Газа Секторындағы Палестина-Израиль қақтығысы басталған бір аптада 200-ге жуық адам қаза тапқан, олардың 58-і бала, деп жазады аljazeera.com сайты.
Екінші аптаға жалғасып жатқан Газа Секторындағы қақтығыстың алғашқы аптасында Секторда 192 адам, оның ішінде 58 бала, 34 әйел қаза тапқан.
ХАМАС тобының Израильдің Амкелон, Беэр-Шева қалаларын атқылауының салдарынан 10 адам, оның ішінде 2 бала қаза тапқаны хабарланған.
Жексенбіде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жиналып, Сектордағы жағдайға байланысты бір мәмлеге келе алмады. Қытай кеңестің бірауыздан мәлімдеме жасауына АҚШ кедергі келтірді деп отыр.
Аljazeera дерегінше, қақтығыс басталғалы 366 бала жарақат алған.
Сектордағы қақтығысқа бірнеше араб отбасын Шығыс Иерусалимнен басқа шаққа көшіру туралы сот шешімі себеп болған. Сот шешімі кейінге қалдырылғанымен қақтығыс тоқтамады.
Иерусалим 1967 жылғы Алты күндік соғыстан кейін Израиль бақылауында. Алайда халықаралық қауымдастық қаланың тұтас Израильге тиесілі екенін мойындамаған. Қала бірнеше бөлікке бөлінген. Қаланың Шығыс бөлігінде арабтар тұрады. Израиль билігі Шығыс Иерусалимде тұратындарға ел азаматы атану құқығын берген. Бірақ ол жердегілердің басым көпшілігі резидент ретінде тұрып келеді.
Газа Секторы заң жүзінде тәуелсіздігі ішінара мойындалған Палестина мемлекетінің бір бөлігі болып саналады. Шығысы мен солтүстігі Израильмен шектесіп жатыр. Ел кей мемлекеттер лаңкестік топ деп таныған ХАМАС тобының бақылауында.
Палестина заң жүзінде тәуелсіз мемлекет. Бірақ оның тәуелсіздігін БҰҰ мемлекеттерінің барлығы бірдей мойындамаған. Қазақстан Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған. Елде шын мәнінде егемендік нақты құрылмаған. Мемлекеттік құрылымдар ішінара ғана жасақталған. Мемлекеттің президенті, үкіметі мен парламенті болғанымен, әскері, ұлттық валютасы, халықаралық әуежайы жоқ.
Пікір қалдыру
пікір