• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:34:04
Алматы
+35°

"Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, нем­құрайдылық танытатын бол­сақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіп­сіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын". Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздері. Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Ана тілі газетіне берген сұхбатында мәлім еткен. Президент айтқандай мемлекеттік тілге бей-жай қарап, сол арқылы ұлттық қауіп­сіздікке қатер төндіру қаупі жоғары шенділер тәуелсіздіктің 30 жылдығында да азаймай тұр. Солардың бірсыпасы төменде ұсынылған.

Серік Сүлейменов пен Нұрлан Тілешев. Бұл екі шенді де бүгінгі таңда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың орынбасары.

  Сүлейменов Серік Жүсіпұлы Тілешев Нұрлан Шаймерденұлы

       Серік Сүлейменов                                                   Нұрлан Тілешев

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы әрі республикалық "Тіл сақшысы" газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсаттың айтуынша, екі азамат та мемлекеттік тілді білмейді. Журналист халқының 98 пайызын қазақтар құрайтын облыста қазақшаға шорқақ, қазақша сауалға орысша жауап беретін адамдардың қалай басшылық қызметте отырғанына таң. Әрі азаматтармен дұрыс қарым-қатынас құру үшін қазақша үйренуін өтінгенін елемегендіктен, облыс әкімі мен президент әкімшілігінен шенеуніктерге шара қолдануды сұрайды.

Жуырда тағы бір жоғары лауазымды орынбасар қазақшаға шорқақтығымен желіні шулатты. Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев мәжілісте депутаттардың қазақша қойған сұрағына жауап бере алмады. Кібіртіктеп, екі сөздің басын құрай алмай айтқан жауабынан бірнәрсені ұғу қиын.

Қазақша сөйлеу былай тұрғанда, дұрыс оқи алмайтын шенеуніктер әсіресе парламент мәжілісінің биыл жасақталған құрамының қатарында көптеп жүр. Олар мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін жұмысты бастамай жатып, ант беру рәсімінде-ақ мәлім етіп қойған.

3-4 сөйлемнен тұратын ант мәтінін дұрыс айта, оқи алмаған депутаттарды әжуа араластырып сынаған белгілі ақын Жандарбек Бұлғақовтың видеосына көпшілік шарасыздықтан күлген болатын.

 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 

Публикация от Жандарбек Бұлғақов (@olensoz_kz)

Таяуда шығысқазақстандық ақын Серік Құсанбаев facebook-те Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған  Ермек Омарбеков қазақ тілінде сұхбат бере алмағанын айтып, мемлекеттік қызметке тағайындалатын кез келген адам мемлекеттік тілді білуге тиістігі туралы заң қабылдау қажеттігін жеткізген.

Ермек Омарбеков

              Ермек Омарбеков

"Бір топ тележурналистің орыс тілінде қойған сауалдарына орысша жауап беріп тұрған басқарма басшысына қазақ журналистерінің бірі:

– Ермек Сембайұлы! Осы айтқандарыңызды қазақ тілінде қысқаша айтып бермейсіз бе? – деп өтініш жасап еді, әлгі "қазақ азаматымыз" бойын ток соғып өткендей селк ете қалды.

Сөйтті де: – Жо – жо – жоқ, айтып бере алмаймын! – деп ат тонын ала қашты да, бұрылып ап жөніне кетті. Қазақ тілді журналист қаншама әріптестерінің алдында жер болып қала берді... Міне, біздің "Азаматым!" деп ішіміз жылып, көңілімізге жақын тартқан қандасымыздың ана сүтімен дарыған ана тіліне, қала берді білдей бір мемлекеттің мемлекеттік тіліне деген "құрметі" деп ашынған болатын ақын.

              Әсет Ерғалиев

2021 жылғы ақпанда үкіметтегі ең жас министр, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев депутат Берік Дүйсенбинов мемлекеттік тілде қойған сұрағына мемлекеттік тілде жауап бере алмаған болатын.

Келтірілген деректер тек жыл басынан бері баспасөз беттерінде жарияланып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түскендері ғана.

Ал жалпы шенділердің мемлекеттік тілде мүдіретін жағдайлары жиі кездеседі.

Былтыр мәжілістің 6-шақырылымының депутаты, өзге ұлт өкілі Наринэ Микаелян Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбекке цифрландыруды белсенді жылжыту жағдайында әкімшілік әділетті енгізуге қатысты мемлекеттік тілде қойған сұрағына вице-министр мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде жауап берген.

Қазақшасы шорқақ шенеуніктер әсіресе қарсы-экономика салаларында жиі ұшырасатыны байқалады, Бүгінде қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігіне төрағалық ететін Мадина Әбілқасымова, экс-экономика министрлері Руслан Дәленов, Тимур Сүлейменов, ұлттық банктің қазіргі және бұрынғы төрағасы Ерболат Досев пен Данияр Ақышев тілшілерге қазақша жауап бере алмай талай қиналған.

2017 жылы "бір жыл ішінде қазақша үйренем" деген әділет министрі Марат Бекетаев әліге дейін қазақша сөйлегенде тілі күрмеледі.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да брифингтерді қазақша бастағаны болмаса, мемлекеттік тілді білмейді.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қазақшаға мүлде жоқ.

Ал экс-депутат Гүлжан Қарақұсованың қазақша сөйлеуге тырысқан әр әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, әзілге-қалжыңға ұласып жатады.

Мемлекеттік тілді мүлде білмейтін шенеуніктер депутаттық корпуста, министрліктерде, әкімшіліктерде көп.

Қоғамдық сын мен журналистердің түртпегі болмаса, оларды мемлекеттік тілге міндеттейтінтін заңдық норма жоқ.

Жуырда мәжіліс депутаты Қазыбек Иса парламентте соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керектігі туралы мәселе көтеріп, үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған. Ол "суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей оны үйрену де сондай мүмкін емес" деп санайды.

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір