуегейлік» болар.  Жалпы мақала авторы  қалай болғанда да орыс тіліннің ғана мәселесін көтеріп отырмағаны анық. Мемлекеттік ішкі-сыртқы мәселелерді қозғай отырып Қазақстанның мемлекеттік құқығына қол сұғып отыр. Бұдан шығатын қорытынды да біреу – «ел боламын десең етегіңді жина» демекші мемлекеттік саясаттағы олқылықтарды жою: мемлекеттік тіл – қазақ тілінің позициясын күшейту, отыз жылғы уақытта кеткен олқылықтардың орнын толтырарлық нақты қадамдар жасау.

Береке Жұмақаева 

СДУ профессоры

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір